10 қазаннан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ әйелдер үшін жол жүру құжаттарын рәсімдеу бойынша жаңа қызметті іске қосты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Rail-news.kz сілтеме жасап.
Жобаны іске асыру үшін №77/78 «Алматы – Маңғыстау» және №351/352 «Алматы-1 – Өскемен» жолаушылар пойызы таңдап алынды. Енді аталған жолаушылар пойызында бір купе вагон тек әйелдерге арналады.
«BILET.RAILWAYS.KZ сайты немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассалары арқылы темір жол билеттерін рәсімдеу кезінде «ЖН» (әйелдер) белгісі болған жағдайда бұл вагон тек қана әйел жолаушыларға (толықтай вагонға) билет сатуға арналғандығын білдіреді. Сондықтан ер жолаушылар пойыз билеттерін сатып алғанда мұқият болуы керек. Әйелдерге арналған вагонға тек 7 жасқа дейінгі ер балалардың кіруіне рұқсат беріледі», - делінген ақпаратта.
10 қазан күні алғашқы рейске 92 жолаушы әйелдерге арналған вагоннан билет рәсімдеген. Әйел жолаушылар тарапынан осы қызметке сұраныс болған жағдайда компания Қазақстан ішіндегі маршруттардың ауқымын кеңейтуге және өз клиенттері тарапынан ұсыныс қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА