Ақтауда ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Александр Драчты еске алуға арналған бокстан ашық республикалық турнир басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Александр Драчты еске алуға арналған ашық республикалық турнир алғаш рет өткізіліп отыр. Жарысқа Қытай, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттерінен және елдің Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы, Маңғыстау облысынан 50-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев қатысып, өз лебізін білдірді. Ол өз сөзінде Александр Драчтың өңірде бірқатар мықты шәкірттерді тәрбиелегенін, Маңғыстау спортының дамуына қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
Александр Драчты еске алуға арналған турнир 17 шағынаудан «Халық арена» спорт кешенінде 24 желтоқсанға дейін жалғасады.
Айта кетейік, Александр Драч – қазақ спортының, соның ішінде Маңғыстау спортының дамуы мен өркендеуіне бір кісідей еңбек сіңірген азамат. 60-шы жылдары Маңғыстау өңіріне бокс спортын алып келген. Спортқа қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, сондай-ақ Ақтау қаласының (1997 ж) және Маңғыстау облысының (2014 ж) «Құрметті азаматы» атанды.