Маңғыстаулық Әмірбек Жеңісов дзюдодан әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Дзюдошы 66 келі салмақта сынға түсті. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Риодан спортшының өзі хабарлады.
Әскерилер арасындағы дзюдодан 38 әлем чемпионаты 6-13 қараша аралығында Бразилияның Рио да Жанейро қаласында өтіп жатыр. Әлем чемпионатында жер шарының 21 елінен келген 171 палуан бағын сынады.Чемпионаттың алғашқы күні қазақстандық дзюдошылар Әмірбек Жеңісов (Маңғыстау), Жақсыбек Жеңісбек (Қызылорда), Мәди Амангелді (Астана) қанжығаға 3 медаль байлады.
Маңғыстаулық Әмірбек Жеңісов бірінші жекпе-жекте кувейттік палуан Салман Ахадты 20 секунд ұстау арқылы «вазари» ұпайымен жеңіске жеткен. Екінші кезеңде ұпай жағынан қытайлық палуан Хи Джей Ленді жеңіп, ақтық белдесуге жолдамада бразилиялық Чебана Чарльзден ұтылып қалды. Алайда 3 орынға таласта тағы бір бразилиялық әлем чемпионы Каргин Данилді ойсырата жеңді.
Гүлсара ЖАЛҒАСҚЫЗЫ