19 ғасырдың 1-жартысында Каспийдің шығыс жағалауын зерттеу, орнығу, жорықтар жасау мақсатында І Александр патша құрған Азия комитеті Орта Азияға ықпал етудің әртүрлі жоспарларын жасайды. Осыған байланысты бұл жаққа бірінен соң бірі әскери экспедициялар шыға бастады. Олардың негізгі мақсаты геологиялық-географиялық, топографиялық зерттеулерін жүргізумен қатар отарлау саясаты болды. Ресей мен Хиуа арасындағы шиеленіс жыл санап ұлғая түсіп, орыс өкіметі Хиуа хандығымен біржолата есеп айырысуға бел байлады. Ол үшін Хиуаға қарсы болашақ әскери жорыққа жанын сала әзірленген патша өкіметі Каспий теңізінің батыс бетіндегі Кавказ, Астрахань қалаларынан кемемен келетін әскерге қажет азық-түлікті сақтайтын қолайлы жер тауып, қамал салу үшін, әрі қыр елімен дипломаттық қарым-қатынас орнату үшін 1832 жылы белгілі орыс ғалымы, саяхатшы, табиғат зерттеушісі Карелин Григорий Силыч (1801-1872 жж.) бастаған экспедицияны Орта Азияға, оның босағасы Маңғыстауға жіберді.
Г.С. Карелин қазақ даласының батыс аймағының топографиялық түсірілімін жасады, осы өңірдегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жаңа түрлерін зерттеп, 1127 түрден тұратын 38 мың дана ботаникалық коллекция жасады. Карелин өмірінің соңғы 20 жылында Атырауда тұрып, жаратылыстану, география саласында, сондай-ақ тарихи материалдар жинаумен шұғылданды. Бірақ ол еңбегін аяқтап үлгермеді. Өкінішке орай, Карелиннің Қазақстан табиғаты жайында жинаған бай ғылыми материалдары Атырауда өртеніп кетті. Тек шағын бөлігі ғана 1883 жылы Орыс география қоғамының жазбаларында жарияланды. Карелиннің ұзақ жылдар бойғы еңбегінің нәтижесін көрсететін кейбір ботаникалық, зоологиялық қыруар коллекциялары Санкт-Петербург, Мәскеу мұражайларына табыс етілді.
Бүгін Сіздердің назарларыңызға Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Императорлық ғылым академиясының типографиясында 1883 ж. басылып шыққан «Орыс географиялық қоғамының жазбалары» кітабының 10-томында Г.С. Карелиннің Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына өткізген экспедициясы туралы Орынбор әскери губернаторы граф Сухтеленге жазған баянатында Адай руы Жеменей тармағының Ақбота Хангелдіұлы Үсеннен тарайтын Тасболаттың балалары туралы жазылған деректерді ұсынғымыз келеді. Барлыбай мен Құлжабайдың Г.С.Карелин экспедициясына жолбасшылық жасағаны туралы қысқаша мәліметтер Ұлы жазушы Ә.Кекілбайұлының «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты еңбегінде де келтірілген.
Бұл экспедицияның алдында қандай мақсаттар тұрғанын Г.С.Карелиннің мына сөзінен-ақ айқын аңғаруға болады: «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы өзінің географиялық жағдайы қажет ететін дәрежеде ешқашан зерттеліп көрген емес. Көптеген теңізшілер оған атүсті назар аударды... Осынау ұлан-асыр әрі маңызды кеңістік келешекте Орта Азиямен екі ортадағы сауда және саяси байланыстарымызға жол ашатын жерлерге жалғасып жатыр. Бұл өлке тұрақтанып, шаруамен шұғылдануға өте қолайсыз болғанымен, әскери және сауда-саттық тұрғыдан келгенде, үкімет назарын мықтап аударатын өлке. Оған байланыссыз да, төрт түрлі бағытта зерттеулер жүргізуге міндеттіміз: балыққа өте бай болғандықтан да, әр қилы тонаушылықтың ұясына айналған Сам суларының шын құпиясын анықтау, Ұлы Қазақ даласы болып табылатын Жем өзені сағасын шолып шығу, жыртқыш та, жаужүрек Адай тайпасы қазақтарының шын ахуалын білу, Каспий теңізінің қайраңдануының сырларын ашу».
Жүзден астам адам мінген бірнеше қайық 1832 жылдың 25 маусымында Жаман Айрақты, Қабақты тауларының маңынан кеп шығады. Жағадағы құздарда қимылдап жүргендерді олар әуелі тау бүркіті не тау ешкісі ғой деп ойлайды. Сөйтсе, олар мынау бейсауат меймандарды алыстан көріп, сырттарынан аңдып тұрған шолғыншы қазақтар болып шығады. Карелин олармен тілдескісі келеді. Бірақ көшпенділер тау-тасты тасалап, жақындата қоймайды. Бір шатқалда олар қашып бара жатқанда екі салт аттыны (бірі жас, екіншісі қарт кісі) қуып жетіп ұстап алады. Екеуінің қолында да білтелі мылтық. Бірақ білтелерін жел шалқытып от алғыза алмай, қолға түседі. Оны желден көрмей, қуғыншылардың сиқырынан болды деп түсінген екі қазақ көпке дейін жөндерін айтпайды. Тамақ беріп, сыйлық ұсынып, ақыры, сөйлетеді. Сөйтсе, олар Адайдың Жеменей тармағынан тарайтын Ақбота руының қазақтары (бірі Тасболатұлы Барлыбай, екіншісі оның ағасы немесе әкесі болуы мүмкін) болып шығады.
Одан әрі, Карелин күнделігінен толығырақ мәлімет берсек, экспедицияға адал қызмет етіп, кемелерге Тұманды таулар бойы жол көрсететін адам керек деп жас жігіт Барлыбайды аманатқа алып қалады да, қасындағы шал кісіні босатып қоя береді. Кейін Барлыбайға қасында бірнеше адамдары бар ағасы Құлжабай Тасболатұлы келеді. Олардан суыртпақтап сұрағанымен, Құлжабай мен қасындағы Абылай деген қарт тұщы су көздерінің нақты қай жерде екенін жасырып айтпай қойды. Оған қоса, Карелинді сөзге айналдырып, қойларын бірнеше қап ұнға айырбастауды ұсынады. Дегенмен олардың бар ойлары Барлыбайды алып кету екенін байқаған Карелин оны кемеге апарып, қарауылға қатаң күзетуді тапсырады. Құлжабай тұщы су көздерін тауып беретінін айтып, інісі Барлыбайды босатуды сұрап өтінгенмен, олар аз ғана уақыт экспедицияға жол көрсетіп, су тауып бермесе Барлыбайды көрсетпейтінін, тіпті оны мүлдем босатпайтынын айтып қорқытады. Ал егер ешқандай арам ойсыз, жетекшілік етіп жол көрсететін болса, олар да өз тарапынан қазақтарды сыйлықсыз қалдырмайтынын айтады. Сонымен Құлжабай мен қасындағылар өзара сөйлесіп, жақсы ниетпен көмектесуге және ұнға айырбастау үшін қой алып келетіндерін айтып кетіп қалады. Кешке қарай Абылай деген шал келіп, алып келе жатқан қойлары биік жартастан құлап, аяқтары сынып жүре алмайтынын айтып, көмекке Барлыбайды жіберуін сұрайды, артынан тағы алты қазақ келіп жетеді. Карелин мұндай өрескел өтірікке ренжіп, рұқсат берімейтінін айтады. Карелин «кешкі сағат 9-да әскери зеңбіректен оқ атылып, аспанға ракеталар ұшырылғанда қазақтар қатты таң қалып, әрі қорықты, біздің ауылдарымызды барлауға жіберілген отты шайтандары деп ойлады» деп жазады. Түркмендер де кемеден жағаға шығып, қазақтармен сөйлесе бастайды, Карелиннің рұқсатымен олардың шатырына қазақтарға түнеп шығуға рұқсат беріледі және әрбір 500 метр сайын тауды жиектей қарауылды күшейтеді. Ертесіне таң ата Құлжабай келіп, жақын жерде уәде еткен екі қойын алып келе жатқанын айтады. Айтқандай, білтелі мылтық асынған екі атты қойларды лагерге қарай айдап жақындайды. Құлжабай бұл екі қойды арамызда тату қарым-қатынас үшін сыйға беретінін айтады. Алайда Карелин бұл сыйға күдіктеніп, қойларды тегін ала алмайтынын айтып, оларға бір қап ұн мен екі қой терісін береді және бір қойды түрікмендерге беріп, қазақтарды қонақ қылыңдар дейді. Бірақ қазақтардың ішінде мұны азсынып, мұндай айырбастың тиімсіз екенін айтып қарсылық білдіргендер де болды.
Сонымен қазақтар Карелинге жол көрсетіп, су тауып бермек болады, арасындағы Абылай деген қарт (ол да Ақботаның Аманынан тарайтын Қозыбай немересі Мәмбеталының баласы) атпен лагерьден 2,5 шақырымдай жердегі 2-2,5 кез тереңдікте сақталған жарамды суы бар құдықтарға алып келеді. Құдық басында кездескен тағы төрт қазақ орыстардан қауіптеніп, бұларға жақындамайды. Карелин олардан орыстардан неге қашқақтайтынын сұрап, мүмкін олардың алдында кінәлі шығарсыңыз деген соң, олар керісінше айырбастау немесе балық аулауды сылтау етіп келетін орыс кемелерінен көрген зардаптарын айтты. Карелин олардың өзіне сенім білдіріп сөйлесе бастағанына рахметін айтып, оларды кешке өздеріне қонаққа шақырады. Арасындағы бір ақсақал бұлардың түрлі шөптерді жинап жүргенін байқап, шауып кетіп қалады да, жарты сағаттан кейін бір шоқ гүлдер жинағын алып келеді. Бұған риза болған Карелин 25 ине, 3 фунт (1,5 кг жақын) кептірілген қара нан мен кесек қант береді. Орыстар ары қарай шыңды жиектеп аралап, күн бата жол бойы кездескен және арасында құдық басында кездескен екі ақсақалы бар 15 қазақпен бірге лагерьге оралады. Карелин барлығын шатырға шақырып, Барлыбайды әкелуге бұйрық береді. Олардың құрметіне тұтқынды босататынын, бірақ экспедицияға жол көрсетіп, сайлардың атауын айтып жүретін ішіндегі біреуінің еріп жүруі керек екенін айтады. Карелин Барлыбайға ұсақ-түйек нәрселерді сыйға беріп, енді жолдас болып бірге жүруге шақырады. Қазбай деген қарт орыстардың арасындағы түрікмен старшинасы Ақмәмет-бектің ағайыны болып шығады. Ертесіне топографтар түсірілім жалғастыруға кетеді, қазақтар тағы 9 қой әкеліп, екі қап қарабидай ұнына ауыстырып кетеді...
Карелин Өлі қолтық, Қошақ шығанақтарын, Бозашы түбегін, Үстірттің солтүстік-батысын, Жаман Айрақты тауын зерттейді. Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің және оған іргелес аудандардың картасын жасайды, жануарлар мен өсімдіктер жайында, жалпы қазақ халқына қатысты түрлі этнография, тағы басқа бай материалдар жинайды. Барлыбайдың айтуымен тұщы су көздері бар Өлі Қолтықтағы Қызылтас мүйісінің оларға ыңғайлы екенін байқайды. Бекіністі осы жерден салып сауда-айырбастау арқылы олар құдіреті күшті, жыртқыш Адай руына ықпал етуге болатынын және олардың қысы-жазы осы жерде болатындықтан әскери гарнизон билігінен қашып құтыла алмайтынын түсінді. Балық пен итбалық аулау, аңшылық кәсіп және жергілікті адамдармен айырбастау арқылы екі жылда өз жағдайларын арттыруға болады деп есептеді. Бір айдан аса осы аймақты зерттеген Карелин Тасболаттың балалары Барлыбаймен және Құлжабаймен қоштасып, оларға 5 қап ұн, бірнеше орамал мен ер адамның көйлектерін сыйға тартады. Барлыбайдың туыстары оған атып алған бір еркек арқарын сыйлайды. Барлыбай оларға өзін ұмытпауды, келер жылы да жаз жайлауын осы Жаман Айрақтыда өткізетінін айтып қоштасады...
Сол кездегі Карелиннің есебінше, түбекті Ботақара Жаманқариннің қарауындағы мұңалдың 5 руынан 1800 үй, Тілепі Тасымов қарауындағы Тобыштың 8 руынан 1200 үй, түрікпенадайдың 6 руынан 100 үй, жеменей ауылдарынан Ақбота Мұса молда Ерназарұлы мен Есен Тасқынбай Бәйденұлының қарауындағы жеменей ауылдарынан 800 үй, Құнанорыс ауылдарынан 700 үй, Балықшы ауылдарынан 300 үй, Ақпаннан 200 үй, Тәзікеден 200 үй, барлығы 6200 үй қазақтар жайлаған делінеді.
1833 жылдары Карелинді азиялық департаменттің сыртқы істер министрі Петербургке шақырып, бекініс салу жөніндегі жобасын бекітті. Осылайша 1834 ж. отставкадағы артиллерия прапорщигі Г.С. Карелиннің басшылығымен Каспий теңізінің солтүстік-шығысында, Хиуа хандығына баратын жолдың бойында Қайдақ соры маңындағы Қызылтас мүйісінде 500 кісі әскер ұстайтындай Ново-Александровск қамалының құрылысы басталып, осы жылдың 22 шілдесінде әскери бекіністің салтанатты ашылуы болған. Патша өкіметі бекініс арқылы жергілікті қазақтар мен түрікмендерді Ресейге біржола бағындыруды rөздеді. Маңғыстау түбегінде патшалық Ресей ықпалының мықтап орнығуы осы қамалдан басталды. Бірақ кейіннен теңіз суының тайыздануына байланысты және Каспий-Хиуа сауда жолының тірегі болуға қолайсыздықтан, 1846 ж. кемелер тоқтауға ыңғайлы Қараған түбек айлағына көшіріліп, қазіргі Форт-Шевченко қаласының аймағынан Новопетровск бекінісі салынған...
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64472,64476,64475"]Тасболаттың Олжабай деген баласы туралы тың деректер 2018 жылдың шілде айында Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры, тарихшы-өлкетанушы Н.Құлбаевтың РФ Орынбор облыстық мемлекеттік архивіне іссапары барысында анықталды. Арабша жазылған құжаттардан Нұрлан Абызұлының аударуы бойынша «1836 ж. Ақбота Тасболатұлы Олжабай және Бектасұлы Жаңаберген, Бисен деген азаматтар болып, Зорбай тайпасы Өтеғұл Шақаұлы Бектау мен Құл баласы Қыдырәліұлы Бисен және Кердері (Шегем) Ханкелдіұлы Шақту болып үш орысты сатып алдық. Адай руы Түркменадай Жылқайдардан және Құнанорыс Сабақтан босатып алған үш орыстарымызды Қызылтастағы орыс әскери бекінісінің комендантына тапсырдық» деген мәліметтер оқылды (6-қор, 10-тізбе, 4512-іс). Олжабайдың ұлдарының бірі Дәуімшар Адайдың белгілі құдықшыларына Тасорпа жерінде және Үстіртте көптеген құдықтар қаздырған болса, Дәуімшардың бір баласы Әбду Адайдың құдық қазу дәстүрін жалғастырып, Долы апа жерінде және Таушықта, Ортаеспеде құдықтар қазған.
Маңғыстау мемлекеттік
тарихи-мәдени қорығының бөлім меңгерушісі
Нұрсәуле Дауымшарова