©
Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды мәдени ортаға бейімдеу мақсатында жастар театры үйірмесі ашылып, өз жұмысын бастады.
Бұл жайлы Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Тұралы Жолышов хабардар етті.
– Театр үйірмесін ашудағы негізгі мақсат – мамандықтары әртістіктен алшақ болса да, драматургияның тереңіне бойлауға ынталы жастарды баулу. Оларға аудандық жастар ресурстық орталығы қолдау білдіруді жөн көріп, осындай іс бастадық. Қазіргі таңда үйірме қатарында онға тарта жас бар, олар театр жұмысына қатысуды бастап кетті. Алдағы уақытта басқа да жастар үйірмеге қатысуға қызығып, қатарымыз толыға түсері айдан анық.
Театр – бұл мәңгілік сезімге толы тұтас бір өмір. Махаббат пен өшпенділік, өмір мен өлім, сенім мен үміттің арпалысы. Театр – жастар үшін өнердің сиқырлы күшіне жанасуға, түрлі кейіпкерлердің бейнесін сомдауға және түсінуге жол ашады. Театр қойылымдарын кәсіби мамандар емес, жастар қояды. Бұл – жастардың шығармашылығын шыңдауға үлкен сеп болары анық. Алдағы уақытта үйірме мүшелері жастарға ой салар дүниелер сахналап, қазіргі қоғамда белең алған жат ағымдардан сақтануға шақырып, мәдениеттің дамуына үлес қосамыз деген үміттеміз, – деді.
Несі бар, өнердің қайнар бұлақ бастауы ауыл жастарының талпынысы мен талабынан басталады. Театр үйірмесін ашқан бейнеулік жастарға сәттілік тілейміз.
Айнахан ЕСЕТ
Көрнекі сурет сайттың архивінен