©
Жеті жылдық үзілістен кейін биыл Жаңаөзен аспанында ән қалықтап, жыр шалқыды. Құлаққа ұрған танадай өлі тыныштық тұрғындардың жігерін жасытып, рухын әлсіретпегенімен көңілін құлазытып, еңсесін езгені ақиқат. Салқындық - әділдік пен қиянаттың, өкініш пен өктемдіктің, шарасыздық пен жауапсыздықтың бетпе-бет келіп, үзеңгі қақтығыстырғанынан пайда болған келеңсіздіктің көрінісі еді. Алашарбы болса да Жаңаөзен аспанындағы сол бұлтты биылғы Наурыз мейрамы, яғни Ұлыстың Ұлы күні сәл де болса сейілткендей болды. Ал қаланың кешегі 50 жылдық мерекесі аспан әлемін шайдай ашты десек қателеспеген болармыз. Себебі шаһардың жарты ғасырлық тойы жазба ақындардың «Жырлаймын сені – Жаңаөзен!» атты республикалық мүшәйрасымен басталып, «Жыр арқауы – Жаңаөзен!» атты республикалық ақындар айтысымен жалғасып, республика өнер майталмандарының қатысуымен өткен «Нұрлы да жырлы – Жаңаөзен!» атты гала концертпен қорытындыланды. Арасында Жаңаөзен қаласының өз тумалары мен өз көркемөнерпаздарының «Сүйікті қалам – Жаңаөзен!» атты үлкен концерттік бағдарламасы көрермендерге тарту етілді. Енді осыны бірме-бір, рет-ретімен оқырмандарға баяндап берелік.
Осының бәрі қала тұрғындарының көптен бері тосаң тартқан құлақтарын ашып, құрыштарын қандырып, көңілдерін көтеріп, жігерлерін жанып, шабыттарын шалқытып, жаңа жетістіктерге жетелей түскендей. Әсіресе, «Мұнайшы» мәдениет сарайындағы алты сағатқа созылған ақындар айтысын көркем сөздің көрігінен сусындағандай, ине шаншарға орын табылмады дегендей, иін тірескен көрермен тапжылмай тамашалады. Қала әкімдігі қолдап, «Асыл мұра» қоғамдық қоры ұйымдастырған ақындар айтысы соның айғағы. Орындыққа сыймағандар залдың екі жағындағы қабырғаны жағалай аяқпен тік тұрып көрді. Сонда да шаршамады, сонда да жалықпады. Мезгілі өтіп кетсе шекесі тырысатын қарттар жағы да түстегі сүт құйған қою қара шәйді ұмытып кеткендей. Өйткені олар рухани жағынан әбден шөліркеген. Ән, жыр, терме, би мен күйді аңқасы кеуіп аңсаған.
Қалың көрермендердің ішінде көршілес Қарақия ауданы мен Ақтау қаласынан арнайы келгендер де жеткілікті. Бәрі де сүйікті ақындарының сүйкімді сөздері мен отты өлеңдеріне сүйсіне қол соқты. Әсіресе, әруақты да батыр ата-бабалар мен киелі мекен туралы, талай сынақтан сүрінбей өткен Жаңаөзен жәйлі жалынды жырларды төкпелеткенде делебелері қозып, дүркіретіп қол соғып, шаршағандарын еске де алатын емес. Қай-қайсысы да өздері өмір сүріп жатқан өр өлкенің өз бейнесін, өз келбетін, аңызы мен ақиқатын өзгелердің аузынан есту қайраты мен қажырын, мейірі мен мерейін, берекесі мен беделін арттырғандай мақтаныш сезіміне бөленді.
