©
Әуелі осы тақырыпты дер кезінде қайта көтеріп, халыққа қозғау салғаны үшін Мұратбай Ұлықпан інімізге рахмет айтамын. Өйткені бұдан он бес жыл бұрын көзі тірі кісілермен сұхбаттасып, очерк жазып, маңызды тақырыпты көтеріп, тарихтың ескі сүрлеуіне көз жіберіп, бүгінгіні айта отырып, келешекті болжап берген осы - Мұратбай. Себебі бұл тақырыпты мен де жиі айтып келемін.
Мен де Қызылсайдың құрылған жылын 1958 деп нық сеніммен айта аламын. Сондықтан Мұратбай Ұлықпанның кешегі мақаласында айтылған орынды ұсыныстар мен орнықты ойларды қолдап-қуаттаймын. Шынында да Қызылсай - 1959 жылы емес, 1958 жылы құрылған. Оған дәлелдерім де жеткілікті.
Менің осы Ескі Өзенге, яғни қазіргі Қызылсай ауылына көшіп келіп қоныстанғаныма биыл 37 жыл болды. Ойдағы білім-білігімді, бойдағы қажыр-қайрат, іс тәжірибемді әке-шешем мен ата-бабамның кіндігінің қаны тамған, табанының табы қалған тарихи атакүлдік Отаныма арнау парыз бен қарыздан арман мен мақсатқа айналды. Осы қарыз бен парыздан құтылып, мақсатқа айқын жету үшін ел келешегін тәрбиелеумен бірге әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға тура келді. Құдайға шүкір, жас 70-тен асса да әлі қатардан қалмай келе жатқан жағдайымыз бар. Демек бүгінгі қоғамға қажетпіз. Жаңағы айтқандай өмірімнің жартысынан астамы - осы Қызылсай ауылына тығыз байланысты. Сондықтан көрген-білгенімді, көңілге түйгенімді оқырмандардың ортасына салып көрейін.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қарбыз құрамындағы нитратты үйде анықтаудың тәсілін білесіз бе?1989-90 жылдары Өзен поселкелік кеңесінің төрағасы, 2000-2005 жылдары осы ауылдағы орта мектептің директорлығы қызметтерін атқардым. Демек, Қызылсай - менің де көз алдымда өсіп өркендеді. Тәуелсіздік жылдары орнағанда қанаты қайта қатайып қомдана түсті. Әлі сондай. Жылдан жылға жаңа үйлер салынып, өресі өрге қарай өрлеп, өркені өсе түсуде. Менің өзім де осы Қызылсайда кемелденіп, ағалықтан өтіп, ақсақалдыққа жетіп, өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтіп, тарихты түгендеп, асылдарымызды ардақтауға, салдамдыларымызды салмақтауға аңсарымыз ауып, жастарға ақыл айтар буын өкілдерінің қатарына қосылдық. Сондықтан осы ауылдың гүлденіп, дамуына титтей де болса үлес қосқандығыма өзімді бақытты санаймын және өзіме-өзім риза боламын. Сол үшін осы орайда Қызылсай ауылы мен ауыл мектебінің құрылуы туралы менің де айтарым бар.
2003 жылы осы мектепте басшы болып жүрген кезімде маған мектептің көнекөз, ардагер ұстаздары «Биыл мектебімізге 45 жыл толады. Бұл мектеп Өзен өңіріндегі - Қарашаңырақ. Осы кезге дейін бұл мектептің бірде-бір мерейтойы аталып өтілген жоқ. Сондықтан мектептің құрылғанына 45 жылдығын атап өтсек қайтеді?» деп ұсыныс жасады. Әрине, мен ардагер, ақсақал мұғалімдер тарапынан айтылған ұсыныс, пікір, өтініш, тілектерді орынды деп есептедім. Сосын мектептің қашан, қалай құрылғандығын анықтау мақсатында нақты деректер жинауға кірістім. Дегенмен ол туралы ресми деректер табу мүмкін болмады.
