Данияның астанасы Копенгагенде қарашаның 9-11 аралығында волейболды отырып ойнаудан халықаралық турнир өтті. Турнирге Маңғыстау құрамасы биыл үшінші мәрте қатысты. Бірінші жылы финалда жеңіліп, екінші орын алса, былтыр және биыл қатарынан алтын медальды еншілеп жеңіс тұғырынан көрінді.
Биыл жарысқа 7 елден 12 команда қатысты. Маңғыстау құрамасы өз тобында Англия, Германия және Чехия командаларын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
- Жартылай финалда жарыс қожайындары даниялықтарды жеңдік. Әрине, жергілікті командамен ойнау оңай емес, жанкүйерлердің мысы басатыны бар, одан қалса қазылардың да өз жерлестеріне бүйрегінің бұрып тұратыны жасырын емес. Әйтсе де біздің жігіттер жарады. Финалда Германия құрамасымен кездестік. Алғашқы минуттардан-ақ ойын тартысты басталды. Екі команда да оңайлықпен жеңісті қолдан бергісі келмеді. Бірінші партияда ұпай саны алма-кезек ауысып 25:22 есебімен біздің пайдамызға шешілді. Екінші партияда 19:19 есебімен тең түстік. Соңында біздің ардагеріміз Нұралы Құлышовтың берген добын қатарынан 5 рет қабылдай алмай немістердің командасы 25:20 есебімен ұтылды. Сөйтіп, 2:0 есебімен қазақстандықтар тағы да чемпион атандық, - дейді команда ойыншысы Құралбек Сейдов.
Копенгагендегі халықаралық турнирге Маңғыстаудан 6 адам барған. Құралбек Сейдов пен Жеңіс Өзбекбаев Жаңаөзеннен болса, команда капитаны Бауыржан Уразалиев, Ерболат Алтаев, Ғабит Назарбеков және әрі жаттықтырушы, әрі топтың ардагер ойыншысы Нұралы Құлышов Ақтау қаласынан.
Айжан НАСЫРОВА