Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасы екі күнге жалғасты. Мешіт қызметкерлері бірінші күні 33 адамға өз сыйлықтарын табыс етсе, екінші күні 28 баланы қуантты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Мешіт тізімінде тұрған көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтары бар сөмке берілді. Әрбір перзентті қуанышқа бөлеу, мұсылман баласына жақсылық жасау – басты міндет. Білім алуға ниеттенген бүлдіршіндердің жағдайын жасау, жетпегенін беру мұсылман баласына тән ізгі қасиет. «Ақтаудағы аз қамтылған отбасының тізімін жасап, мектеп жасындағы балалары бар отбасыларға қайырымдылық акциясын жасадық. Мектепте пайдаланатын құрал-жабдықтар мен сөмкелерді балаларға табыстадық. Қазір баланың бәсекеге қабілетті, білімді әрі озат болу үшін жағдай жасалуы тиіс. Алайда көптеген отбасы қажеттілікке қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұжымы мектеп оқушыларының керекті заттарын алып берді. Мұсылман баласы әрдайым ізгілік танытып, қайырымдылық жасауы керек, соның ішінде білім алуға асыққан перзентке қолдау беруіміз қажет. Ата-аналар да өз тарапынан алғыстарын айтып жатыр», - дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің наиб имамы Іздібай Қобланов. Ақтау қалалық мешітінің тізімінде тұрмысы төмен отбасы ретінде тұрған 5 баланың анасы Нұрия Дәулетбаева ізгі іс иелеріне өз алғысын айтты. «13 шағынауданда орналасқан қалалық Бекет ата мешітіне алғысымыз шексіз. Балаларымызға арнайы сөмке табыстап жатыр. Қуаныштымыз. Бір баламды мектеп формасымен қамтамасыз етті, енді міне қызыма қажетті заттары бар сөмкені сыйлап жатыр. Мешіт ұжымының жұмысына сәттілік тілеймін, Алла разы болғай! Мейірімді жандар көп болғай!» - дейді ата-ана Н.Дәулетбаева.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА