Бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алдағы 3 айға арналған коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал болжамын жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Министрлік алдағы 3 айға арналған коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал болжамын жаңартты. Атап айтқанда, пессимистік сценарий кезінде қарашада орташа тәуліктік тіркелетін жағдай саны 1 800-ге дейін, ал желтоқсанда 2 350-ге дейін жетеді. Нақты сценарийге сәйкес, қарашада 1 650, желтоқсанда 1 600 жағдай тіркелуі ықтимал», - деді министр.
Оның атап өтуінше, оптимистік сценарий кезінде коронавирус жұқтыру жағдайы қараша айында тәулігіне 1 500, ал желтоқсанда 1 100 болуы мүмкін.
«Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге коронавирус инфекциясы бойынша алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асырып, мониторинг жүргізуін жалғастырып жатыр», - деді Алексей Цой.