Жұмыс істеп жүрген әр азаматтың өзінің құқығы мен кәсіби мүддесі бар. Ол құқық пен мүддені қорғап, жұмыс жағдайын жақсарту және өмір сүру сапасын арттыру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету үшін салалық кәсіподақтар құрылады. Ұйымның басты басымдығы да — осы.
2018 жылғы сәуір айында «Сенім» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі және кәсіподақ Жарғысы ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. «Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінің құрамына мүшелік ұйым ретінде қабылданған «Сенім» құрамына денсаулық сақтау ұйымдарының, ғылыми орталықтар, санаторий-курорттық және басқа да медициналық ұйымдардың қызметкерлері, жоғары және орта кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері енген.
Елдегі ең ірі салалық кәсіподақтардың бірі саналатын қоғамдық бірлестіктің құрамына ресми түрде тіркелген 16 аймақтық филиал кіреді, оның ішінде 14 облыстық және екеуі Астана мен Алматы қалаларында. Ал осынау ұйымның Маңғыстау облыстық филиалы 8000-нан астам қызметкері бар 23 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді.
Филиалдың жақында ғана тағайындалған төрағасы, жас та болса мол тәжірибелі дәрігер Сәкен Мырзақұлов бұл ұйымға кіретін қызметкерлер санының осымен тоқтап қалмай, қанатын кең жая түсеріне сенімді. Сәкен Қазбекұлы бұрын да атқарушы органдарда қызмет атқарған, ал оның басқарушылық тәжірибесі филиал жұмысына аса қажет. Өйткені, тек медицина қызметкері ғана өзгенің өмірі мен денсаулығы жолында күресіп, кейде өз денсаулығына зиян келтіріп те жатады. Ал мұны медицина қызметкері ғана жақсы түсінеді. Сондықтан осының өзі медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғау және олардың өзекті мәселелерін дер кезінде оңынан шеше білуде маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді
- Кәсіподақ төрағасы қызметінің басты критерилерінің бірі–кәсіподақтың сапасын нығайту, - дейді С.Мырзақұлов. - Ең маңызды мотивациялық фактор—бұл ұжымның әр қызметкері көре алатын, оған кәсіподақ керек екендігін бағалай білетін істер мен нәтижелер жиынтығы дер едім. Кәсіподақтың әркім білуі тиіс үш негізгі міндеті бар. Бұлар:
1) Еңбек қатынастарында қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау және ұсыну, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Жұмыстың болуы болашаққа сенімділік, өзіңіз және балалар үшін білім алуды жоспарлау, отбасын құру, тұрғын үй сатып алу және басқа мақсаттарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді;
2) Тиімді келіссөздердің арқасында ұжымдық шарттар жасасу, сондай-ақ кәсіподақтың өз қаражаты есебінен қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту;
3) Лайықты және қауіпсіз жұмыс орындарын қамтамасыз ету, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі іс-шараларды бақылау, мониторингтеу және жүргізу. Алайда, бұдан басқа, кәсіподақтардың дәстүрлі функциясы–қиын өмірлік жағдайларда материалдық тұрғыдан қолдау, балаларды мектепке дайындау, мұқтаж қызметкерлерге көмектесу, спорттық іс-шаралар, санаторилерге жолдамалар, ұжымды біріктіруге көмектесетін корпоративтік мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыру. Олай болса, өмірді жаһандық жақсарту үшін кәсіподақта болу маңызды екенін әркім де түсінуі керек. Тұтынушылық көзқарас басым ғасырда біз бұлардың барлығын істеу оңай емес екенін жақсы білеміз. Бірақ, біз алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін ештеңеден тайынбаймыз, мойымаймыз. Кәсіподақ ҚР Денсаулық сақтау министірлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Ұлттық денсаулық сақтау палатасымен бірге өзара белсенді іс-қимыл жасайды. Сондай-ақ жалпы жұмыскерлердің мүддесі үшін бірнеше қорлармен серіктестік орнаттық.
Сәкен Қазбекұлының айтуынша, жұмыстан босату, тәртіптік жазалар кезінде құқықтық қорғау мәселелер бойынша кейде қарапайым қызметкерлермен қатар кәсіпорын басшылары да өтініш білдіріп жататын көрінеді. Ал жалақыны есептеу, жазатайым оқиғалар, кәсіптік ауруларды ресімдеу кезінде заң бойынша сүйемелдеу, көптеген қосымша әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктер—30 күндік негізгі демалыс, сауықтыру, еңбек және демалыс режимі, жалақы туралы ереже, ұйымдағы негізгі құқықтық құжат болып табылатын ұжымдық шарттарды дайындау, материалдық көмек, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайды жақсарту, қайырымдылық көмек, сауықтыру секілді мәселелер күнделкті жұмыста кездесіп отырады. Кәсіподақ филиалы осындай және Еңбек заңнамасы бойынша барша мәселелерді шешу мақсатында заңгерлік кеңес пен көмекті сот өкілдігіне дейінгі дәрежеде тегін көрсетеді. Мұнда барлық ауызша және жазбаша өтініштердің есебі жүргізіліп отырады.
- Филиалға жылына 500-ге жуық кәсіподақ мүшелерінің өтініші келіп түседі, - деді филиал төрағасы. - Өтініштер еңбекақы төлеу, құқықтық қорғау, жеке еңбекті қорғау мәселелеріне, басым бөлігі—сауықтыруға, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, материалдық көмек көрсетуге, кәсіби белсенділікті ұйымдастыру мәселелеріне байланысты болып келеді. Келіп түскен өтініштердің сипаты мен мазмұнына, проблеманың туындау деңгейіне, мәселені қозғайтын адамдардың санына және басқа да жайттарға қарай оны шешу тәсілдері де әртүрлі болады. Біз жастармен жұмыс жүргізуге барынша көңіл бөлеміз. Бұл орайда негізінен жас мамандарды ынталандыру басты назарда ұсталады. Филиалдың қолдауымен құрылған «Жастар кеңесі» жұмыс істеп тұр. Кәсіподақ құрамының 40%-і—35 жасқа дейінгі жастар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру және денсаулық саласының жас мамандарын қолдау мақсатында, «Сенім» кәсіподағының атынан Республика бойынша тұрғын үй сатып алуға 25 тұрғын үй сертификаттары табыс етілді. Соның ішінде өңіріміздің 2 дәрігері мен медбикесіне 4 400 000 теңге көлемінде сертификат табысталды.
«Сенім» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ бастамасымен кәсіподақ мүшелерінің тұрмысын, денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Маңғыстау филиалы тарапынан беріліп жатқан нақты көмектер аз емес. Мәселен, №1 Жанаөзен қалалық емханасының дәрігеріне және облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының дәрігеріне денсаулығын жақсарту үшін 250 000 теңгеден, ал облыстық фтизиопульмонология орталығы фтизиатрына 1 400 000 теңге материалдық көмек көрсетілген. Сондай-ақ наурыз мерекесі қарсаңында кәсіподақ тарапынан 120-дан астам медицина қызметкеріне әлеуметтік көмек, 110 медицина қызметкеріне 2 100 000 теңге, 6 қызметкерге 1 500 000 теңге және 8 медбикеге 800 000 теңге берілген. Ал бір жарым жылдан бері еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин режимінің енгізілуінен барлық саланың дерлік жоспарлы жұмысы өзгерістерге ұшырағаны жасырын емес.
