Жыл басынан бері 8 айдың ақпараты бойынша Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының бақылауында тұрған темір жол нысандарының қызметкерлері арасында коронавирустық инфекцияның 38 жағдайы тіркеліп отыр. Науқастардың басым бөлігі «Жүк тасымалы-Маңғыстау бөлімшесі», «Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі» бойынша тіркелген.
Эпидахуалды талдау барысында індетке шалдыққан науқастардың Covid-ке қарсы екпе алмағандар және олармен жұмыс орнында жанасушылардың да көпшілігі вакцина алмаған немесе вакцинация курсын толық аяқтамағандар екендігі анықталды.
Бүгінгі таңда вакцинациялау көрсеткіші темір жол саласы бойынша 3065 адам (71 пайыз) І-компонент вакцинасын және 1899 адам (44 пайыз) ІІ компонент вакцинасын алды. Әр түрлі сылтаумен вакцинадан бас тартушылық та орын алып отыр, мұндай жағдайда себепсіз екпе алмаған әрбір қызметкермен жеке түсіндірме жұмысын жүргізу маңызды.
Сонымен қатар үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап Маңғыстау темір жол вокзалына келушілерді тіркейтін «Ashyq» қосымшасы іске қосылды. Бүгінге дейін «Қызыл» мәртебесі бар 5 адам және «Сары» мәртебесі бар 12 адам анықталды. Бұл тұрғындардың карантин талаптарын сақтамайтындығын көрсетіп отыр. Карантиндік талаптарды бұзған адамдардың тізімі Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне беріліп, ҚР әкімшілік құқықтық кодексінің 425-2 бабына сәйкес жеке тұлғаларға 30 АЕК есебінде айыппұл салынды. Науқас немесе дертке шалдыққан адаммен жақын байланыста болған тұлға үй жағдайында карантинде болуға тиіс. Тұрғындар ең алдымен, осыны ескеріп, айналаға қауіп төндірмеуі қажет. Осыны түсінсе екен дейміз.
Вакцинациялау вирустың таралуын азайтудың, бұрынғы өмір салтымызға оралудың тәсілі екендігі белгілі. Осыған орай, халықты, оның ішінде темір жол саласында тер төгіп, еңбек етіп жүрген темір жол саласы қызметкерлерін, өздері үшін де, отбасы мүшелері мен әріптестерінің денсаулығы үшін де, Мұнайлы орталық ауруханасының әкімшілігінің ұйымдастыруымен вокзал жанынан жылжымалы егу пункті ашылуына байланысты барлықтарыңды вакцина алуға шақырамыз.
Жумаганым КЕНЖАЛИЕВА,
Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы