Әр оқу жылының қорытындысы ретінде жыл сайын есептік концертін жасайтын «Қызғалдақтар» би ансамблі мен «Гүл-Би» студиясының осы жолғы шығармашылық концерті елордамыздың 20 жылдығына арналды. 9 маусым күні орталық алаңның сәнін келтірген шара «Ұлы өнерді жүрегіне сақтаған, ел сенімін өнерімен ақтаған» деп аталды.
Екі ұжымға да ауданның хореограф маманы, мәдениет жанашыры Гүлнәр Жолдыбаева жетекшілік етеді. Әр жолы жаңа дүние шығаруға жұмыстанатын жетекші осы жолғы концертке қоюшы-режиссер болып, өзі басқаратын ұжымдарын үлкен дайындықпен әкелді. Елорданың 20 жылдық мерейтойына қазақтың дәстүрлі билерінен басқа шығыс, орыс, украин, молдаван, татар, өзбек билерінен 20 би нөмірін дайындап, көрерменге ұсынды. «Қазақтың қыздары» сән үлгісін де сахналап, киім үлгілерін көпшілікке таныстырды. «Қылғалдақтардың» 7-сыныбын аяқтаған түлектері мен 2013 жылы жұмысын бастаған «ГүлБидің» алғашқы түлектері үшін бұл концерт өнер баспалдағындағы ерекше сәттердің бірі болып есте қалатыны анық. Себебі осы шара үстінде өнер мектебінің шәкірттері, оның ішінде би әлемі бойынша білім алғандарын растайтын куәліктері «Қызғалдақтардың» түлектеріне арнайы тапсы рылса, «Гүл-Бидің» алғашқы қарлығаштарының бастарына әдемі тәж тағылды. – Бос сөз емес, нәтижелі жұмыстың көрінісін көрдік. Үлкен өнер фестивальдеріндегідей жайылған қызыл кілем үстімен «Қызғалдақтардың» түлектерін, «Гүл-Бидің» алғашқы қарлығаштары мен ұжымға енді қабылданып жатқан бүлдіршіндерін жүргізуінің өзі балаларға басқаша әсер сыйлады. Қызым Ақмаржан «Қызғалдақтардың» 7-сыныбын бітіріп, куәлік алды. Осы уақыттар аралығында балаларымызды би өнеріне баулып, түрлі байқауларға қатыстырып, жүлдемен оралуларына жұмыстанды. Ата-ана ретінде биден сабақ берген барлық ұстаздарына алғысымды білдіремін, - деді көрермен әрі «Қызғалдақтар» би сыныбы түлегінің анасы Қаракөз Қожабекова.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Серікбол Қондыбай жайлы деректі фильмнің тұсауы кесілдіБи ұжымдарының жыл басталғалы жеткен жетістіктерінің өзі көп. «Би ырғағында біргеміз» атты ІІ облыстық фестивалінің және халықаралық «Ғұмырдария» балалар шығармашылығы фестивалінің бас жүлдегерлері, облыстық дельфийлік ойындардың «Алтын медаль» иегерлері атанып үлгерді. Жақында ғана Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласының 140 жылдық мерейтойына орай «Наристе» І халықаралық балалар фольклорлық фестиваліне Түпқараған ауданы атынан қатысып қайтты. Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылатын Астана қаласындағы Маңғыстау күндері концертік бағдарламасына біздің ауданның «Қызғалдақтар» бишілер тобы мен «Сәулебаевтар отбасы ансамблі» іріктеліп алынған екен. Қашанда киелі сахнада өнерлерін өрге оздырып жүрген «Қызғалдақтар» біздің Түпқараған ауданының би әлемін Астанада таныту дайындығына кіріседі деген сөз. Аудан әкімдігінің ұйым дастыруымен өткен бишілеріміздің концертіне көрермендердің берген бағасы жоғары болды.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА