Әсем әнді жанына серік етіп, саналы ғұмырын қиындығы мен қызығы мол өнер жолына арнаған белгілі әншіміз Зәуреш Есбергенова 362 әулиесі бар Маңғыстау өңірінің түлегі еді.
Зәуреш төрт жасынан ән салған. Бірде Маңғыстау жерінде Зәурештің анасы Рабиға балашағасымен түйемен жайылымы бар жерге көшеді. Анасы таң атпай сүт сатып, балаларына нан алып келеді. Сондай кезде Зәурешті көрші отырған үйге қалдырып кетеді де күн шыққанда ол өзі үйге келеді. Келе матаның қиындыларын алып, қуыршаққа киім тігіп отырып, бір ән айта бастады:
Отпанда отпан отпан тау, Отпанда деген биік тау. Кешегі кеткен ақ көкем, Келер ме екен аман-сау. Ақ көйлектің қиығы-ай, Отпан таудың биігі-ай. Өзегімді өртеген, Ақ көкемнің күйігі-ай, – дей бергенінде, көрші екі әйел жүгіріп келеді. «Қаршадай болып, даусың қандай зарлы еді, бұл әнді қайдан үйренгенсің, неге сонша зарлайсың, әкең келеді» деп жұбатып кетіп қалады.
Зәуреш соғысқа кеткен әкесін көп күтті. Әкесі қан майданда шейіт болды.
Бала кезінен бойына сіңген халық әнін қастерлеп, үш-төрт жасында ән салған қыз өнер деген киені қастерлеп, осы жолға түсті. Кішірек кезінде Жетіқайқының сырлы да мұңды әні бала әншінің қиялын шарықтатып жіберетін. Ол мектеп сахнасында жүргеннен-ақ иірімі шеберлікті қажет ететін Мұхит әндерін тамылжыта орындауға әбден машықтанған.
Түйелері маң-маң басқан дархан даланың самал желінен, шөптің сыбдырынан, құстың сайрауынан, жөңкіле көшкен ақша бұлттар мен түнгі аспанда жарқыраған сансыз жұлдыздар мен толықсыған ай мен күлімдеген күннен сыр ұғып, туған табиғатпен біте қайнасқан жас қыз тіршілік атаулының бәрі ән салып тұрғанын аса сезімтал жүрегімен ұғып, содан ғибрат алатын. Тіптен сайын далада көшіп жатқан сары құмда жолындағы кәкүр-шүкүрді жинап бара жатқан дүниеқоңыздың тірлігіне де бала кезінде таң-тамаша болып қарап, ұзақ тұратын.
Халық әндері дегеннің өзі осы бір табиғат пен адамның біртұтас байланысынан туатын тәрізді көрінетін.
«Табиғат ән салып тұрғанда мен неге ән салмасқа?» – деп те ойлаушы еді ол.
Жақсы адамдардың жақсылығын айта отырайық.
Зәуреш Атырау қаласында онжылдықты бітіреді. Сол жерде облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Нәдір Нұрғалиев Жанділдин деген үкімет үйінен келген идеология жөніндегі хатшымен таныстырады. Ол кісі жас қыздың әнін тыңдады. Сон да бейтаныс адам: «Қалқам, сенің дауысыңды тыңдадым, сен тек консерваторияда оқитын бала екенсің» деп, Алматыдағы жұмыс телефонын береді де, «келіп жатсаң, көмек керек болса хабарлас», – деп шегелеп айтып, кетіп қалады.
Зәуреш елдің бәрі оқуға түсіп қойғанда консерватория есігін кеш ашады, алдынан сол кезде оқу ұжымының директоры, белгілі композитор Құддыс Қожамияров шығады. – Ағай, ағай, тоқтаңыз! – деп ол кісіні тоқтатып алады да: – Мен Маңғыстаудан оқуға түсуге келдім,– дей бергенде, – Келгенің дұрыс, бірақ кеш қалдың, енді келесі жылы кел! – деп ақыл қосады. Зәурештің есіне баяғы телефон түседі. Үкімет үйіне қарай жүгіре жөнеледі. Келсе есік алдында телефон бар екен, содан жаңағы кісіге хабарласып, аты жөнін айтса, – тоқтай тұр, қазір рұқсат қағаз келеді, кіресің, – деп тұтқаны қоя салды. Уәде етілгендей ішке кіріп, Зәуреш Жанділдинге болған уақиғаны баяндайды. Ол кісі тілдей қағазды қолына ұстатып, Қожамияровқа қайта баруын өтінді. Ертеңінде тағы консерваторияға келіп, хатты иесіне тапсырады. Құддыс аға оқып болып, «жарайды, ертең таңертең кел, мамандар сені тыңдасын» деп жөнін айтады. Ертесінде алып-ұшып жас қыз қайта келеді. Оншақты білгір музыканттар Зәурештің әнін тыңдайды. Ішінде жалғыз қазақ Бекен Жылысбаев бар екен. Қуанып кетеді. Сөйтіп, Зәуреш режиссура бөліміне оқуға түседі. Қазақстанның халық әртісі Асқар Тоқпановтан дәріс алады.
1964 жылы аталмыш оқу орнын бітірген соң Жамбыл облыстық театрына келіп еңбекке араласқан. Кейін Атырау облыстық театрында, ал 1972 жылы жаңа ашылған Торғай театрына режиссер ретінде қабылданды әрі актриса болып тамаша рольдерді сомдады. Режиссер ретінде де көптеген спектакльдің қойылуына білім-тәжірибесін көрсете білді.
Зәуреш қандай істің басында жүрсе де ән салғысы келетін.
Актриса ретінде Қарақыпшақ Қобыландыда Қарлығаның ролін ойнады. Ән айтатынын білген режиссер спектакльдің бір жерінде Зәурешке ән салғызды. «Айман-Шолпан» спектаклінде Теңгенің ролін ойнады.
Всеволод Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясында» комиссар әйелдің ролін шебер ойнады.
Жалпы режиссура мен актерлік, оған қоса әншілік бір-біріне нәр беретін дүние ғой.
Зәуреш ол кезде Атырау облыстық театрында еңбек ететін. Бір күні радиодан «Қарағанды» деген ән шырқалып жатты. Бұл ән Зәурештің бала кезінде айтатын әні еді. Балалық шақ, аңсау, сол кездегі «әнші болсам» деген арман қайта оянғандай болды. «Мен қайткенде де әнші болуым керек» деп күнделігінің шетіне ол жазып қойды.
Кейін кеш те болса республикалық эстрада-цирк студиясына түсіп, Қазақстанның халық әртісі Нәдия Әбдірахманқызы Шәріповадан ән сабағынан дәріс алды. Осыдан соң қасиетті «Қазақконцерт» бірлестігіне әнші болып қабылданды. Жылдың тоғыз айын жолда өткізіп, жер-жер ді аралап, өнер көрсеткен сол кездегі өнер иелері жанкештілік танытатын. Олар өнер деп қастерлеп, қиын да болса осы жолдан тайған жоқ. Тіпті балашағасының қамын ойлауға шамалары да келмепті.
Армян халқында «кімнің арбасына отырсаң, соның әнін айт» деген қағидалы сөз бар, Зәуреш қайда жүрсе де Маңғыстаудың әндерін айтты. Сол әндердегі халықтың мұңы мен сезімін көрерменге жеткізді.
Шәмші Қалдаяқовтың әндерін иісі қазақ жақсы көріп тыңдайды, ол әндерде халықтық үн бар. Ол кісінің «Сыған серенадасын» орындағанда Шәмші «Сыған серенадасын» Зәуреш Есбергеновадан артық айтқан әншіні көргенім жоқ» деп ерекше баға берген болатын. Бұл әншіге, әншілігіне берген керемет баға деу абзал.
Ал өмір бойы өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген әнші атақ-даңқсыз қалды. Еңбегі бағаланатын кезі болмады. Осы жайлы Зәуреш Есбергенқызы көзі тірісінде былай дейді:
– «Қазақконцертте» жүргенде талай бағдарлама министрліктен келген әділқазыларға өткіземіз. – «Мынауың жақсы екен», – дегеннен басқа жылы сөз болмады. Мен өз уақытында халқыма адал қызмет еттім. Үш айда алпыс шақты концерт қойып жүрдік, кейде одан да көп. Сәбилерімді әжелеріне тастай салып, ел аралап кеткен кездерім көп болды. Балалар анасын аңсаумен болды. Мен бұл өнерден нәтиже шығарамын деп көп жүрдім. Ең соңында «Қазақконцерттен» бір жапырақ қағаз да алмадым. Бірақ өкінем деп айта алмаймын. Оның есесіне зейнеткерлікке шыққан соң Ақтауда жаңа ашылған драма театрында көп жыл бойы режиссер болып еңбек етіп, сол жердің облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қамқорлығының арқасында үй алдым, оған да рахмет! –деп еді-ау, жарықтық...
Ал «Құрмет» орденін қазақтың белгілі жазушысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, публицист журналист Мағира Қожахметованың қамқорлығының арқасында иеленді. Алыс болса да Астанаға жол салып, туғанындай жанашырлық танытты.
Шын дос осындай-ақ болса керек. Қазақта «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегені расқа саяды. «Туған жердің топырағы да көтереді, суы мен ауасы да жанға ем» деп Зәкең өткен күнге ой көзімен көз жүгірткен еді.
