Серікбол Қондыбай конференция

Маңғыстау облысында қазақ мифологиясының негізін қалаушы ғалым Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр. Оған еліміздің және бірқатар шетел ғалымдары мен профессорлары қатысуда. Кеше кең ауқымда шараның ашылу рәсімі өтіп, оның аясында зерттеушіге арналған туындылардың тұсауы кесілді.

Серікбол Қондыбай толық шығармалар жинағы бойынша «Байырғы қазақ дүниетанымының негіздері» атты ғылыми энциклопедия мен «Рух жауынгері» деректі фильмінің тұсауы кесілді.

Шараны Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театрының ұжымы мифтік мазмұндағы қойылыммен бастады. Одан соң кешке жиылған халық деректі фильмнен үзінді тамашалап, тұлғаның шексіз ғылыми әлеміне көз жүгіртті.

-Небәрі 36 жыл ғұмыр кешіп, жарық жұлдыздай жалт етіп өткен Серікбол Қондыбай артына өшпес мұра қалдырғаны хақ. Құрыштай мығым төзімімен, болаттай берік сабырымен басқа түскен дауылға мойымай, ел-жұртына үлгі-өнеге берген тұлғалар аз болмаған. Бірақ солардың арасында қасаңдыққа айналған түсінім-таңбаларды қазбалап, күңгірт тартқан санаға сәуле түсіре алғандар саусақпен санарлық. Ол бір сөзінде: «Мені көптен бері қызықтыратын танымдық сала – мифология. Ол менің ойымды баурап та, жаулап та алды. Мендегі дағдыға айналған сауал неге басқада бар, қазақта жоқ?» деген болатын. Серікболды Алла Тағала жер бетіне ерекше миссиямен жіберген тұлға деп қарауға болатын шығар. Неге десеңіз, ғылыми ктіпханасы да жоқ, ол кезде интернеті де жоқ шалғай ауылда төсекке таңылып жатып-ақ ғылыми ортаны дүр сілкіндіру кез келгеннің қолынан келмейді. Бүгінгі конференцияда әлемдік ғылымның көкейінде жүрген көптеген сұрақтардың шеті шығып, толғандырған сауалдардың жауабы алынатынына сенемін, — деді өз сөзінде облыс басшысы Ералы Тоғжанов.

Ғылыми конференцияға өз елімізбен қатар, Ресей, Америка, Қытай, Әзірбайжан, Түрікменстан елінің мамандары да қатысып жатыр. Солардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттеік университетінің профессоры Шанжархан Бекмағанбетов.

-Серікбол Қондыбай шығармаларынан оның әрі ғалым екендігі, әрі ақиқатшыл, турашыл азамат екендігі көрінеді. Сондықтан оның еңбектерін зерттеу керек. Әсіресе мифология саласындағы ұшан-қиыр еңбегінің шетіне өз басым шығамын деп айта алмаймын. Бірқатар пікірлерімді бүгінгі конференцияға алып келдім, Алла қаласа талқыға саламыз. баяндамамның тақырыбы – «Серікбол Қондыбай еңбектеріндегі әлемнің мифологиялық бейнесіне генетика тұрғысынан көзқарас». Гентикалық тіл білімі деген қазір Қазақстанда жоқ, Ресейдің өзінді бірлі-жарым адамдарда ғана бар. Жалпы әлемдік деңгейде тіл генетикасы деген дүние таңсық. Мен осыны насихаттап жүрмін, — дейді ол.

Айта кетейік, конференция жұмысы Есенов университетінде жалғасып, әрі қарай қатысушылар Маңғыстау, Түпқараған аудандарына жол тартады. Маңғыстаудың киелі орындарында болып, Серікбол Қондыбай бейітіне зиярат етеді.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН