Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерейтойына орай Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры Жаңаөзен қаласына бес күндік гастрольдік сапармен келді.
Гастрольдік сапардың алғашқы күні Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Светқали Нұржанның «Хан кегі» атты дастаны бойынша сахналанған қойылымымен басталды. Қойылымды тамашалауға қала басшысы Әділбек Дауылбаев қатысып, сөз сөйледі.
Алғаш болып сөз кезегін алған қала басшысы театр ұжымын 15 жылдығымен құттықтап, көрермендерді, қала тұрғындарын бес күн бойы театр қойылымдарын тамашалауға шақырды: «Құрметті көрермендер, қала тұрғындары! Биыл қаламызға 50 жыл толып отыр. Осыған байланысты 14 наурызда мерекелік шараның бастауын бастаған болатынбыз. Әлі де жалғасын табуда. Міне, сол іс-шараларымыздың бірі - театр ұжымының қаламызға сапары. Нұрнияз ағамыз бастаған театр ұжымына қош келдіңіздер дейміз! Ал бүгін ақын Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастанымен сахналанған қойылымын көретін боламыз», - деді қала әкімі Әділбек Дауылбаев.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Алда жауапты сынКелесі сөз кезегі театр директоры Нұрнияз Мұхановқа берілді. Қала басшысына ұжым атынан естелікке сыйлық табыс етіп, 50 жылдық мерейтоймен құттықтады.
Сәуірде алғаш сахналанған опасыздықтың, сатқындықтың құрбаны болған, халыққа жол сілтер басшы Әбілқайыр хан мен батыл да қайсар, ақылды да парасатты, ер азаматының кегін қантөгіссіз қайтарған Бопай анамыз туралы «Хан кегі» қойылымы көрермен жүрегінен орын тауып, көңілдерінен шықты.
Сонымен қатар, 12-16 маусым күндері аралығында «Фариза мен Мұқағали», «Ақбөбек», «Пай-пай жас жұбайлар-ай», «Қош махаббат» қойылымдары қала тұрғындары үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ қолдауымен «Мұнайшы» мәдениет үйінде тегін көрсетіледі.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА