Жуырда Ақтау қаласында Абай атындағы мәдениет демалыс кешенінде Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған салтаннатты жиын өтті. Шараға Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, Энергетика министрлігі Мұнай өнеркәсібін дамыту департамент директорының орынбасары С.Каримов, “ҚазМұнайГаз” ҰК басқарма төрағасы А.Айдарбаев және мұнай кәсіпорындарының басшылары, қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. Өңір басшысы сала еңбеккерлеріне құттықтау лебізін білдіріп, ерен еңбектері үшін марапаттады. — Құрметті мұнайшылар, қазақтың сайын даласын әлемге танытқан мұнайға 120 жыл толып отыр. Маңғыстау мұнайшыларын мұнайшылар күні және Қазақстанның мұнайына 120 жыл толуымен құттықтаймын. Сіздердің еліміздің өркендеуіне, индустриялды-инновациялы қорды дамуына қосқан үлестеріңіз зор, — деп өңір басшысы мұнай қызметкерлеріне деген алғысы шексіз екенін жасырмады. Ал Алик Айдарбаев жиналған жұртты мерекемен тағы да құттықтап, еліміздің мұнайының тарихына кішкене шолу жасады: — 1899 жылы Қарашүңгіл кен орында алғаш мұнай бұрқағы атқылады, ал 1911 жылы Доссор кенінде қара алтын көзі табылғаннан кейін, оны өндірістік жолмен игеру қолға алынды. Содан бері мұнай газ саласы талай белестерден өтті. 60-жылдары Маңғыстауда геологиялық жұмыстар қарқындай түсті, осылайша 1961 жылы Өзен мен Жетібай, 1974-1979 жылдары Қаражамбас және Қаламқас кен орындары ашылды. Ата-бабамыз аңсаған еркіндікке қол жеткізген соң, осы қазба байлығымызды халықтың игілігіне жұмсау мүмкіндігі туды. Сол жылдары мұнай газ саласына озық технологиялар енгізіліп, отандық және шетелдік инвесторларды тарту қажет болды. Осы орайда бірінші президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесін атап өткеніміз жөн. Арқасында елімізге әлемнің алпауыт компаниялары келе бастады. Бүгінгі таңға дейін салаға 200 млдр АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Осының бәрі өндіріс тиімділігін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға, сол арқылы мұнай газ кешенін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Кейін ірі кен орындары іске қосылды, атап айтқанда, Қашаған, Қарашығынақ, Теңіз, Қаламқас және т.б. Соңғы 28 жыл ішінде қара алтынды өндіру көлемі үш есеге артты. Өткен жылы Қазақстанда 90 млн тонна мұнай өндірілді. Мұндай көрсеткіш бұрын соңды болмаған. Қазір мұнай өндірісі бойынша әлемде он үшінші орында тұрмыз, — дейді “ҚазМұнайГаз” ҰК басқарма төрағасы. Қазақстанның мұнай-газының 30%-ы Маңғыстау облысында өндіріледі, яғни жылына 18 млн тоннадан астам мұнай және 3 млрд текше метр табиғи газбен қамтамасыз етеді. Мұнай өңір бюджетінің басым бөлігін құрайтын бірден бір сала. Мәселен, тек биылғы жылдың алғашқы алты айында өңір қазынасы «Маңғыстаумұнайгаздың» өндірістік қызметі нәтижесінде 4,3 млрд теңгеге толықты. Міне, осы “қара алтынға” 120 жыл. Осы орайда С.Трұмов бірнеше азаматтар мен азаматшаларына саладаға еселі еңбегі үшін Маңғыстау әкімінің Құрмет грамотасы, сондай-ақ «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» ҚР Энергетика министрлігінің медалін табыстады. Атап айтар болсақ, мұндай құрметке “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ, “Қазмұнайтеңіз” ЖШС, “Қаражамбасмұнай” АҚ, “Емир-Ойл” ЖШС, “Бузачи Оперейтинг ЛТД” филиал компаниясы, “Petro Welt Technologies Kazakhstan” және тағы да басқа облыстың бетке ұстар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан мұнай мамандары бөленді. Шара соңы Ақылбек Жеменей, Айгүл Қосанова және тағы да басқа Маңғыстаудың талантты жастар өнер көрсеткен концерттік бағдаламаға ұласты. Жиыннан соң қонақтар биыл туылғанына 110 жыл толып отырған даңқты мұнайшы Сафи Өтебаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Арай ЖАУПЕРОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84690,84687,84688,84692,84693,84694,84685,84686"]