Маңғыстау облыстық қуыршақ театры Мәскеу қаласында өткен 8 халықаралық «Қуыршақ театрына шекара жоқ» атты фестиваліне қатысып қайтты. Фестиваль Мәскеу облысының Мәдениет министрі мен РФ-ның театр қоғамы одағының қолдауымен өтті. Маңғыстау облыстық қуыршақ театры аталған фестивальға алғаш рет қатысты.
Фестивальға Ресей федерациясының түкпір-түкпірінен театрлар жиналды. Мәскеу облысының мемлекеттік қуыршақ театры, «Мәскеу балалар көлеңкелі» театры, «Васил Друмев», «Теремок» облыстық қуыршақ театры, «Северная сцена» театр бірлестігі, «Кострома», «Фламинго» театры, Қырғыз елінің және Маңғыстау облыстық қуыршақ театры өнерлерін үлкен сахнада көрсетті. Өңірімізден барған қуыршақ театры «Айжан әжейдің ертегісі» спектаклін сахналады.
Аталған фестивальдың бір ерекшелігі әділқазылар алқасы жанұялық құрамнан тұрса, кәсіби бағасын театр сыншысы Наталья Григорьевна берді.
– Біздің театр бұл фестивальда Н.Насырованың пьесасы бойынша «Айжан әжейдің ертегісі» моно спектаклін көрсетті. Аталған қойылымды мәдениет саласының үздігі Бану Түстікбекова аса шеберлікпен ойнап шықты. Ал спектакльдің бірден бір ерекшелігі, ұлттық салт дәстүрімізді дәріптей отырып, кішкентай қозы арқылы балаларға қазақ халқының жүннен қандай заттар жасауға болатыны көрсетіледі. Көрермендер мен әділқазылар алқасын таң қалдырды, – деді Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының басшысы Фарида Момбекқызы.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жарасы жазылмаған қасіретБайқауда біздің елден барған театр «Жанұялық қаралымдағы ең кішкентай көрермендердің үздік спектаклі» номинациясын қанжығаға байлады.
Осы фестиваль аясында «Айжан әжейдің ертегісі» спектаклі 2019 жылы Шуман қаласында өтетін халықаралық фестивальға арнайы шақырту алды.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР