26-27 қараша күні Орал қаласында грэпплинг және грэпплинг-ги-ден ерлер мен әйелдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында маңғыстаулық спортшы чемпион атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 400-ден астам спортшы қатысты. Маңғыстау құрамасы жарыста 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленді.
Атап айтқанда 66 келіде Райыс Жеңісұлы күміс жүлдегер атанса, Бекзат Қапашов чемпион атанды. Ал, 84 келіде Бекарыс Медеуов және 92 келіде Ержан Тұрғанбаев қола жүлде иеленсе, 130 келіде Генрих Багдасарян күмістен алқа тақты.
Грепплинг спорт түрінен МО аға жаттықтырушы Жеңіс Қайрановтың айтуынша, Бекзат Қапашов пен Райыс Жеңісұлы 66 келі салмақта өнер көрсеткен 18 адамның ішінен басып озып, финалда екі маңғыстаулық спортшы кездесіп жүлдені бөлісіп алғанын атап өтті.
Айта кету керек, грэпплинг спорт түрінен Маңғыстау құрамасы командалық рейтинг бойынша республикада бірінші орынға шықты. Бұл туралы ҚР грэпплинг қауымдастығының жыл сайынғы өтетін конгресінде атап өтілді. 2022 жылғы жарыстардың қорытындысын есептей келе командалық рейтинг бойынша республика көлемінде Маңғыстау құрамасы 89 медаль санымен, Астана қаласы мен Павлодар облысынан басып озды.