– «Иә, жаңадан ашылған театрға Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтынан бір топ жастар келді. Театрдың бас режиссері – Гүлсина Бақытжанқызы Мерғалиева деген қыз. Директорымыз бар, Нұрнияз Мұханов деген кісі. Ақтаудағы бұл театр Нұрмұхан Жантөриннің есімімен аталады. Театрдың жастары сөзден гөрі эффектіге көбірек мән береді. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады». Оған көп мән беру керек. Сөздің мағынасын жеткізбеген актер актер емес», – деген еді Зәуреш Есбергенқызы.
Әншінің елге барған негізгі мақсаты – кешегі Жетіқайқы (жеті халық композиторының) өнерін жастарға дәріптеп, тарихын айтып, әнін салып, ұлттық құндылықты дәріптеуге атсалысу, ата-баба қалдырған ұлттық өнерге аманат, өнерге адал болу мақсатында мектеп оқушыларының ортасында, ауылауылда концерт қою еді. Зәуреш Есбергенқызы сол мақсатына жетті де.
Адамның өткені, болашағы тұнып тұрған ән. Кезінде саяхатшы Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп айтқан. Абай атамыз да әнге баға беріп кеткен.
Өзгеге көңілім тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың. Оны айтқанда толғанып, Іштегі дертті жоярсың, – деп ән болмысын осылайша суреттеген.
Зәуреш Есбергенқызы да әнсіз өмірін елестете алмаушы еді. Әрқашан ән құшағында жүретін.
70 жасқа толып, «70 жұмбақ» деп аталатын мерейтойына арналған концертті ұйымдастырып, өзі көп жылдан бері еңбек еткен «Қазақконцерт» сахнасында халқымен қауышуы бір құбылыс болды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұсылманның сипатыҚайнар бұлақтан қайнап шыққан мөлдір бұлақтай қанмен келген қасиетті өнер, табиғи үн бұл жолы да өзінің құдіретін танытты, «осынша жасқа келгенде еркін шырқау екінің бірінің қолынан келе берер ме екен?» десіп, көрермен таңқалысты. Шынында да әнші шешіліп сөйлеп, еркелей әзілін айтып, шарықтата әнге басты. Ол кісінің бұрынғы күндерден әрі досы, әрі әріптесі болған Людмила Иванова-Сокольскаяның фортепианода сүйемелдеген керемет шеберлігінің арқасында Зәуреш ән қанатында құшағын кең жайған еді. Маңғыстаудағы Жетіқайқының әндерін, Мұхит бабамыздың «Зәурешін» Шәмшінің «Цыган серенадасын», Хасанғалиевтің «Сағындым сен»», халық әндері «Ахау керім», «Еркемай», «Бипыл», «Ахау бикем» сынды әндерін еркін шырқағанда сахнаның сыртында тұрған біздер де «па, шіркін!» дей беріппіз. Көрермен қол соғып сахнадан жіберер емес. Осы за манда эстрададан шаршаған көпшілік жақсы ән тыңдап, жүздеріне қан жүгіргендей шаттанып отыр. Әншіге құшақ-құшақ гүл сыйланып жатыр. Алматы тұрғындары алыста жүрген әншілерін сағынып қалыпты.
Зәуреш Есбергенқызы көп жәйтті бүкпесіз айтып, өз кезінде еңбегінің бағаланбағанын, жүзіктің көзінен өтерліктей қылықты болмағанын, өзінің қарапайымдылығын баса айтып, ел-жұртты бір күлдіріп қойған еді.
Ол өзі орындап жүрген Досаттың «Жамалай», Қайыптың «Ақбөбек», халықтың «Сылдырсылдыр қамысқа», «Еркемай» әндерінің шығу тарихына да тоқталып отырды. Екі сағатқа созылған концерт біткен кезде ел кеткісі келмей, кідіріп тұрып қалған. Шөлі қанбағандай тамсана берген. Шындығында да бұл мерекелік концерт талай жүрекке жол тапқан әсерлілігімен ерекше болған.
Бұдан біраз жыл бұрын әнші Зәуреш Есбергенованың «Өмірімнің жібек жолы» атты ой-толғамға толы жинағы жарық көрді. Әнші сол естелігін де өмір шындығын баса айтқан. Бір адамның өмірі бірнеше томға арқау болады десек, бұл жинақтың деректерге толы екенін аңғартты.
Алланың берген қымбат уақытын үш ұл мен сүйікті қызынан тараған немере тәрбиесіне арнап, арасында әу деп ән салатын жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, шын өнердің өкілі әлі де еркін самғауды, шырқата ән салуды қалаушы еді, сол сыршыл жүрек тоқтады....
Арқалы әнші Зәуреш Есберген қызы қайтпас сапарға аттанды, артында ұл-қызы, орындалған әндері мен жамандыққа қимас көрермендері қалды. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, өнер иесінің екінші өмірі басталды.....
Алтын ИМАНБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты