Ақтаулық еріктілер осы уақытқа дейін 81 жалғызбасты тұрғынға және 162 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жастар жылы қарсаңында еріктілер «Көмекші ұстаз», «Көмекші дәрігер» мен «Қыз жолы» атты жобаларды тұрақты орындап жатыр. Волонтерлер жалғызбасты зейнеткерлердің үйінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, көп балалы отбасыдан шыққан оқушылардың сабақ үлгерімін арттыруға қол ұшын созып жүр. «2017 жылдан бері «Жүрегі толы мейірім» жобасы аясында облысымыздағы жалғызбасты ата-әжелеріміздің үйін жинастырамыз. Батасын алып, сыйлықтарымызбен қуантамыз. Аздаған азық-түлік, киім-кешектерді аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек ретінде ұсынамыз», - дейді еріктілер корпусының үйлестірушісі Өнер Құлшағаев. Бүгінге дейін үш жүзге жуық студент еріктілер тобына қабылданған. Олар бос уақытында жастар орталығында бас қосып, тегін семинар-тренингте көшбасшылық қабілетін дамытады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА