Халықаралық балаларды қоғау күні Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығында түрік елінен келген мүмкіндігі шектеулі балалар өнер көрсетті. Олар - Ақтаудағы «Луара» қоғамдық қоры ұйымдастырған ХІ Халықаралық фестивальға қатысуға келген өнерпаздар.
Концертті әкелі-балалы Мұрат және Доға Тырпан, Доғаның ұстазы доктор Орчун Берракчай Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасының Әнұрандарын орындаумен ашты. Түркияның Измир қаласынан келген 18 жасар қыз Доға пианинода, әкесі Мұрат Тырпан барабан аспабында, ал ұстазы гитарамен сүйемелдеп, қазақ, түрік, орыс тілдерінде әндер орындап, көрермендер көңілінен шықты.
Мүгедек боп туған Доға Измир қаласының әсем өнерлер метебінде оқиды және Измирдегі аутистерге арналған оркестр мен хордың мүшесі. Қазақстанға келген алғашқы сапарында өнерлі отбасы Астана қаласында болып, «Хан Шатыр» орталығында және Түркия Елшілігінде өнер көрсеткен екен.
Түркиядан келген екінші топ мүшелері - Балықесир қаласындағы облыстық интернат-мектебінің оқушылары Тунахан Бодур мен Ясемин Ильбеян. Тунахан түріктің ұлттық ілмелі барабанында, ал Ясемин металофон аспабында ойнады. Ритм Групп деп аталатын бұл өнер тобы 2016 жылы Түркияның Yetenek Sizsiniz Türkiye телевизиялық шоу-байқауында бірінші орын алған. Олар денсаулығының нашарлығына қарамастан, бүгінге дейін Түркия, Германия және Грузияда барлығы 466 концерт берген. Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Challenge: сенің жаңа қырың!Концерт соңында доктор Орчун Берракчай аутизм ауруының бүкіл әлемде көбейіп келе жатқанын және бұл дертке шалдыққан балалардың да өзіндік қабілеті болатынын, балаларды емдеумен қатар олардың бойындағы ерекшеліктерге назар аударып, қабілетіне қолдау көрсетіп отыру керектігін айтты.
Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Корхан Кюнгерю, шараға қатысқан Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Элхан Зейналов, фестивальді ұйымдастырушы «Луара» қоғамдық қорының төрайымы, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Лаура Асырова балаларға игі тілектерін жеткізді.
Бас консулдықтағы концерттен кейін тарту-таралғыларын алған өнерпаздар Ресейдің Орынбор өңірінен келген балалармен бірге Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Достық үйінне қонаққа барды.
Балалар Достық үйінің мұражайын аралап, Маңғыстауда тату-тәтті тұрып жатқан түрлі ұлттар өкілдерінің тыныс-тірлігімен танысты. Сондай-ақ балалар ән салып, би билеп, өз өнерлерін көрсетті. Шара соңында өрімдей өнер иелеріне ескерткіш сыйлықтар берілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА