22 желтоқсанда Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттары талқыланды.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2022 жылы Маңғыстау облысында бала туу көрсеткішінің оң динамикасы байқалады. Жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 36,6 пайызға төмендеген.
Биылғы жылдың маусым айында Жаңаөзен қаласында көпсалалы аурухана ашылды. Ақтауда заманауи қондырғылармен жабдықталған жаңа онкологиялық диспансер ашылды. Дәрігерлер басқа аймақтарға онкологиямен ауыратын науқастардың баруының азайғанын байқап отыр.
Сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасы базасында ауруды ерте анықтау мен оңалту орталығы жұмысын бастады. Аталмыш нысанның ашылуы оңалту еміне мұқтаж балалардың республикалық орталықтарға бармай-ақ емделуіне мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру жоспарларына тоқталды.
– Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында Мұнайлы ауданында 150 төсектік орталық аудандық аурухананың құрылысы басталды. Сонымен қатар, «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Жаңаөзен қаласындағы Рахат ауылында медициналық емхананың құрылысы аяқталуда, - деді Аманбек Жұмыров.
Нұрлан Ноғаев облысымызда медициналық көмек мүлдем көрсетілмейтін ауыл жоқ екенін атап өтті. Ал, сол медициналық қызметтердің сапасы, ол - бөлек тақырып.
– Ауылдардағы медициналық көмектің сапасын арттыру қажет. Егер сол ауыл тұрғындары дәрігерлердің қабылдауы мен тексеруінен дұрыс өтсе, олар қалаға білікті дәрігер іздеп келмес еді. Бөлінудің қажеті жоқ. Әрбір ауыл тұрғынының сапалы медициналық көмек алуға құқығы болуы үшін тиісті шараларды қабылдау қажет. Ол үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, кадр тапшылығы мәселесін шешуге көңіл бөлу қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.