Желтоқсанның 11 күні Жаңаөзен қаласының «Мұнайшы» мәдениет үйінде «Менің атым Қателік» атты толықметражды фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл фильмді бастапқыда «Мұнайшы» мәдениет үйінің драма ұжымы мектептерде, ұйымдарда, түрлі сайыстарда қойылым ретінде көрерменге ұсынып келген. Тіпті 2016 жылы өткен «Есірткісіз есті әлем» облыстық байқауында бас жүлдені иеленген.
- Бүгінгі шараны Жаңаөзеннің мерейлі 50 жылдығына орай өткізілген үлкен шаралардың бірі деп есептеймін. Бұл фильм «Мұнайшы» мәдениет үйінің қабырғасында жүрген өнерпаздардың шығармашылық тобының ерекше туындысы деп айта аламын. Қаламыздың барлық мектептері мен колледждерінде алғашында осы «Менің атым – Қателік» қойылымын жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, болдырмау мақсатында қойып жүрдік. Бұл жолда ұжымымыз көп еңбектеніп, тер төкті. Ешкімнің көмегінсіз, қолдауынсыз түсірілген фильм, барлығын өздері көтерген болатын. Күні-түні жүгіріп жүрген еңбектері ақталды деп ойлаймын. Алдағы уақытта да жастарымыздың тарапынан әлі талай тарихи, маңызды мағыналы, түрлі жанрда фильмдер түсіріледі деп сенемін. Бұл - бастамасы, сәттілік! – деп алғаш болып сөз алған «Мұнайшы» МҮ директоры Дәмелі Өтебаева тұсаукесер рәсімін салтанатты түрде ашып берді.
Қаланың өнерпаздары мен талантты жастары ойнаған фильмнің түсіріліміне бір жылдан аса уақыт кетіп, қырыққа жуық адам қатысқан. Фильмнің мақсаты – дүниежүзін алаңдатып отырған ғасыр індеті – нашақорлықтың адам баласына әкелер зор қасіретін көрсету, жастарды нашақорлықпен күресуге шақыру болып табылады.
https://www.instagram.com/p/BrpCSHQgBE6/Жалпы фильмнің қысқаша мазмұнына келсек, басты рөлдегі Русик (Руслан) есімді кейіпкер қалталы, ақшасы бар әйелдерді алдап, оларға есірткі ұсынып, сатумен айналысады. Түбінде бір әйелді жүкті етіп тастап кетеді де, өзі айналысқан саудасының қасіретін көріп, абақтыға қамалады. Кейін жазықсыз дүниеге келген баланың ауру болып, есірткінің және нашақор анасы мен әкесінің кесірінен шеккен зардабын, ауруханада өткізген қараңғы күндерін фильмде өте әсерлі етіп көрсеткен. Сонымен қатар, ол балаға қамқор болып, өзінің жылуын аямаған ақ халатты абзал жан – медбикенің мейірімді рөліне қарап, бұл өмірде жақсы жандардың бар екеніне тағы бір мәрте көзің жетеді.
Сол мейірімді медбикенің рөлін сомдаушы, басты кейіпкерлердің бірі, «Мұнайшы» МҮ драма ұжымының режиссері әрі жетекшісі Ләззат Ерубаева фильм жөнінде:
- Осыдан екі жыл бұрын облыстық байқауға барып, «Менің атым Қателік» деген спектакль қойып келдік. Кейін балалардың қызығушылығы оянып, кино түсірейік деп, аяқ астынан фильмнің түсірілімін бастап кеттік. Білесіздер, бұл - Жаңаөзенде алғаш рет түсірілген фильм. Негізгі фильмнің түсуіне ықпал етіп, басты себепкер болған қаламыздың өнерпаздары Мақсат Аймұратов және Ержан Қозыбаевты айтып өткім келеді. Бұл фильммен нашақорлықтың адам баласына тигізетін зияны мен зардабын көрсеткіміз келді. Басты мақсатымыз да осы болатын. Қала тұрғындарына ұнайды деген ниеттеміз, - дейді.
Әрине демеушісіз, қаражатсыз қазіргі таңда қандай да бір дүние жасап шығару қиын. Дегенмен де, оған қарамастан, өз еңбегімен, талмай жұмыстанып, актерлік кәсіби білімдері болмаса да өзіндік таланттарымен алып шыққан және фильмнің түпкі мағынасын көрерменнің жүрегіне жеткізе білген жастарымызбен біз мақтанамыз. Бос орын болмаған зал ішінде көздеріне еріксіз жас алып, соңына дейін тамашалаған көрермендерге де фильмнің ұнағаны сөзсіз.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА