Түркістан облысында 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында самбо күресінен ҚР чемпионаты аяқталды. Маңғыстаулық спортшылар 4 алтын, 3 қола жүлдені иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Байрақты бәсеке қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының «Жас Батыр» спорт мектебінің спортшылары үздіктер қатарынан көрініп, командалық есепте топ жарды.
52 келі салмақта Айкүн Рахметова, 62 келі салмақ дәрежесінде Рамазан Мамаев және 64 келі салмақта сынға түскен Ақниет Тұрдан, 74 келі салмақта Нұрбек Қуанышұлы алтын жүлдені иеленді.
Ал 52 келі салмақта Нұрдаулет Әймбетов, 56 келі салмақта Гүлнұр Нұрғалиқызы және Дәурен Төлегенов 57 келі салмақ дәрежесінде Төлегенов Дәурен қола жүлдені қанжығасына байлады.
«Чемпиондар мен жүлдегерлерді және олардың бапкерлері Берік Жұмағалиев, Айбек Жанболатұлын Маңғыстау облысының самбо федерациясының президенті Ақжанов Айдостың атынан, Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысының міндетін атқарушы Қанат Жұмабаевтың және Маңғыстау облыстық «Жас Батыр« спорт мектебінің атынан шын жүректен құттықтаймыз! Алар асуларың көп болсын! «Елдің атын ер шығарар, Ердің атын ел шығарар» деген осындайда айтылса керек! Алар асу алда! Алға, Қазақстан!», - деп «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов әлеуметтік желіде өз құттықтауын жеткізді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді «Жас батыр» спорт мектебі ұсынды