Жан-жақтан жиналған жұртшылық пен меймандарға өңірдің өзгерістерін өңін айналдырмай жеткізіп, Жаңаөзеннің жарты ғасырлық тойымен құттықтап, қадірлі қонақтарға «Қош келдіңіз!» айтып, аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың аманатын жеткізіп, аталы сөз айтып, алыс-жақыннан арнайы келген айтыскер ақындарға сәттілік тілеп, осынау алқалы айтысқа қазылық жасауға келген, ұлттың руханияты үшін қасқайып қарсы тұратын, ер мінезді, нар тұлғалы, қайтпас, қайсар қазақ қызының жиынтық образындай келбітті де, келісті Оразгүл Асанғазының иығына киелі мекен Маңғыстау тұрғындарының атынан шапан жапқан облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақовтың жалынды сөзіне жиналғандар жарыса дуылдатып қол соқты.
Сахна төріне алғашқы болып жайғасқан маңғыстаулық Фархат Мұсаев пен «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының иегері, астаналық ақын Жандарбек Бұлғақовты асығып, тықыршып әрең отырған көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алды. Айтысты жүргізіп отырған жерлесіміз, арқалы ақын Мэльс Қосымбаев отты сөздерімен ойып-ойып айтып, айтыстың көрігін қыздыра түсті. Әсіресе, Жандарбек Бұлғақовтың жаңаөзендік жергілікті сазгер Айтгүл Әбдіразақованың әнімен орындалатын, соңғы он екі жылдан бері осы шаһардың Әнұранына айналған «Жаңаөзен» өлеңімен бастап, сол мақаммен суырып салып, қалаға арнап айтқан тілегіне жұртшылық сүйсініп, дүркірете қол соқты.
Жас қаланың жорғасындай Жаңаөзен, Құйылған нық қорғасындай Жаңаөзен. Жері байлық, үсті толған жомарттар, Қазағымның олжасындай Жаңаөзен.
Болсын бүгін басың аман Жаңаөзен! Шұғыласы шашыраған Жаңаөзен. Бәйтерегін мұнайымен суарып, Алты алашын асыраған Жаңаөзен.
Қандастарға тұрақ берген Жаңаөзен, Қажығанға қуат берген Жаңаөзен. Шартараптан мейман келсе шарқ ұрып, Шарап емес шұбат берген Жаңаөзен.
Шаралардың қазығындай Жаңаөзен, Арландардың азуындай Жаңаөзен. Салт-дәстүрді сары майдай сақтаған, Қазақтықтың қазығындай Жаңаөзен.
Барды-көпті көп қылатын Жаңаөзен, Құбылаға бет бұратын Жаңаөзен. Мешіті жоқ Құландының ел-жұрты, Жұма сайын кеп тұратын Жаңаөзен.
Елге тірек берері көп Жаңаөзен, Ұл-қызының өнері көп Жаңаөзен. Қонақтары ет жегеннен жалықса, Аттап кетсең Донері көп Жаңаөзен.
Осыменен қош, аман бол Жаңаөзен! Ел болыпсың бүтінделіп жаға-жең. Күйіп жүрсін, көре алмайтын күншілдер, Биік жүрсін абыройың, дәрежең! – деп әзіл-шынын араластырып, Жаңаөзенді дәріптегенде көрермендер қолдап-қуаттап, шатырлата қол соғып, қолпаштаған дауыстар құлақ тұндырды.
Жастардың мемлекеттік «Дарын» сыйлығының тағы бір иегері, алматылық Сырым Әуезхан ақтөбелік ақын Данияр Алдабергенмен сөз қағыстырды. Сырымның да айтысқа шығар кезде Маңғыстау тарихы мен шежіресіне көз жүгірткені сөз саптауларынан аңғарылып тұрды.
Маңғыстау – шалқар теңіз, тең белдеулер, Қазақтың даласына өң берген жер. Батырларын сұрасаң төр бермейтін, Түрікменге жер бермеген ерлерден көр. Ақындығын Мұрын мен Абылдар да, Үзілмейтін жыр тапқан жерлерден көр. Дін десең Бекет, Шақпақ, Шопан ата, Көп мұнда дін таратқан көргенділер. Қайып пен Ақбөбегі аққу болып, Каспийдің айдынында тербелген жер. Өткенін айтпағанда Маңғыстаудың, Бүгінде талай ісі жөнделген жер. Қазақтың Анталиясы болад деген, Каспийіңіз демалып серуендер жер. Күні кеше Саммитте сол Каспийдің, Көп бөлігін қазаққа тең бөлген жер. Бес елі бақыты бар маңдайында, Бес елдің президентіне төр берген жер. Бұндай жерде жатқанда айтыс өтіп, Көп болсын біздерге де дем бергендер! Алты алаштың айтыскер ақындарын, Бес елдің президентінен кем көрмеңдер – деп толғаса, оған есесін жібергісі келмеген ақтөбелік ақын Данияр Алдаберген де желдіртіп қоя берді. Даниярдың руы Қосайдың ішіндегі Бегейі екен. Яғни – Шалбар. Сондықтан Адай ата ұрпақтарын дәріптеген кезде қарсыласынан оқ бойы озық екендігін аңғартпай қалмады. Өйткені көңілі сергек жігіттің Сырымға қарағанда ата-бабалар туралы аңыз-әңгімелердің жастай санасына сіңіп қалғаны байқалып-ақ тұрды. Ол ел қорғау, жер туралы айтқан жалпылама емес, түйдек-түйдек ойлары мен кесек-кесек сөздерінен көрініп тұрды.
Біссімілла, бір құдайым, жан егетсін, Жарқ етіп бұзып өтем саз бөгетін. Кешегі Маңғыстауға келіп қалдық, Топырағы емес толғанып тау көретін. Ер Бекет боп халыққа бағыт тұтқан, Қосай болып шайқаста жау жеңетін. Қашаған, Ақтан менен Сүгір болып, Айтылған әр сөзіне мән беретін. Жеті қайқы секілді жыр-термемен, Абылдың күйі болып нәр беретін. Қырымның қырык бірдей батырындай, Ерлері алып тұлға, нар келетін. Әбіштің қаламына арқау болып, Әлі де Тобаниязды хан көретін. Ассалаумағалейкүм, қалың адай, Көлік сұрап келгенге нар беретін. Сексен жаста үстіне сауыт киіп, Төсекке таңылуды ар көретін. Қармыс болып қорғаштап қарындасын, Жаулықтының ары үшін жан беретін.
Батыс Қазақстан облысынан келген Мұрадым Мейірман мен бәсекеге түскен Алматының ақ берені Асхат Қылышбектің қылыштай тілінен тың жаңалық естігенде көрермен қауым селт ете қалып, серпіле қол соқты. Ысқырып қошаметтеп, шуылдай қолдады.
Біссіміллә, сөзді бастайын, Ақ сөйлеу, ақын серті еді. Өткеніңнен қозғасам, Естіген жанға ертегі. Бірнеше ғасыр шамасы, Оғыздың болған данасы, Түріктің болған панасы, Бұл түбек жұмақ жер дүрі. Хорезм шахтың кезеңі, Әмудәрияның өзені, Каспийге келіп құйыпты, Аралап осы өлкені. Өзен аты содан қалған жер, Тарих бір сырды шертеді. Ұрпақтары бар Жарының, Қисапсыз саны малының, Өзен деген бай өтіпті, Бұл да бір сырдың бөлтегі. Сол кісі қазған құдықтар, Өзен атанған жұрттар, Шындыққа бұл да жуықтар, Зерттесе мұны жөн деді.
Жерінің асты мұнайды, Үсті жайлы шырайлы. Өзен – жердің көркемі. Қонаев қала салдырып, Әр елден маман алдырып, Отыз ұлт келген ең кемі. Адайдың солай жерінде, Талайдың өсті өркені. Бұл жерді жайлап ең батыр, Еңбегін етіп ел жатыр. Елімнің үшін ертеңі, Аталарым аман ба? Тақымдап тартар серкені, Апалар сауған ақшұбар, Қыздырып жанды ертеді. Өзеннен ғана табасың, Еліктей сұлу еркені. Жігіттері бұл елдің, Еркектің нағыз еркегі. Сыр сандығымды ашайын, Тойыңа шашу шашайын. Кененнің ақын ұрпағын, Өзеннің қарсы ал мәрттері!
Қазақта Маңғыстаудың бұл түбегі, Қай жағынан алсақ та үлгілі еді. Әулиелер мекені – бұл атырап, Еліне аза төккен Нұрдың елі. Исаның әлемінде орыны бөлек, Әулие Бекет ата Пірдің елі. Абыл, Ақтан, Қашаған, Нұрымдардан, Жалғасып жеткен жебе жырдың елі. Иса, Досан, Құлбарақ, Шоғы батыр, Бабаға тартып туған дүрдің елі. Бір кезде бұл аймақта орда құрып, Сүлеймен шах жайлапты түркідегі. Шәкәрімнің тарихи жазбасында, Деректің осындай бар құнды жері. Түбіміз түркілерге орда болса, Бұл жер тегін емесін білдіреді. Рухани жаңғырумен астанамыз, Маңғыстауға оралар – кім біледі?!
Сахнаға төртінші жұп болып астаналық Айнұр Тұрсынбаева мен маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев шықты. Сол кезде қалың көрермендер сияқты тақымымызды қысып қобалжығанымыз рас. Өйткені Айнұр қанша айтқанмен атынан ат үркетін, қазақтың азулы ақындарының бірі. Ал Нұрлан біз «Қашардың баспақ аты қалмайды» дейтіндей сары ауыз балапан болмағанымен тым бала көрінетіні шындық. Бірақ Айнұр ақын бұл ретте Маңғыстауға дайындықсыз келгені әп дегеннен айдан анық аңғарылды. Сөз басында да, ортасы мен аяғында да маңызды ештеңе айтып жарытпады. Тек әр жер-әр жерде үзіп-жұлып Жаңаөзеннің бір-екі шағынауданы мен мәшинелерінің газбен жүретінін тілге тиек еткен болды. Әрине, бұл – қазіргі заман үшін, әсіресе киелі мекен Маңғыстау үшін жаңалық емес.
Ақын түгіл қарапайым адамдар да бұрын-соңды табаны тимеген жерге тұңғыш барар болса, сол жердің – жер жағдайын, елінің тұрмыс-тіршілігін, керек болса күнкөрінісі мен руларына дейін біліп алуға тырысушы еді. Ол үшін кітапханаларды кезіп, том-том кітаптарды аударыстырып, ақтарудың қажеті жоқ. Қалтаңдағы қолдың басындай ұялы телефоның арқылы ғаламторды парақтасаң жетіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаңалықтар мен қызуы басылмай, шоғы сөнбеген оқиғалардың бәрінен сол заматта хабардар боласың.
Ал Тұрсынбаева ханым көрермендерді жеңіл әзіл мен арзан күлкіге кенелтуге әбден машықтанып алған секілді. Баяғы Айтақын Бұлғақов, Балғынбек Имашовпен қалжыңдасып, қылжақтасуы көрермендерді мезі еткендей. Оған шыққан қарсыластар да оның айтыстан алған автокөліктерін санаудан жалықпайды. Сол бір сөздер көрермендердің құлағын жауыр қылып, санасына сіңіп, сондай сөздердің айтылатынын күні бұрын күтіп отыратындай дәрежеге жетіп, әбден таптаурын болған тақырып. Сонда да сол тақырыпты бірнеше жылдан бері тоқтаусыз қозғап, жұртты жалықтырып бітті. Осы тақырып кеше Жаңаөзенде тағы көтерілді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Жырлаймын сені, Жаңаөзен»Нұрлан Мұсаев Маңғыстаудың төл перзенті болғандықтан ба, әлде құдай көмейіне жыр құйды ма, әйтеуір ертедегі әруақты да, батыр, сөзге жүйрік ақын ата-бабаларымыздың қастерлі қасиеттері мен ерлік істерін түйдек-түйдек сөзбен тербетіп, дүйім жұрттың алдында еркін қанат қағып, сайрай жөнелді. Оның үстіне Мэлс Қосымбаев айтып жүрген қиын да күрделі Маңғыстау мақамымен айтқасын әрбір сөзі айшықталып, нөсерлеткен шумақтары ажарланып, әсерлі шықты.
Айтыскер ақындардың қасиеті, әдіс-тәсілі сол жерлерімен құнды. Жалпы Маңғыстаудан шыққан аға буын, жас айтыскер ақындардың бәрі тек бұл жер емес, Қазақстанның қай жеріне барып айтысса да, осы мақамды қолданып, көркемдеп, айшықтап көрермендердің назарына ұсынып отырса, киелі мекеннен келгендігі ерекшеленіп тұрар еді деген ойдамыз. Бірақ оны айтыскерлердің өздері біледі. Біздікі тек ата-бабаларымыздың ескі сүрлеуін қайта жаңғыртып, қайта жаңартып, қолданысқа енгізсе деген ұсыныс қана.
Біз бүгінгі мақаламызда маңғыстаулық ақындардың туған өлкені дәріптеулерін айтуды мақсат етпедік. Себебі туған жердің тарихын, қастерлі де киелі мекеннің қасиетін ақын түгіл кез-келген қарапайым маңғыстаулықтардың біліп жүруін міндетті деп есептейміз.
Ал кешегі айтысқа республиканың Павлодар, Жамбыл өңірлерінен келген ақындар жаңаөзендіктердің көңілінен шықты ғой деп ойлаймыз. Себебі, Абайша айтқанда, самародный сары алтындай сары майдай сақтаған сөздерінің басында да, ортасы мен аяғында да Маңғыстау, Жаңаөзен туралы сөз қозғап, айтатындарын ажарландырып отырды. Мысалы, осы орайда бейнеулік Райымбек Түзелов пен Керекуден келген Қуаныш Шармановтың бәсекелесуіне назар аударып көрелік.
Айналайын, Райымбек! «Павлодардан келдің» деп, Шыға салып сен неге, Жау көргендей жұтындың? «Қырық екі әріпті, Орыстар да айтады» деп, Мақтанып сөйлеп күпіндің? Кереку деген қаламыз, Тілі шорқақ болғанмен, Түбі текті ол жердің, Төрі ғой қадір құтымның. Бұл жақта болса Пір Бекет, Ол жақта Мәшһүр әулие, Солардың жолын тұтындым. Бұл жақта болса Ер Қосай, Ол жақта Малай Сары бар, Бөгенбай батыр тағы бар, Мен солардан қалған тұқыммын. «Қара алтын» тапсаң бұл жақта, «Сары алтын» тапқан ол жақта, Сәтбаевтай бабамыз, Сөзі осы болсын бітімнің. Бақайыңның басынан, Басқаны көрмей түкірдің. Кемістікті емес дәріптеп, Жетістікті жырлайық! Тірлігі мұздай жұртымның, Бірлігі мұздай бітімнің, Төбесінде құдайы, Табанында мұнайы, Үш жүздің болған қорғаны, Үш жүздің болған шырайы, Адайды берген қазаққа, Аллаға берген шүкірлік!
Жақсыдан қалған жұрнақсың, Қашаған мен Нұрымдай. Ақтарыла сөйлеші, Абылдың тасқын жырындай. Балпаңдап келдің сахнаға, Байдың жалғыз ұлындай. Кеудеңізді көтерген, «Қара алтынның» буындай. Кезегіңді берейін, Өскінбай мен Сәттіғұл, Аталарыңдай сөйлеші, Аталы сөзден бұрылмай. Адайдың ұлы Райымбек, Тегіңе тартып тумасаң, Кеңінен қозғап тұрмасаң, Сүйегіңді үгітіп, Сары даланың құмындай. Суырып алып кетермін, Кеудеңдегі шыбындай. Абыроймен келіп сахнаға, Абыроймен кетсек деп едім, Маңдайымыз тасқа ұрылмай. Қармыс пенен Төлептің, Желбіреп барып қайтадан, Желбіреп қайтқан туындай.
Мұнан кейін сахнаға шыққан Сара Тоқтамысова мен жамбылдық Әсет Дүйсебай да жақсы айтысты. Екеуі де Маңғыстау, Ақтау, Жаңаөзен және ертедегі ақын-жырауларымыз туралы орамды ойларын ортаға салды. Жеңге мен қайынның жарасымды әзілінің жарқын үлгісін де көрсетті. Сара өз сөзінде Жаңаөзеннің кейбір ойқы-шойқы жолдарын да тілге тиек етті. Қытайға тиіп жатқан қазақ қыздарына деген қарғысын да қара өлеңмен жеткізіп, көпшілікке ой тастады. Әрине, ақындардың ішінде ұсақ-түйек әңгімелерді айтып, тар шеңберді шиырлап отырып алғандар да болмай қалмады.
Жалпы айтысқа қатысқан 12 ақынның жоғары ұпай алған жартысы финалға шықты. Сахнаға жайғасқан алты ақын кезек-кезегімен сөз қағыстырды. Осы кезде қызды-қыздымен қазылар алқасының қатарында отырған Балғынбек Имашев пен атыраулық айтыскер ақын Саадат Нұрманов та сахна төріне көтеріліп кетті. Мұны ақындар «Құлмамбет айтыс» деп атайды екен. Осы Құлмамбет айтыстан кейін марапаттау рәсімі басталды.
Марапаттау 250 мың теңгелік ынталандыру сыйлығын беруден бастау алды. Ол сыйлық Фархат Мұсаевқа, Асхат Қылышбекке, Райымбек Түзеловке, Мұрадым Мейірманға, Сырым Әуезханға берілді. Екі үшінші орынның сыйлығы 500 мың теңгеден белгіленді. Ол – Қуаныш Шарманов пен Данияр Алдабергенге бұйырды. Екінші орынның 750 мың теңгелік жүлдесін Сара Тоқтамысова мен Айнұр Тұрсынбаева қанжығаларына байлады. Бірінші орынның 1 миллион теңге жүлдесінің бірі – «Түрікменге сегіз қарыс жер бермеген, сегіз арыс Адай» деп жырлаған Жандарбек Бұлғақов пен екіншісі - Әсет Дүйсебайға бұйырды.
Бас жүлдені арнайы дипломы мен 1 млн 500 мың теңге сыйлығымен маңғыстаулық айтыскер ақын Нұрлан Мұсаевқа Оразгүл Асанғазы тебірене сөйлеп тұрып, салтанатты түрде тапсырды.
Осылайша Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына орай «Жыр арқауы – Жаңаөзен!» деген атаумен өткізілген республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Оған алыстан ат терлетіп арнайы келген ақындардың да көңілдері толды ғой деп ойлаймыз. Себебі олар да киелі мекеннің қасиетті топырағынан, өлеңді, өнерді бағалай білетін, елдік пен ерлікті, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, тіл мен дінді қастерлей білетін өр өлкенің өр мінезді өрендерінен аз да болса нәр, үлгі-өнеге алып қайтқан болар. Көптен бері құлақтары тосаң тартқан тұрғындар айтыс аяқталғасын да қоштаса алмай айналшықтап жүріп алды. Ақындармен жапатармағай естелік суретке де түсіп жатты. Қонақтарын құдайындай сыйлайтын жаңаөзендіктердің бірқатары оларды үйлеріне қонақасыға шақырып жатса, кейбіреулері бөбектерінің тұсауын кестіріп, ауыздарына түкіртіп жүр. Тіпті бір әйел жақында үйленген, Жамбыл облысынан келген Әсет Дүйсебайдың жаңадан түскен жас жарына естелік үшін қымбат сақинасын саусағынан шешіп беріп жіберіп жатты.
Міне, Жаратқан иеміз халқымызды осындай ырыс-несібеден, кеңпейілділіктен, қонақжайлылықтан, бауырмалдылықтан, мейірімділіктен, ауызбіршіліктен, адамгершіліктен айырмағай!
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63950,63953,63952,63935,63936,63932"]