«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп халыққа тән қасиеттерді бір аспапқа теңеген қазақтың бұл қай данышпандығы дер басқа ел.
Сөз құдіретін түсінген қазақ болса да, тілмен жеткізе алмаған сөздерді жүрекке домбыра арқылы жеткізе алатын болсақ, домбыраны қадірлемей қайтеміз? Күй деген басқа елде жоқ қасиетті өнерді қос ішекті домбыра арқылы туындатып, толғауларды, жыртермені, қазақы әндерін де осы аспаппен әрлей түсіп, түрлі шығармаларын әлем халықтарына танытуына бірден-бір себепші аспабымызды күні бүгінгі ұрпақта қастерлеп келеді. 42 жылдық тарихы бар Түпқараған ауданындағы өнер мектебі домбыра сыныбына басқа аспаптарды үйретуші топтармен салыстырғанда көбірек бала қатысуының өзі сөзімізге дәлел бола алады. Өнер мектебінің ұжымы аудандағы өнер мектебінің бөлімшелерінің домбырашылар ансамбльдерінен құралған балалар ансамблі арқылы күні бүгін тағы бір жаңалығымен мақтана алады. Барлығы 40 баладан тұратын Түпқараған аудандық ансамбль Алматы қаласындағы І халықаралық «Қазақстан таланттары» рухани-патриоттық байқауына қатысып, гран-при иегерлері атанды. Форт-Шевченколық «Ақкетік өрендері» ансамблі, Қызылөзен ауылының «Шалқыма» домбырашылар ансамблі, Таушық ауылының «Балаусасы» және Ақшұқыр-Сайын ауылдарынан «Ақжелен» домбыра сыныбының оқушылары құрамына енгізілген ансамбль аудан қанжығасына үлкен жеңісті алып келді. Домбыраға құштар бұл балалардың сапарын Түпқараған аудандық Мұрын Жырау атындағы өнер мектебінің директоры Гүлсім Құлғалидың өзінен естідік:
- Бұл сапар біздің аудан домбырашыларының қатысқан басқа байқауларынан ерекшелеу болды. Балаларымыздың, ұстаздарымыздың барлығы марапат алып келді. 40 домбырашыдан тұратын аудандық ансамбльдің құрылуына аз-маз тоқталайын. Мектебіміздегі домбыра сыныптарының филиалдары ауданның басқа елдімекендерінде де бар, олардың жеке кішігірім ансамбльдері тағы бар. 2016 жылы осы балалардың ішінен дарынды 40 баланы аудандық ансамбль етіп құрдық. Бұлай жасауымыздың өзі – ауданымыздың кішігірім ансамбльдерінің бір-бірімен байланысын нығайтып, үлкен топ болып шығуына ықпал жасау болса, түпкі ойымыз 60 жылдан аса тарихы бар Ақкетіктің ұлтаспаптар оркестріне із басарлар даярлау еді. Бастамасы жаман болмады. 2016 жылдан бері барлық байқаулардан жүлделі орындармен оралып жүр. Ең бірінші Маңғыстау ауданында өткен саз және өнер мектептері арасындағы І облыстық байқаудан 1-орынмен оралып, «Өнерім – еліме» деп аталған ІІ республикалық байқауға жолдама алып, ол байқаудан 1-орынмен оралды. Одан кейін Атырау қаласында өткен «Жадыра, жас дарын» республикалық байқауына қатынасып, 2орынды қанжығасына байлады. 2017 жылы облыстық «Каспий жұлдыздары» байқауынан бас жүлде алса, осы жылдың сәуір айында Түркия елінің Герменджик қаласында балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылып өткен балалар байқауында Қазақстан атынан өнер көрсетіп қайтты. Алматы сапары ансамбльдің дәрежесін одан биік етіп көтерді. «Ансамбль» номинациясы бойынша жоғарғы деңгей көрсеткені үшін 40 баладан тұратын ансамбль гран-при және кубок иегері болып оралды. Әр елді мекеннен келген ансамбльдер бөлек шығыпта өнер көрсетіп, түрлі дәрежелі лауреат атанды. Ансамльдің ауыз толтырып, мақтанып айтар шәкірттері бар. Ақбота Мұратова, Дана Дидар, Айнамкөз Алмасқызы, Ботакөз Сүлеймен, Гүл Тілеумұратина, Жансая Алпысбай, Темірлан Шерғанов, Райхан Қасымқызы, Сәбина Құлжан, Исмаил Мүсіркеп, Ақнұр Ағдал, Назгүл Қосымбаева, Әсем Бағытжанова, Альбина Бүркітбаева, Мәдина Базарқызы, Әлібек Төлесінов сынды 40 баладан тұратын ансамбльдің мақтаныштары бар. Бұл ансамбльге болашақта дұрыс есім таңдап, үлкен кісілерге бата жасатып алу ойымызда жүр. Болашақта басқа атаумен осы құрам өнер көрсетіп, талай биіктерден көріне беретініне сеніміміз мол, - деді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Серікбол Қондыбай жайлы деректі фильмнің тұсауы кесілдіГүлсім Қуанқызы сөзінің басында Алматы сапарының ерекше болғанын тектен-текке айтпапты. Осы байқауда жас өнерпаздарымыздан бөлек олардың домбыраға тәрбиелеп жүрген ұстаздарының да еңбектері еленіп қайтыпты. Өнер саласына қосқан үлестері үшін «Үздік тәлімгер» төсбелгісімен Шырынгүл Құрмантаева, Эльмира Дәулетиярова, Алмагүл Сисенбаева, Күләш Есмұханбетова, Әсем Түгелбаева, Нұрия Нұрмашева, сонымен қатар «Өнер саласының үздігі» медалімен Шырынгүл Құрмантаева, Эльмира Дәулетиярова марапатталған. «Мәдениет майталманы» медалі Гүлсім Құлғалиға тапсырылыпты. Бай қаудың кубогі, гранпри димломы және жеке орындаушылар мен барлық елді мекендердің ансамбльдеріне бөлек-бөлек сыйлықтары мен дипломдары бар Алматы сапары ұжым үшін, аудан мәртебесі үшін үлкен олжа болса, ансамбль дәрежесін көтеріп, жетістіктерін ерекшелеп бергені анық болды.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА