Маңғыстауда самбодан ҚР құқық қорғау, арнайы және күш-құрылымдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қатысуымен өткен ІІМ және “Динамо” ДШСҚ ОК Х ведомствоаралық спартакиадасы қорытындыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстық ПД бастығы полиция генерал-майоры Аян Дуйсембаев алғысөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады. Айта кетейік, Аян Сабитұлы - дзюдодан КСРО және қазақ күресінен Қазақ КСР спорт шебері.
Жарыста 31 команда, 217 спортшы бақ сынады. Оның ішінде 5 әлем чемпионы, 9 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, 1 ҚР еңбек сіңірген, сондай-ақ 53 спорт шебері бар.
Департаменттер арасындағы жарыс қорытындысы бойынша өңір намысын қорғаған Маңғыстау облысы полиция департаментінің құрама командасы жүлделі 1-орынды қанжығаға байлады. Екінші орынға Астана қаласы командасы жайғасса, Алматы қаласынан келген спортшылар тобы 3-орынды еншіледі.
“Динамо” қоғамының ведомствоаралық спартакиадасының нәтижелеріне сәйкес, ІІМ командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын “Динамо” спорт қоғамына бұйырса, 3-орынды ҚР Ұлттық ұлан командасы иеленді.
— Баршаңызды дүбірлі доданың сәтті аяқталуымен құттықтай отыра, жеңісті күндерде кездесуді тілеймін. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы, барлық қатысушылар сайысты аман-есен қорытындылап, отбасыларына оралады, - деді Аян Дуйсембаев.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, диплом және кубоктар табысталды, сондай-ақ сый-сыяпаттармен марапатталды. Төрешілер мен сайысты ұйымдастырушылардың жұмыстары да ерекше атап өтілді.