Ақтауда үстел теннисінен С.Қондыбайұлын еске алуға арналған облыстық чемпионат өтті. Жарыс мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Чемпионатқа 15-ке жуық спортшы қатысты.
"Биыл үстел теннисінен жақсы нәтиже көрсеттік. Бүгінгі таңда 3 адам спорт шебері, 1 адам халықаралық спорт шебері атанып отыр. Алдағы уақытта да осы спортқа көп көңіл бөлеміз", - дейді спорт кешенінің директоры Мұрат Бейсенбаев.
Жарысқа қатысушылардың бірі - Тұрдыбек Мұратқалиұлы. Ол мектеп жасынан бастап осы спортпен айналысады.
"Алғашқы уақытта аса ұнамады. Кейін бар ынта-жігерімді салып, ойнағанда нәтижеге қол жеткізе бастағанымды сездім. Міне, содан бері үстел теннисінен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Жақында Нұр-сұлтанда өткен спартакиада бақ сынап, 3-орын алдық. Оның алдында Қостанайға барып, турнирден 1-орынды қанжығаға байладым. Ендігі мақсатым - халықаралық жарыстарға шығу. Ол үшін үздіксіз еңбек керек", - дейді Тұрдыбек Мұратқалиұлы.
Облыстық чемпионатта Тұрдыбек Жидеғалиев үстел теннисін тұрып ойнау бойынша 1-орынды иеленді. 2-орын Жанболат Коштаевқа бұйырды, ал 3-орынды Сәбит Оразбаев еншіледі.
Отырып ойнау бойынша 1-орынды Мейірбек Өтепов, 2-орынды Ғабит Мырзабаев алды. Жүлделі 3-орын Асетке берілді.
Сонымен қатар отырып ойнау бойынша әйелдер арасында 1-орынды Жазира Ақбердиева иеленсе, Бақыт Құдайбергенова 2-орынды қанжығасына байлады.
Тұрып ойнау бойынша әйелдер арасында 1-орынды Ақкүміс Бокаева алды. 2-орынды Людмила Васюткина еншіледі. 3-орын Жанар Бекмағанбетоваға бұйырды.
Бүгінде үстел теннисіне қатысушыларға 2 жаттықтырушы бағыт-бағдар береді. Бапкерлердің айтуынша, қатысушылардың қызығушылығы басым.
"Мүмкіндігі шектеулі жан болса да, олардың қабілеті ерекше. Он екі мүшесі сау адамдармен тең дәрежеде ойнайды. Сезу, есту, түсіну қабілеті жетілген. Ойынды тез игеріп алуға бейімделген. Қазіргі таңда пара үстел теннисінен 6 спортшы ҚР ұлттық құрама сапында бар. Келесі жылы республикалық, халықаралық жарыстарға қатысу жоспарымыз бар", - дейді аға-жаттықтырушы Наурызбек Бақтығұл.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА