©
Ералы Абдыров NFC ережесіз жекпе-жектен өткен халықаралық турнирде чемпион атанды. Ақтау қаласында өткен чемпионаттың ұйымдастырушылары Нұрбек Мұңлықов басқаратын NFC аралас жекпе-жек клубы. Ералы әзірбайжандық қарсыласы Тахмаз Ализадені бірінші раундта-ақ техникалық нокаутпен құлатып, жеңіске жетті.
- Сайыс өте тартысты өтті. Тахмаз Ализадемен бұрың-соңды кездесіп көрмегенмін. Бірақ осал жігіт емес екенін білемін. Қанша дегенмен әлем чемпионы, Әзірбайжан чемпионы, деген атақтары бар, өте тәжірибелі файтер. Әп дегеннен тізгінді өз қолына алып, мені нокаутқа жіберуге тырысты. Бірақ, тез арада есімді жинап, басымдықты өз қолыма алдым, - дейді Ералы.
Жаңаөзендік жастарға Ералы Абдыровтың аты жақсы таныс. Кудо, ММА, панкратион, грэпплинг секілді спорт түрлерінен белдесулерде асығы алшысынан түсіп жүрген жігіт. Таяуда ғана кәсіпқойлар арасында NFC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеудің иегері атанды.
Ералы - Жаңаөзен қаласындағы №3 орта мектептің түлегі. Ақтау қаласындағы политехникалық колледже автомеханик мамандығын игерген. Қазіргі таңда «Кезби» ЖШС-де жөндеуші болып еңбек етеді, жұмыстан кейін кудо спорт үйірмесінде балаларды жаттықтырады. Бала кезінен спортқа үйір жігіт бастапқыда күрес, каратэ үйірмелерін жағалай жүріп, 2014 жылы кудо спортына келеді. Арман Сұлтанбаевтың жаттықтыруымен 2015 жылдан бастап үлкен жарыстарға шыға бастайды. Сол жылы Орал қаласында грэпплингтен Қазақстан чемпионы атанады. Ералының жеңіс жолы осы сәттен басталды. 2015, 2016 жылдары Кудодан Қазақстан чемпионы, панкратион спорт түрінен Қазақстан және Азия чемпионы атағын иеленсе, 2017 жылы ММА ережесіз жекпе-жектен Қазақстан чемпионы титулын жеңіп алды.
Бүгінде Ералы Бахрейн әмірлігінде өтетін әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде. Чемпион болу үшін адамға еңбек, шыдам және темірдей тәртіп керек дейді. Айтуынша, ең үлкен мақсаты – UFC-де белдесу. «Шыны керек, UFC (Ultimate Fighting Championship) алаңына шығу кез келген ММА шебері үшін арман және мақсат» деген Ералы өзіне ресейлік Майрбек Тайсумовтың жекпе-жек стилі мен қарапайымдылығын, ММА чемпионы, Қазақстанның ең үздік жекпе-жек шебері отандасымыз Арман Оспановтың күш-жігерін үлгі ететінін айтты.
Әрдайым жарыстарға қатысуға қолдау көрсетіп жүрген өзі қызмет ететін «Кезби» ЖШС-ның басшысы Нұрлан Кезбаевқа ризашылығын білдіруді де ұмытпады.
Спорт – ұлтты әлемге танытатын бірден бір құрал. Үлкен спортта топ жарып, Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген азаматтар бүгінгі күннің батырлары. Жастар осындай рухы биік тұлғаларға қарап өссе, олардан үлгі алса дейміз. Ендеше, Ералыға да көтерілер тұғырың биік, артыңнан ерер ізбасарларың көп болсын дейміз.
Айжан НАСЫРОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64924,64925,64923"]