22 қараша күні Ақтөбе қаласында «NAIZA» промоушенінің ұйымдастыруымен өткен «BATYRBALL» лигасына Маңғыстау облысының «QAZAQTYN QARA BALASY» атты құрама командасы қатысып, 8 топтың арасынан қола жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстаулық команданың құрамында регбиден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Николай Белкин, бокстан спорт шебері Рүстем Егеубеков, еркін күрестен Әлем чемпионы Абай Смагұлов, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Имашев болды. Ал Азамат Әбілов топ құрылтайшысы, Нұрбек Мұнлыков бас төреші болды.
Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл жаңа спорт – октагондағы баскетбол. Спорт түрінің авторлары - қазақстандық MMA Naiza Fighting Championship лигасының басшысы Нұрбек Қарабала және «Астана» баскетбол командасының бас директоры Самсон Аракелян.
Жаңа спорт түрінде күрес пен баскетбол элементтері араласқан. Сайыс үш адамнан тұратын командалар жарысатын жекпе-жек октагонында өтеді.
Балуандардан, боксшылардан, регби ойыншыларынан құралған сегіз команда олимпиадалық жүйе бойынша турнир өткізіп, жеңімпаздар анықталды.
- Batyr ball - өте динамикалық және жылдам спорт түрі. Октагонның шағын ауданы босаңсуға мүмкіндік бермейді. Көрермендерді алаңнан алшақтату мүмкін емес, - дейді маңғыстаулық топтың мүшесі Николай Белкин.