ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар дайындады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі жаңа тармақпен, яғни "Арнаулы кәсіби мемлекеттік жәрдемақылар тағайындаумен" толықты.
Жаңа толықтыру аясында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің өнеркәсіп пен салаларды дамытуға қосқан қомақты үлесі ескерілмек. 55 жастан бастап зейнет жасына дейін арнайы әлеуметтік төлемдерді енгізу жоспарлануда. Төлем барысында қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянның дәрежесі ескеріледі.
Қазіргі уақытта заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында қаралуда. Құжат жобасы 20 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" веб-сайтында орналастырылған.
Бұған дейін Қазақстандық кеншілер жаңа әлеуметтік жеңілдіктерге ие болатыны айтылған еді.
Еңбек министрлігі зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арнаулы кәсіби мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, жаңарту және төлеуді тоқтату қағидаларының жобасын әзірледі. 2024-2026 жылдарға арналған арнаулы кәсіби мемлекеттік жәрдемақыларды төлеуге арналған республикалық бюджеттен шығыстар 84 754,8 млн теңгені құрайды.