Әйелдер арасында шахматтан өткен Азия чемпионатынан 1-орынды иеленген Бибісара Асаубаева бүгін «Маңғыстау-Медиа» орталығына келді. Турнир барысында болған қызықты жайттарды еске алып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Тамыздың 23-25 аралығы өткен Азия чемпионаты «Tornelo» платформасында өткен еді. Оған 15 елден 74 ойыншы қатысты. Олардың арасында - тоғыз халықаралық гроссмейстер, сегіз халықаралық шахмат шебері мен 22 шахмат шебері атағын иеленген қатысушылар бар.
Осы жеңісі арқылы Бибісара 25 қазан мен 25 қараша аралығы Ригада өтетін «FIDE Women`s Grand Swiss 2021» турниріне жолдама алып отыр. Турнир 12 турдан тұрады, оған әлемнің 50 мықты шахматшылары қатысады деп күтілуде.
Қазір Бибісара Нұр-Сұлтан қаласында шахматтан өтіп жатқан Бүкіләлімдік онлаин-олимпиадаға қатысуда. Айта кетейік, аталған олимпиадада Қазақстан құрамасы көш бастап тұр. Бибісара Асаубаева турнирдегі қатысқан алты ойынын да жеңген.
Қазақстан командасы бұл олимпиадада 2 ұпаймен Қытайды басып озды. Енді қазақстандық шахматшылар Иран, Моңғолия, Австралия командаларымен үш ойын өткізеді.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА
Суреттерді түсірген
Талант ҚҰСАЙЫН