Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Мейірім өскіні» атты ерекше қайырымдылық топ бар. Топтың ерекшелігі оның құрамындағы мүшелердің мектеп оқушылары екендігінде. Бұл оқушылар төртінші жыл қатарынан Маңғыстаудағы мүжәлсіз отбасылар, ем-шараны қажет ететін балаларға және толық емес отбасыларға көмек көрсетумен айналысып келеді. Ал биыл олар «Back to school» атты жобаны қолға алып, осы жоба аясында жаңа оқу жылы қарсаңында 5 отбасының балаларына мектеп жабдықтарын алып берді. - Жазғы демалыс кезінде қайырымдылық топ мүшелері демалған жоқ, - деді 11 «В» сынып оқушысы Жансая Монтаева. - Түрлі іс-шараларға ерікті ретінде қатысып, белсенділік танытты. Ата-аналардың мектепке қажетті құралдар алып беруде қиналып жүргенін көреміз. Жақында бір ата-ана баласын мектепке дайындауға 100 мың теңгеден көп қаржы жұмсалды дегенде жағамызды ұстадық. Соны ескеріп, біз «Back to school» жобасын жүзеге асыруды ұйғарғанбыз. Балалардың бастамасына ата-аналар мен биыл студент атанған мектеп түлектері де белсенді қатысқан. Ұйымға бірі қаржылай көмек берсе, енді бірі заттай әкеліп берген. - Бұл жобаның жүзеге асуына ата-аналардың көмегі көп тиді. Өйткені олар да бала өсіріп отырғандықтан жағдайды жақсы түсінеді деген ойдамын. Оларға шексіз ризамыз. Ал оқу орнын бітіріп кеткен түлектеріміз бізбен үнемі байланыста және жобаларымызды қолдап, мүмкіндігінше көмектесіп тұрады, - дейді Динара Серікқали есімді ерікті. Ал топ мүшесі Тәжімұрат Жұмағалитамыз айының 25-інен бастап мектеп ғимаратына келіп, 4-5 баласы бар ата-аналарға оқу-құралдары мен сөмкелер таратып бергендерін айтты. - Біз сол ата-аналардың ризашылығын көріп, қуануларына себепкер болғанымыз үшін қуаныштымыз, - дейді ол. - Кезінде қазақта «жылу жинау» деген ғұрып болған. Ауыр жағдайға ұшыраған отбасыларға ауыл тұрғындары қаржылай немесе заттай қайырымдылық көмек көрсетеді екен. Ал біз халқымыздың жақсы дәстүрлерін жалғастырушымыз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА