©
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Медет Дүйсенов енді әзіл-оспақ отауына да ат басын бұрыпты. Езудегі емеурін астарында күнделікті өмірде кездесіп қалатын көлеңкелі көріністер мен түрлі-түрлі тіршілік түйткілдері жатқанын түйсінесің. Қысқа қайырымдар мен қисынды айтылған әдемі әзілдер күлкі шақырып қана қоймай еріксіз ойландырады. Автор – айтар ойын жеңіл юмормен әдіптеп, мегзей айтып жеткізуге шебер.
Дайындала берің...
Баяғының шалдары «адамды мал өлтіреді» деп мәтелдеп отырғанда мән бермеуші едік. Мүмкін, бұл күнкөріс көзі болған малды бағудың оңай еместігін, қиындық-азабын меңзеп айтқандары шығар. Ал біздің Әлпештің айтары басқа «адамды мал өлтірмейді, бала өлтіреді» дейді.
«Қойшы, қайдағыны айтпай» дейміз ғой баяғы.
– Қоятыны жоқ. Қаны сорғалаған шындық, шырағым. Малдан не зиян көрдің? Етін жейсің, артылғанын сатасың. Қазы-қарта, жал-жаясын жеп, шұбатын іші-і-іп жатасың... Ал бала болса ше, жүйкеңе ши жүгіртеді ғой, ши...
Бала демекші, Әлпеште бақандай бес ұл бар. Кішкентай күндерінде түк қиындығы жоқ сияқты еді. Езуіне емізікті тығып тастап, жұмысыңды жасап жүре беретінсің. Есейгендері, есі кірмегендерге «кәмәндір» болып үйде қалатын. «Қызығы» кезек күтіп, кейінде тұр екен ғой. Әлгілер, Әлпештің өзімен бірдей болып сорайып-сорайып шыға келді де, бітіп болмайтын, ішектей шұбатылған «шытырман» оқиғалы «телесериал» басталды да кетті. Олары кейбір оңған қызық дейсің, қайсыбірін айтып, тауысарсың...
Қашанда, қанатын жайып балапандарын қорғаған құстай болып шырпыры шығатын – Әлпеш пен әйелі. Талыстай романның тарауларындай тармақ-тармаққа бөлініп, желі тартып кете береді. Соның бір тармағының тамырын тартып көрейікші, сол да жетер...
...Түн ортасы. Үй-іші ұйқының ұйығына батып кеткелі қашан. Әлпештің әлпештеп өсірген балдарының біреуінен басқасы түгел. Сирақтарын тырнадай созып алып, тырайып-тырайып жатыр. Бір мезгілде, Әлпештің жастығының жанындағы ұялы телефоны бебеулей жөнелді. Жаны шығып бара жатқандай қайта-қайта безілдейді. «Түн ортасы ауғанда тыныштық бермеген бұ кім болды екен?» деп төсін тыр-тыр қасып, тыңдаса – Жанкеш! Бірдеңе бүлдіріп қойды ма деп жүрегі «зырқ» ете түскен Әлпештің онсыз да адырайған көздері алақандай болып: – Жаның шыққыр Жанкеш-ау, жайшылық па әйтеуір?
- Дайындала берің! Келіншек әкеле жатырмын.
- Не дейд!?.. Алдын ала айтқаныңда ауызың қисайып кететін бе еді, о, несі-әй! Құдайдың қу жарығы бұйырмай, түнде тықақтағаның қай сасқаның. Атаңның басын дайын-дайын ба, жеті түнде?
- Енді... Қайтейін, солай болып қалды...
Аңтарылып қалған Әлпекең өз-өзіне келіп, қауғадай басының қауашағын жұмыс істете бастады. Әуелі әйелін түрткілеп тұрғызып алды да «төтенше хабарды» құлағына құйып, содан соң, сорайып жатқандардың ішіндегі «осы қалай» пысықайларын оятып, иін қандырып, қайта-қайта пысықтап тапсырмалар берді. Қараңғы түнде қаңғалақтап жүріп, дүкеншінің үйінің есігін қаққылады. Солай да солай...
Ақыры дүкенді аштырып, ақыр заман келіп аштан қататындай, ащысы бар, тұщысы бар, тамақтың түр-түрін дән тасыған тышқандай үйіне қарай балаларына тасыта берді, тасыта берді... Түн ортасынан ауа отырмақ... Ертесіне құданың алдынан өту... Беташар... Жалпы той... Жастардың кеші... Құдаларды шақырып, қарсы алу тойы... Көршікөлемді шақыру... Қыздың төркін жұртына бару... Тәтті шәй... тағысын-тағылар тіркесіп, тәлтіректетіп барып сап тиылды. Арқасынан ауыр жүк түскендей болған Әлпеш, еңсесін тіктеп, ел қатарлы жүріп жатты.
...Тағы да түн ортасы. Әлпештің ұялы телефонының шырылы әзірейілдей әкетіп барады.
- Әләу, бұл кім? – деді, ұйқысын аша алмай ұйқы-тұйқы болып отырған отағасы.
- Бұл, мен ғой... Тәңкеш... Дайын дала берің! Келіншек әкеле жатырмын.
- Ау, ертерек ескертіп, айтып қоймаймысың? Құдды біріңнің аузыңа бірің түкіріп қойғандай. Түннен басқа, күн барын білемісің? Күн, күн!.. Тәңкеш болмақ түгілі «танкі» болсаң да, күн шыққанша кідіре тұр. Көйлек-дамбалымызды тауып алып, адам қалпымызға келейік. Сосынғысын, асықпай көрерміз! – деп Әлпештің талағы тарс айрылды. Баяғы алашапқынның бәрі қайта басталып, соңы сұйылып барып саябырсыған сәтте, Әлпештің ұялы телефоны тағы да «ойбайлады».
– «Әләу» деді, ойында ештеңе жоқ Әлпекең жайбарақат.– Папа, Кәлкешпін. Дайындала берің, келіншек әкеле жатырмын! Тәңкештің тойтомалағын аяқта ғаны жаңа ғана. Кәлкештің, бұл қай қылығы, ей!? Түңілетіндей не бопты, түн іші емес қой әйтеуір, бірдеңе қылармыз, – деп өзін-өзі іштей жұбатқан Әлпеш, «әкеле бер!» деді абыржыған күйі.
Миында «Дайындала берің!» деген сөз дың-дың етеді.
Еріккеннің ермегі
Сиқым совхозда май құюшы болып істейтін.Май құятын орын «гараждың» қасында тиіп тұр. Кісі бойынан асатын үлкен-үлкен екіүш темір бөшке мен май құятын жалғыз «колонка» – бары осы. Келген мәшіндерге май беріп тастап, арқасын аулаға тіреп күншуақта маужырап отыр. Әншейінде бірінен кейін бірі «ырылдап» келіп ырбиып тұрып алатын мәшін жоқ. Жым-жырт. Әбден іші пысты.
Екі көзі үңірейген індікештерде. Ірілігі мысықтай суырлардың секеңдеген қимылдарын қызықтап қараумен болды. «Тышқанның ініне май құйып көрейінші» деген бір ой санасында жылт ете түсті де, шелек толы бензинді алып барып, алдында тышқан кіріп кеткен інге құя бастады. Құйғаны іннің жұмырына жұқ болатын түрі жоқ, жеті басты жалмауыздай қылқылдатып жұтып жатыр, жұтып жатыр... Қалтасынан сіріңке алып шағып, іннің ішіне от берді. Құдай басқа салмасын, бір мезетте үсті-басы лаулап жанған бір суыр іннен шыға сала құдайдың қу даласы жетпегендей тұп-тура бензин толы бөшкелерге қарай тартпасын ба. Сиқымның зәресі зәр түбіне кеткені соншалық, жолды кесіп көлденең құйғытқан киіктей тышқанның алдына қарай айғайлай жүгіріп, қос алақанымен жердегі топырақты жандәрмен бұрқырата шашумен болды.
Айналасын ала шаң қылып, жер тырналаған иттей жанталасқан бей мәлім «жануарға» жолағысы келмей жалт бұрылған тышқан тап келген інге кірді де кетті. Сиқымның сиқы адам аяғандай. Борбайынан ащы тер сорғалап, борша-боршасы шыққан. Оның үстіне бет ауызы бес батпан топырақтан кісі танығызсыз күйге түскен. Ырсылдап, ентіге демалып әлгі тышқан кірген інге келіп, ауызын нән қара таспен бастырып тастап «уһ» деді, иығынан ауыр жүк түскендей.
Іннің бір емес, бірнеше жерде ауызы болады дегенді естігені бар, сол есіне түсіп май толы бөшкелер мен індердің аралығына келіп қонжиды. Осы кезде, екі аяқты көсіліп қойып, шынтақтай жатып ішетін Шәлпиінің шәйінен де қағылды. Әр інге алақтай қараумен көздері талды. Жіпсіз байланып, мөлиіп отыр. Біліп бола ма, бір іннен бықсып шыға келсе...
«Груз» байлау
Терістік жаға беттегі малшы ауылдарын аралап, кешкісін Шытжада отырған «С» деген қойшының үйіне көлік соқты болып, шаршап-шалдығып жеттікау.
Жайғасып, жағамыз жайлау болып жатырмыз. С-ның әйелі шәй берудің қамында жүр. Аяғында абажадай 45 размерлі кирзадан тігілген етік. Кіріп-шыққан сайын, дүріс-дүріс, тырып-тырып, сырп-сырп... Керсендей етікті көтеріп басудың өзі де күш екендігі көрініп-ақ тұр.
Шаршаған тек біз бе десек, шаршаудың көкесі осында екен. «Көзімізді уқалап, таң сәріде тұрғаннан қара кешке дейін мына әйелім екеумізге бір тыным жоқ, шаршағаннан сүрініп жығыламыз», – дейді С. Шаруаның қиындығын кесе көлденең тартып.
– Солайы солай ғой, бірақ анау әйеліңіздің аяғына пәлен кіләлық «груз» байлап қойғасын шаршамай қайтсін! – деді ішіміздегі тілінің тікенегі бар біреу.
Қонақтар еріксіз күліп жіберді.Ана жақ, мына жақ...
- Ақсақал, сусын бар ма, шөлдеп келем. - Е, неге болмасын, мә іше ғой. Қайдан келесің шырағым? - «Ана жақтан». - Ана жағыңның аты жоқ па, немене? - Түрмеден. - Қайда барасың? - Мына жаққа. - Ой, сөзің бар болсын. Мына жағың қай жақ өзі? - Анау қыстаудағы қораның қиын аударуым керек еді, тапсырма солай. - Е, бүргеге талануға барам десейші. Туған жерің қайда еді? - Осы жер. - Өзің бір қызық адам екенсің, «ана жақ» дегенің – түрме болды, «мына жақ» дегенің – бүрге болды. «Осы жер» дегенің де көш жер шығар. - Ақсақал «қызық адам» дегеніңізге көп-көп рақмет! Мені ылғи да бұзық адам деуші еді...- Ой, сөзің бар болсын, сөзің бар болғыр... «Қызық» дегеннің де қайбір шекесі қызып тұрған сөз дейсің. «Түзік адам» деген сөз естуге тырыс!
Сендеймен сөйлеспейді
Алтыншы сыныпта (ол кезде класс) оқып жүрген кезіміз.Ақпан айы. Күн қақап тұр. Соңғы «дене шынықтыру сабағы бола қоймас, таратып жіберер» деген есек дәмемізден ес кетті. Оқытушымыз Бекмұқан Былшықкөзов парталарды сынып бөлмесінің артқы жағына жинаттырып, ашық алаң жасап алды да «ұрысқа» дайындықты бастады.
Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан, жау оғынан жарақаттанып «контузия» алған қатал мінезді кісі-тұғын.
Қаз-қатар тұрып Бекеңнің бұйрығымен иіліп-бүгіліп, шалқайып-талтайып тұрғанымызда, ышқына шыққан оқыс дыбыстан селк ете түскен оқушылар қимылдарын кілт тия қойды. Әлемтапырық иіс танау атаулыны лезде тауып алып жатыр. Дене шынықтырмақ түгіл, демалудың өзі мұң бола бастады. Есікті айқара ашып тастаған мұғалім «Айтыңдар, кәне қайсың?» деп ашулы көзімен тінте қарап, қатарды жағалайжағалай «жарылыс болған жерге» жақындады. «Ұрының арты қуыс» демекші, кінәлі бала жайына қарап тұра бермей! – «Жел» шыққан жоқ ағай. Қолымды көтергенде, көйлектің қолтығы жыртылып кетті... – деді беті бүлк етпей.
- Соғыс кезінде сендей өтірікші мен сөйлесіп жатпайды, – деп Бекең қолын бір сілтеді.
«Тиексіз де тартуға болады»
Тиексіз күй тартып көрдіңіз бе? «Жоқ» дейсіз бе?Ендеше біз тартқанбыз. Тартқанда да бір емес, бірнеше күй тарттық. Біз деп отырғаным: Сайлаубай, Рза және мен. Тиексіз тартысымыздың тарыдай ғана тарихы бар еді, соны көлденең тартайын. Аудан орталығы Шетпе поселкесінде болатын мерекеге байланысты, үлкен концерттік бағдарлама дайындалатын болып, соған жержерден өнерпаздар шақырылды.
Таушық ауылынан оркестрге біз қатысатын болдық. Ертеден қара кешке дейін домбыраның екі ішегіне тыным жоқ, бебеулетеміз де жатамыз. Жарты ай дайындалып, күткен күніміздің де төбесі көрінді-ау. Концерт түстен кейін басталатын болып, түскі асқа тарастық.
Біз үшеуміздің қонақ үйіміздің тамағы «темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей» болғанда алдымызға келді де, апыл-ғұпыл іше салдық. «Мәдениет үйіне» тойған қаздай мамырлап, маңғаз басып кіріп келсек, оркестр мүшелері орындарын да, домбыра қолдарында, автомат ұстағандай сіресіп отыр. Біздің домбырамыз тиектен жұрдай болып бұрышта бір-біріне сүйеніп, жетімсіреп тұр екен.
Біреу болса бірсәрі, бақандай үш күйшісі келмей іші күйіп тұрған аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Сайком Еділханов: «Болыңдар, бастағалы жатырмыз, тез-тез!» – деп жаналқымға алып, тықсырып барады. «Тиегі жоқ домбыраны қалай тартамыз?» дейміз тартыншақтап.
- Тиексіз де тартуға болады, отырыңдар!
Бізді сахнаға жөнелтіп жіберіп, үлкен іс тындырғандай «уһ» деп Сәкең қалды. Тиексіз болған соң артқа жайғасайын десек, бос орын табылсайшы! Амалсыз алдыңғы қатардағы біз үшін қойылған орындықтарға «құдайдың басқа салғанын көрерміз» деп жалпиып-жалпиып отыра кеттік, сырғып шымылдық та ашылды. Сырттай қараған адамға біз де жұрт қатарлы күй тартып отырған сияқтымыз. Қалай тартып отырғанымыз өзімізге де күмәнді.
«Сатай жобаға» саламыз. Сол қолдың саусақтары күй сарынына қарай жорғалап жоғарылы-төмен жағалай береді де, оң қолымыз домбыраның шанағын сабалай береді. Шынтақтың астында тиек бар ма, сүйек бар ма онда ешкімнің шаруасы жоқ.
Әсіресе, «Адайды» тартқанымыз да рахат болды!Жұрт сағаға жете алмай діңкесі құрып, жанығып жатқанда, біз төмен қарап шұқшимайақ қасқағымда «қарақшыға» жыпылдатып жетіп келеміз. Шертпе күй болса «шиіміз» шығатын жер ғой. Шанаққа жабысып жер бауырлап жатып алған ішекті тарту үшін саусақ емес, ілме қармақ керек шығар-ау...
Шымылдық жабылып шығып бара жатсақ, бір мың болғыр: – «Сендердің қолдарыңа қараймын деп тартыстарыңа ере алмай пұшайман болдым. Күй тартыстарың керемет екен, жігіттер!», – демесін бе. - «Айтары бар ма! Тиексіз күй тарту дегеніңіз өнер тарихын да аса таланттылардың ғана еншісіне бұйырар ерекше құбылыс қой...» – дедік біріміз қарап тұрмай. Әлгі жолдасқа қарасақ, аузы аңқиып тұрып қалыпты.Медет ДҮЙСЕНОВ