Түркия еліне барған алғаш сапарым әсерлі болды. Бұл іссапар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан Республикасындағы Түрік Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің 2018 жылдың 20–23 қараша күндері аралығында облыстық тарихи-өлкетану музей мамандарын Түркия мемлекетінің Стамбул, Анкара қалаларының тарихи-мәдени орталықтарында музейлердегі жаңа инновациялық технологиялар мен музейлік жаңа әдістерді игеру үшін тәжірибеден өту мақсатында ұйымдастырылды.
Түркия елі – Батыс Азияда және ішін ара Оңтүстік-Шығыс Еуропа жерінде орналасқан 84 миллион халқы бар мемлекет. Бұл мемлекет сырттан келген адамдарды өзінің көне ескерткіштерімен, ежелгі көрікті жерлерімен, жағажайларымен, курортты аймақтарымен таңғалдырады. Бұл елде туризм табыстың тайқазаны болып тұр.
Түркияның бай мәдениеті, салт-дәстүрі, тамыры тереңде жатқан тарихы, бәрі де бір жерде жиылып сайрап тұрғандай. Түркі және ислам әлемінің мәдени астанасына айналған қалаларын аралағанда рухың мен жүрегің терең тыныстап, бір серпіліп қаласың!
Түркия – қонақжай әрі толерантты мемлекет екен. Түркияға барған қонақтар олардың мәдениеті жайлы білетін болса, түрік халқы үшін өте жағымды әсер етеді. Егер сіз жергілікті әдет-ғұрыпты білетін болсаңыз, онда түріктердің сізге жоғары құрметпен қарайтынына сенімді бола аласыз.
Түркия мамандары музей жұмысын жандандыруда Қазақстанмен қызметтестік орнатуға ниетті. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысы Берік Әбдіғалиұлы бастаған делегация Түркияға музей ісі бойынша іс-тәжірибе алмасуға барды. Делегация құрамында Астана, Алматықаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Ақмола, Атырау, Павлодар, Алматы облыстарының тарихи-өлкетану музейлері мамандары бар. Жұмыс сапары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің әріптестігі аясында жүзеге асты. Сапарға Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі мен мәдени мұра және музейлер басқармасы жетекшілік етті.
Жұмыс сапарының алғашқы күні делегация Анкарадағы Анадолы өркениеттері музейінің басшысы Халил Демирделеннің таныстыруымен музейді аралады. Іс-тәжірибе алмасуға қатысушылар Түркиядағы музейлер туралы мол мағлұмат алып, музейдегі еңбектерді сақтау және музей көріністерінің жұмыстарын дайындау тәсілімен де егжей-тегжей танысты. Мәдени мұра және музейлер басқармасы басшысының орынбасары Али Рыза Алтунел ресми жиынға модераторлық етті. Түркияда музейдің дамуы және дамып келе жатқан музейлер туралы баяндама жасаған археолог, доктор Сонер Атешұллары алғашқы музейдің 1846 жылы құрылғанын айтты.
«Түркиядағы музейлер үшін алғашқы қазба жұмыстарын Осман Хамди-бей Немрут тауында 1883 жылы жүргізді. Соның аясында 1881 жылы құрылыс жұмысы басталған Түркияның алғашқы музей ғимараты – Стамбул археологиялық музейі 1891 жылы ашылды. Оның бауыры Халил Этхем 1910–1931 жылы музейге басшылық жасап, ағасы сияқты тарихи құнды жәдігерлерді қорғауға бар күшін салды. Ал республика құрылған соң Ататүрік өмірінің соңына дейін қазба жұмыстары мен құнды тарихи жәдігерлердің сақталуына ерекше мән берді. Оның уақытында 37 музей ашылды», – деп атап өтті Аташұллары Түркия музейлер тарихы туралы.
Ол Түркиядағы Балалар музейі, Карикатура музейі, Әскери музей және Технология музейлері сияқты музейдің көп түрлігіне назар аудартты. Сондайақ жоспарланып отырған және салыну үстіндегі 17 музейдің жобасымен таныстырды. Түркия музейлеріндегі оқыту тренингтері туралы Анкара университеті профессоры Айше Чакир Илхан, музейлердегі еңбектерді сақтау және музей көріністерінің жұмыстарын дайындау туралы ресторатор археолог – Ілкай Ивгин дәріс оқыса, музей Ұлттық инвентаризация жүйесінің жобасын (MUES) жетекшісі Хакан Айгын таныстырады.
Музейлер басқармасы директоры Мустафа Яшар Гунештің айтуынша Түркияның Мәдениет министрлігіне қарайтын музейлердің саны – 252. Оның ішінде 206-сы – мемлекеттік. Осы музейлердегі мемлекет есепке алған экспонаттардың саны 3 млн. 311 мың 359 дана. 2017 жылы Түркиядағы музейлерге бас сұққан адамдар саны 21 миллионға жақын. Ал 2018 жылдың алғашқы 9 айында 22 миллиондай адам музей келушісі болған.
Қазақстандықтарды қызықтырған инвентаризация жүйесі болды. «Біз MUES жобасын 2004 жылы ойластырып, 2012 жылы қолға алдық, 2023 жылы толықтай аяқтауды жоспарлап отырған жобамыздың негізгі мақсаты қазба жұмыстарынан бастап, лаборатория, көрме витринасы, депо сияқты музейшілік іс-қимылдардың бір орталықтандырылуы. Әр экспонаттың жеке өнім идентификаторы (ІD) болып, оларды сақтаудың бірыңғай стандарты жасалды», – деп атап өтті Хакан Айгын.
Жоба жетекшісінің айтуынша жүйе деректер тұтастығын қамтамасыз еткенде (V3.0 нұсқасында) зерттеушілер, ғалымдар, студенттер және соңғы пайдаланушылар үшін интерфейс еңгізілетін болады. Осы арқылы 3,5 миллион жәдігердің бірыңғай базасы жасалмақ. Пилоттық жоба жұмыстарында музей қызметкерлеріне инвентаризация жүйесін оқыту үшін 21 орталық ашылған. Деректер сақтауда қуатты сервер қолданылып, бірнеше орталықтан қамтамасыз етіліп отыр. Басты айта кетерлігі, MUES жобасы – президент Ердоганның 2023 жылға дейінгі жұмыс нысанасында көрсетілген 149 жобаның бірі. Ресми іс-тәжірибе алмасу күнінің соңында тараптар музей ісі жөнінде құнды кітаптардан өзара сый-сияпат табыстады. «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Анар Екімбаева Түркия мамандарын Қазақстандағы музей жұмысымен танысуға, өлкетану мамандарына дәріс оқуға елге шақырды. Сапар соңында музей қызметкерлерімен қоса мамандар, музейтанушылардан құрылатын делегация Стамбулда Археология музейінде, Топкапы және Аясофия сарайларын тамашалады.
Түркиядан алған әсерім күшті болды. Мәдениеті көш ілгері дамып кеткені соншалық кей сәттерде өзімді басқа әлемде жүргендей сезіндім. «Жақын арадағы 15–20 жылда осындай деңгейге біздер қалай жетіп алсақ екен?» деген ой санамнан шықпай қойды. Дегенмен «болмасаң да, ұқсап бақ» демей ме, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында да өлкетану іс-тәжірибесі турасында семинар-тренингтер ұйымдастырып, жылына бір рет болса да Түркия мамандарын шақырып, білгенімізбен бөлісіп, одан әрі Ұлы даламыздың даңқын неге аспанға шарықтатпасқа?!
Нұрлан ҚҰЛБАЕВ, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи мәдени қорығы» ММ директоры