- COVID-19 індеті бойынша төтенше жағдай жарияланғаннан бастап медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп келеміз, - дейді бұл жөнінде Сәкен Қазбекұлы. - Олардың кейбірін атап айтар болсам, провизорлық диспансерде қызмет етіп жатқан медицина қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатына 500 000 теңге аударылды. Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының қызметкерлерін ковидтен қорғау мақсатында қорғаныс костюмдерін алу үшін 550 000 теңге жұмсалды. Жаңаөзен және Бейнеу аудандық ауруханаларының провизорлық, инфекциялық, карантиндік стационарларындағы медицина қызметкерлері тұрмысына қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Ал ковидпен ауырған медицина қызметкерлеріне еліміздің шипажайларына 100 пайыздық төлеммен 50 дана жолдама берілді. Одан бөлек, 50 пайыздық жеңілдікпен жолдамалар бүгінгі күнге дейін беріліп жатыр. Ковидтен қайтыс болған 3 медицина қызметкерінің әрқайсысының отбасына көмек ретінде 1 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ жұмыста жақсы қырынан, еңбекқорлығымен, біліктілігімен көрінген медицина қызметкерлерін, ардагерлерімізді марапаттау да күн тәртібінен түскен емес. Медальдермен, төсбелгілермен, Алғыс және Құрмет хаттарымен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапаттау дегеніміз халықтың денсаулығын жолында күні-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген қызметкерлердің мерейін өсіреді. Мамандарды ынталандыру, олардың бастамашылдық пен іскерлік белсенділігін арттыру, мамандыққа шығармашылық қатынасты қалыптастыру мақсатында өңіріміздің медбикелері арасында 20-дан астам медициналық ұйымдардың медбикелері қатысқан байқау өткізілді. Жеңімпаздар тиісті марапатын алды.
Филиал спортты және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыстың медицина ұйымдарының қызметкерлері арасында жарыстар өткізіп отырады. Ал жақында ғана филиалдың ұйымдастыруымен облыстық деңгейде «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы-2021» атты байқауы өтті. Байқау қорытындысы бойынша, 1-орынға ие болған Бейнеу орталық аудандық ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымы байқаудың республикалық деңгейіне де қатысып, жақсы нәтижемен оралды. Мәдени-бұқаралық, спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын өткізу бойынша ең белсенді бастауыш кәсіподақ ұйымы аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Бірақ әзір ресми марапаттала қойған жоқ. Бұл ақпарат—сүйінші хабар, ал марапат алдағы республикалық шарада салтанатты түрде тапсырылмақ.
Бейнеу аудандық ауруханасының терапия бөлімінде ұзақ жылдар бойы кіші қызметкер болып жұмыс істейтін Айбала Назарова осы тамыз айында шипажайда демалып қайтты.
- 30 жылдан бері бір рет те шипажайға тегін демалыс дегенді көрген емеспін. «Сенім» кәсіптік одағы құрылып, сол кәсіподаққа өткеннен кейін көп затты біліп, көзіміз ашылып жатыр. Жақында Сарыағаш елді мекенінде орналасқан «Қазақстан» шипажайында 10 күн демалып, емделіп келдім. Кәсіподақ 100% төлем жасап берді. Сол үшін «Сенім» кәсіподағының төрағасы Сәкен Қазбекұлына және ауруханамыздың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрболат Дәрібекұлына шексіз алғысымды білдіргім келеді. «Жас келсе іске» дегендей, жас болса да, білікті, өз ісіне жауапты төрағалардың жұмысына риза болдым. Зейнетке шығар алдында осындай керемет көңіл-күй сыйлағаны үшін «Сенім» кәсіподағына мың алғыс. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, елдің алғысына бөлене беріңіздер, - деп ағынан жарылды А.Назарова.
Осындай жылы лебіздерін жеткізіп, ақ тілегін ақтарып жатқан қызметкерлер көп болғанымен, олардың барлығын жариялауды мақала көтермейді. Ал үш жылда атқарылған игілікті істердің кейбіріне тоқталғанымызда түйгеніміз—денсаулық сақшылары өздерінің көңілін сергітіп, марқайтатын, қамқорлыққа бөлейтін игі істердің жалғаса береріне сенімді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА