Семейде самбо күресінен ересектер арасында Қаракерей Қабанбай батырдың жүлдесіне арналған ХХІ ашық республикалық турнирі өтті. Жарыста маңғыстаулық спортшылар 3 алтын, 2 күміс жүлде иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Турнирге әр аймақтан жиналған 300-ге жуық самбошы қатысты. Ал маңғыстаулық спортшыларға қолдау көрсету үшін Маңғыстау облысы самбо федерациясы атынан Бекнұр Бәлиұлы, Нұркен Таменов, Элдар Машырықов барды.
Нәтижесінде, қыздар арасында 50 келі салмақта Айкүн Рахметова алтын медаль алды. Гүлдана Әлмұханбетова 54 келі салмақта алтыннан алқа тақты.
Ал ерлер арасында 58 келі салмақта Нұрсұлтан Жұбатқан жүлделі 1-орынды қанжығаға байлап, алтын алды.
Сонымен қатар 50 келі салмақта Мерейлім Кеңесбек, +98 келі салмақта Азамат Ахметов Азамат күміс медаль иеленді. Оған қоса үш спортшы ҚР спорт шебері нормативін орындады.
«Спортшылардың қуанышында шек жоқ. Айта кетейік, бұл бапкерлік жұмысқа енді кіріскен ҚР бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Әлем кубогының иегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бағлан Ибрагимнің алғашқы облыс құрама командасына жетекшілікте барған жарысы болатын. Бағлан батырдың өзі жүріп өткен жолы да, жетістіктері де жақсы. Маңғыстаулық спорт сүйер қауымды және тілеулес ағайдын дос жаранды аталған жеңіс-жүлделерімен шын жүректен құттықтаймын!» - деді «Жас батыр» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов.
Еске сала кетейік, бір ай бұрын самбодан Ташкентте өткен Әлем чемпионатында маңғыстаулық Гүлдана Әлмұханбетова алтын жүлде, Нұркен Домбаев қола жүлдеге ие болған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА