Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Көркінбаева айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, соңғы аптада өңірде коронавирус инфекциясының 60 жағдайы тіркелді. Оның 19-ы жұмыссыздар, біреуі медицина қызметкері, 9 зейнеткер, 9 оқушы, 4 ұйымдаспаған, 2 мұғалім және 16 тағы басқалар. Ауырғандардың 36-ы шағыммен, 24-і шағымсыз.
«Ал өткен тәулікте облыс бойынша коронавирус инфекциясының 14 жағдайы тіркелді. Осы орайда да қауіпті індет көбіне-көп жұмыссыз азаматтардың арасында анықталатынын байқауға болады. Мәселен, 14 жағдайдың 7-уі жұмыссыздарға тиесілі болса, 1 зейнеткер, 1 мұғалім, 1 оқушы, 1 медицина қызметкері, 1 ұйымдасқан топтан және 2 жағдай өндірістік мекемеде табылған», - деді Гүлнар Көркінбаева.
Баспасөз конференциясында Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров та қатысты. Оның айтуынша, қазір аймақта барлығы 7 инфекциялық стационардағы 285 төсек орны жұмыс істейді.
«20 қыркүйек күні стационарлардағы науқастар саны 208 адам болса, бүгінде 59 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 17-і оттегі көмегімен демалуда. Жалпы төсек орын толымдылығы 21 пайызды құрайды. Ал реанимациялық төсек орын саны 36, онда 13 адам емделуде. Алтауы ауыр, 7-і қатаң жағдайда. Төсек орын толымдылығы 36%», - деді А. Жұмыров.