Жақында Маңғыстау өнер колледжіне арнайы ат басын бұрдық. Осы өнер ошағында елдің сый-құрметіне бөленген атақты күйшімен кездесеміз деп уағдаласқан едік. Өнер ордасының табалдырығын аттағаннан-ақ бір бөлмеде би билеп, бірі күй сандықта ойнап, әуелеген әсем ән күз мезгілінде ерекше әсер бергендей. Күмбірлеген домбыраның қоңыр үні бізді екінші қабатқа жетеледі. Біз іздеп барған өнер иесі – әйгілі Роза Айдарбаева еді. Бұл сәтте ұстаз шәкіртіне сабақ беріп отыр екен. Ол – ҚР еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры», «Құрмет» орденінің иегері, жақында ғана Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойында шаһардың «Құрметті азаматы» атанған айтулы тұлға.
Ақын-жырау, әнші-күйші, шешендер қалдырған рухани мұралар өзінің өміршеңдігімен халық жүрегінен қастерлі орын алатыны рас. Тұтас елдің тыныс-тірлігі, тұрмыс-салты, қадір-қасиеті, мәртебе-мәдениеті өзі жасаған өнермен өлшенеді. Ал рухани қазына деп аталатын өнерді өмірге келтіретін де халықтың өзі. Біздің бүгінгі бас кейіпкеріміз – ұлттық мәдениетімізге елеулі үлес қосып, көп жылдар бойы осы салада еңбек еткен көрнекті өнерпаз, Маңғыстау өңірінің де, исі қазақтың да мақтанышы, дәулескер күйші Роза апай болмақ. Қазақтың: «Өнерліден өнеге ал, таланттыдан тәлім ал» деуінің мәнісі тереңде. Себебі өнер – он іспен тең, өнерпаз – он кісімен тең деген баға бар. Киелі өнер кім көрінгенге бұйыра бермейді, оның құдірет-күшін жан-тәніне қонған кісі ғана көтере біледі.
Р.Айдарбаева қойнауы мәдениеттің мұрасына мейілінше бай, жерасты мұнай байлығымен белгілі өнерлі адамдардың өлкесі Маңғыстау ауданы, Қаратау бауырындағы Таушық кентінде дүниеге келген. Әкесі Тайман Айдарбаев әрі күйші, әрі сазгер болған. Ол 25-ке жуық күйлердің авторы. Арғы тегінен бойына күй дарыған кішкене қызға әкесі Тайман бала кезден домбыра үйретеді. Әкесінің сазгерлігі, күйшілігі, анасының әншілігі балғын Розаның өнерге деген ынтызарлығын ерте оятты. Ол 1970 жылы Гурьев қаласындағы қазіргі Дина Нұрпейісова атындағы музыка училищесін домбыра мамандығы бойынша үздік бітіріп, 1974 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына түседі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Той өтті тау мен тасқа ән салдырып…Роза Айдарбаева Х.Тастановтың «Қазақ биі» күйі, Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол», Сейтектің «Заманай» атты күйлерін мектепке бармай тұрғанда шебер орындаған. Өнер саласына адал берілген күйші ансамбль құрамында жүріп Америка, Қытай, Түркия, Франция, тағы да басқа шетелдерде өткен фестивальдар мен конкурстарға қатысып, қазақ елінің ұлттық аспабы домбыраның үнін тыңдатып, абыроймен оралады.
Маңғыстау өнер колледжі 1993 жылы есігін айқара ашты. Осы колледждің іргетасының қалануына өз үлесін қосқан біздің кейіпкер, алғашында 4-5 мұғалім болып, балаларға сабақ бердік деп өткенді еске алады.
1979 жылы мемлекеттік консерваторияны тәмамдап, аталған өнер ошағында қызмет етеді. Сол уақытта шебер домбырашыларға екі мамандық бойынша диплом берілетін болған. Роза апай консерваторияның бетке ұстар озат оқушысы болады. Ол домбыра мамандығы бойынша оқытушы және жеке орындаушы болып оқуды аяқтайды.
1984 жылы «Маңғыстау маржандары» ансамблі ашылады. Роза апай аталған өнер ұжымына қабылданады. Ансамбль 1986 жылы Алжирде өткен фестивальға жол тартады. Он мемлекеттен астам елдің өнер майталмандары қатысқан жиында ансамбль беделді, абыройлы атаққа ие болады. Ондағы жиынға қатысушылар қазақ қыздарының сұлулығы мен өнеріне тамсанады. «Шетелдіктер орындау шылық шеберлігімізге таң қалып, аса көрнекті өрнектермен көмкерілген киімдеріміз көпшіліктің назарына ілікті», – деп өткенді еске алады кейіпкеріміз.
1987 жылы Ералыдан Ақтауға арнайы шақыртумен келеді. Алғаш Маңғыстау күйлерін нотаға түсіріп, 21 күйді кітапша қылып шығарады. Еңбек пен жігер оны түрлі жетістікке жеткізеді.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дегендей, 45 жыл ұстаздық еткен Роза апайдың шәкірті аз болмаған. Шәкірт тәрбиелеуде алдына жан салмаған ұстаз оқушыларымен мақтанады. Бірі Астанада, бірі Алматыда, енді бірі өлкеміздің ауыл-аймағында ұстазы салған сара жолды ұстанып, қазірде олар да шәкірт тәрбиелеуде.
«Әр тәлім берген шәкіртіме қолына алған істі аяқтауға, соны жан-тәнімен орындауға баулыдым. Өнер адамы – халық үшін қызмет жасайды. Ұрпақ тәрбиелеуде рухани байлықты шәкірт бойына сіңіруді қадағалаймын.
Күй – мәңгілік дүние. Оны шынайы сезіне білу керек. Өз басым, домбыраны қолға алып шерткенде көзіме жас келіп, тұла бойым шымырлап кете барады. Бұл дегеніміз – күй құдіреті. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтылмаған деді өз сөзінде Роза Айдарбаева.
Жақында Роза Айдарбаева атындағы конкурс өтеді. Оған кәсіби деңгейдегі барлық домбырашылар қатыса алады. Аталған шараға дайындық қызу үстінде. Конкурсқа 20-ға жуық үміткер атсалысады деп күтілуде. Сайыс аясында талап жоғары, онда қатысушының орындаушылық шеберлігі мен саусақтардың орналасуы, тағы да басқа өнерпазға тән талаптар ескеріледі. Консерваторияның профессоры Карима Сахарбаева және Алматы, Астанада өнер жолында қызмет етіп жүрген кейіпкердің әріптестері мен шәкірттері аталған жиында қазылық етеді. Осы тұста Роза Айдарбаева конкурстың өтуіне ықпал жасаған облыс әкімі Ералы Тоғжановқа және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзинаға, әріптестеріне шексіз алғысын жеткізді.
Өнер – құрбандықты талап етеді. Тұрмыстың тіршілігімен өнерді алып жүру әйел қауымына оңай емес. Соған қарамастан ол бала-шаға тәрбиелеп, 7 немере сүйіп, өз ошағының отын жаға отырып, биік белестерді бағындырды. Той-томалақ, жанұялық жиынға Роза апай домбырасыз бармайды. Өзінің сыңарына айналған қасиетті аспапты жанынан еш қалдырған емес. Барған жерде көпшілік қолқа салса, ұлттық аспапты қолына алады...
Әңгімемізді аяқтап, қош айтыса бергенімде ұстаздың шәкірттері тосынсый жасап, бөлмеге кіріп келді. Бағыт-бағдар көрсетіп жүрген мұғалімдерін қыз-жігіттер қауқалап, ұстаздарын мерекесі мен құттықтап жатты. Біз де өз кезегіміз де ардақты ұстазды барлық қуанышымен құттықтаймыз. Лайым жүзіңізден шаттық кетпесін. Әр бастаған ісіңіз берекелі, домбыра-думаныңыз мерекелі болғай демекпіз.
Құрметті өнер сүйер қауым!
Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармония залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, күйші Роза Айдарбаеваның шығармашылығына арналған республикалық қыз-келіншектер байқауы өтеді.
Салтанатты ашылуы: 18.10.18 ж., сағат 10.00. Марапаттау: 19.10.18 ж., сағат 16.00Зухра ӘБДІЛ-САТТАР