Сұрастырып жүріп, осы мектепті алғаш аз комплектілі мектеп ретінде ашқан Жұмажан (Сая) Аққұлиева апайды тауып, жолығуға мүмкіндік алдым. Сая апай зейнеткер екен. Жаңаөзен қаласында тұрады. Денсаулығына байланысты көп ешқайда шықпайды екен. Ол кісінің үйінде бірнеше рет болдым. Қызылсайдағы мектептің алғашқы ашылуы туралы біраз әңгімелестік. Сол айтқан әңгімелерін көзі тірі кезінде қағазға жазып та берді. Көпшілігі журналистке берген сұхбатында да айтылған.
«Мен Аққұлиева Жұмажан (Сая) 1958/59 оқу жылында қазіргі Қызылсай, бұрынғы Ескі Өзен жеріне разведкі (Барлау, бұрғылау) жұмысы басталып, осы жерде азғана жанұясы бар халық орналасты. Сондықтан осы жерден жер үйде, төбесі шошайтып шығарылған мектепте аз комплектілі 12 бала оқыттым. Ол I-II-III кластар. Өзімнің 1959 жылы туылған кішкене қызым, мен және өмірлік жолдасым үшеуміз сол жер үйде тұрып, өмір сүрдік.
Міне, сол I класта оқытқан оқушыларым қазір азамат болып, бір-бір жанұяның отағасы болып отыр. Ал 1961 жылы мектеп бастауыш болғаннан кейін I-III, II-IV параллель кластар болып, Манаш Қожаниязова келді. Жолдасы бас геолог еді. Жұмыс орындары көбеюіне байланысты бірте-бірте көшіп келіп қоныстанушылардың қатары көбейе берді. Ал кейін 1962 жылы сегіз жылдық мектепке айналды. Оның директоры - Сәнжан Боранбаев, оның оқу ісі бойынша орынбасары - Оразғали Оңғарбаев болды...»
Қызылсайдағы мектепті алғаш өз қолымен ашқан Сая апайдың осы әңгімесінен, ондағы келтірілген мәліметтерден кейін Ескі Өзеннің негізі 1958 жылы қаланғаны ешкімнің күмәнін тудырмаса керек.
2003 жылы қыркүйекте Қызылсай орта мектебінің 45 жылдық тойы қала көлемінде тойланып, осы ауылда өтті. Бұл тойға сол кездегі қала әкімі Жалғас Бабаханов, оның орынбасарлары, қалалық білім бөлімінің бастығы Қатира Боранбаева, қаланың барлық мектептерінің директорлары, іргелі кәсіпорындар мен мекеме басшылары қатысып, құттықтап, игі тілектерін айтқан.
Аталмыш тойға 1958 жылы осы алғашқы мектептің алғашқы 1 сыныбына барған, басқа да сол кездері жертөледе оқыған мектеп түлектері де шақырылған. Олар да қатысты. Бірқатары шығып сөйлеп, естелік-әңгімелерін мерекелік шараға жиналған жұртшылыққа айтып берді. Солардың бірі – қаламызға танымал электрик, «Өзенэнергосервис» мекемесінде бастық болған Дәулет Өтебергенов. Оның сыныптастары сол жылы Қызылсай мектебін бітіргендерінің 35 жылдығын атап өтті. Демек, олар мектепті 1968 жылы бітірген болып тұр ғой. Сонда Қызылсай ауылының да, ауылдағы №4 орта мектептің де 1958 жылы ашылып, қалыптасқандығын аңғартып тұр. Бұдан артық қандай дәлел керек?!
Ал 2008 жылы шағындау болса да мектептің 50 жылдығы аталып өтілді.
Сөзімді қортындылай келе айтарым, журналист Мұратбай Ұлықпан жазғандай, жастарды тарихтан шатастырмайық, Жаңаөзен қаласы мен Қызылсай ауылының алдағы мерейтойларын бірінен-бірін бөле жармай, бірге өткізейік, ағайын! Бұл - келер ұрпақ үшін де тиімді болмақ. Себебі Қызылсай мен Жаңаөзен бірі - Қарашаңырақ, екіншісі халықты байлық пен бақыттың және тағдырдың талбесігіне бөлеген - Дарашаңырақ. Осы ретте ел есінде мәңгілік сақталуына септігі тиюі керек. Әрі тартып, бері тартып, елдің есін шығармай, бір тоқтамға келейік. Бұл өзімізге де, өзгеге де, бүгінгі күнге де, келешекке де ауадай қажет.
Өтеулі САРЫБЕК, Қызылсай ауылының тұрғыны, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы