©
«Жердің аты - тарихтың хаты» дейді халық нақылы. Бұл жайдан-жай айтыла салмаған болса керек. Әсілі қазақ табиғатында ат қоюға шебер халық. Кез келген атауды алып қарасақ оның тарихында ақиқат, шындық жатады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңаөзен қаласының атын өзгерту туралы әңгіме болды-ау. Сол тұста қаламыздың атына байланысты біраз пікірлер айтылды. Оның ішінде көңіл қоярлықтайлары да болды. Ұшқары айтылғандары да бар. Бірақ қолға ұстатар, тоқ етер тұжырым жасалған жоқ.
Сонымен, Өзен деген атау қайдан шықты. Өзеннің елесі де жоқ аймақта қойып жүрген өзен атауы несі? Маңғыстауда Өзен деген жер болған емес, ол - беріде жергілікті халықтың айта салғаны, бүгінде жер атауына айналып кеткен десе, бірі «Өзен» деген өзінің берегіректегі осы маңды жайлаған ата-бабаларының бірі екенін айтады. Ол адамның ондай ата-бабасы болған ба, оны зерделеп жатқан жан жоқ. Жалпы Маңғыстауда жер атауларының шығу тарихын зерттейтін арнайы орындар жоқ. Сондықтан да әркім әр жаққа ала қашып, жол-жөнекей айта салып кете береді де, ол «тисе - терекке, тимесе - бұтаққа» болып қала береді.
Осы маңнан қатты қашық емес Қансу деген жер бар. Оның неге Қансу аталғаны белгісіз. Маңғыстауда мұндай жұмбақ жер аттары баршылық. Ендеше, оның бәрінің де сырын ашу үшін тарих тереңіне үңілу керек сияқты.
Сонымен Өзен атауына келейік. Бір замандарда Маңғыстауда өзендер болған. Соның соңғы дерегі - осыдан бірнеше ғасыр бұрын қазіргі Әмудария өзені Маңғыстаудың үстімен ағып Каспийге құйған. Кейін Хорезм хандығы Әмудария бойындағы алтынды қорып узбойды бөгеп тастаған. 1713 жылы Маңғыстаудың байырғы тұрғындары - түркмендердің ақсақалы Қожанепес Петербургке патша ағзамға барып: «Хорезм ханы Әмударияны жоғарыдан байлап тастап, Каспийге су жібермей қойғанын, Маңғыстау халқының шөл далада қалып қойғанын айтып, өзеннің бұрынғы арнасын қайта ашуға жәрдемдесуін» сұраған.
Бұл кезде Үнді алтынына жол ашпақ болған І-Петр патша осы Әмударияның Каспийге құйған бұрынғы арнасын қайта ашуға мүдделі еді. Сол мақсатпен шыққан Бекович Черкасский басқарған орыс экспедициясы 1717 жылы 3464 адаммен жолға шығады. Әмударияның Каспийге құйған арнасының ізін Қызылсудың (Красновдскінің) тұсынан табады. Мұнан кейін арнағы ізімен жүріп отырып Хиуаға келеді. Хиуа ханы Шерғазы Порсу деген қалада экспедицияның алдарынан шығып, алдап қонаққа шақырып, «мұншама көп әскер түнеп шығатын қоналқалық орын жоқ еді», - деп оларды үй-үйге бөліп әкетіп, Бекович-Черкасскийдің өзіне жанындағы серіктерімен бірге басын шабады. Осыдан кейін түрлі тарихи жағдайдарға байланысты Әмударияны бұрынғы арнасына қайта бұру аяқсыз қалады.
Енді осы тұста айта кетер бір жайт - Әмудария өзені болмысында ағысы қатты, тентек өзен. Жер бедері (рельефі) жұмсақ, құмақты жерлерде ол тұс-тұстан жарып кетіп өзеннің жаңа салалары пайда болып отырады. Бұл - геологиялық заңдылық. Мысалға қазіргі Ақтөбе облысының аумағында жеті-сегіз өзен бар. Солардың барлығының да бастау алатын жері - бір жер - Орал тауы. Ол жол бойы жер бедеріне қарай әр тұстан жарып шығып бірнеше салаларға бөлініп, ол салалардың Елек, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Темір, тағысын тағылар болып, әрқайсысы бөлек-бөлек өзен аталып кеткен. Әмударияның сондай салалары Маңғыстау жерінде де болған. Бірақ, Маңғыстаудың жер бедері - негізінен таулы, тасты, сазды болып келеді де, жан-жаққа бұра тартқан өзеннің салалары таулы-тасты, сазды жерді терең қазып аға алмай, жайылып, өзен толып аққан жылдары су тасып, қайсыбір тұстарда сарқырап ойпаң шұқырға құйылып, терең сай жасап, одан әрі тағы бір жерде қайта жайылып, не өзен қайта тартылып, арнасын өзгертіп отырған. Және талай жүздеген, мыңдаған жыл солай болған. Сулы жерде ел болады, Маңғыстау жерінде болып өткен талай тарихи оқиғалар да, із қалдырған тарихи сапарлар да бұл өлкенің ел келмейтін, жан баспайтын қу сахар емес, өзен, көлі бар көгалды, қолайлы аймақ болғанынан хабар бергендей.
Қызылсайдың табанындағы Төңірекшың заманында осындай сарқырамалар құйылып жиналған аумақты су қоймасы орнына ұқсайды. Төңірекшың ернеу жиектерінде, сайдың жақпар тастарында сан ғасыр сабалап жатқан су бедерлерінің көмескі іздері қазір де байқалады. Сондайақ, Таңбалы тас сайының пайда болуы да осындай құбылыстардың ізіндей. Ал, мұндай жерлер Маңғыстауда көп.
Енді бүгін біздер сөз етіп отырған Өзен жерінің де осы жоғарыда айтылғандай заманалар өзгерісіне ұшырай отырып, бүгінгі күнге жеткен болуы бек мүмкін. Ал, халықтың жер атын, тарихын толық біле бермесе де осында бір негіз барау деп жобалап, жорамалдап айта береді емес пе. Ендеше, Өзен жерінің атауын солай түсінген дұрыс сияқты.
Қашан келді қалың ел?
Енді бүгін сол Өзен жерінің бір тұсын неге Қызылсай деп қойды, оған ел қашан келді? Өзен жерінің ұлутасты келетіні белгілі. Және түсі қызғылт ұлутастары сайдың ернеулерінде көрініп жатыр. Оның Қызылсай атануы осыдан болса керек.
Иә, Қызылсай атауы бұрын да болған. Біз білетін жерде мұнда қазіргідей қалың ел болмағанымен, бірлі-жарым үйлер мал шаруашылығы ыңғайында отырған. Олар сайдың табанынан құдықтар қазып, ауыз суға да пайдаланып, малын да суарған. Ол құдықтар Қызылсайға алғаш барлаушы геологтар келген анау 1959 жылдары да бар еді. Осы сайдың табанында екі-үш құдық болды. Оған өзіміз де талай барып, түйе суарып тұрдық.
Енді бұл жерге қалың ел қашан келді, Қызылсай қашан құрылды дегенге келетін болсақ, әрине, мұны мұнда алғаш барлаушылардың аяқ басып, шаңырақ көтергенінен бастау керек сияқты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұсылманның сипатыЖалпы Маңғыстауға жорық 1957 жылы басталғаны белгілі. Мұнда 1957 жылы Форт-Шевченкода «Маңғыстау мұнай, газ барлау тресі ашылды да, 1958 жылы алғашқы барлаушы топтар Түбіжік, Қызан жеріне, ізінше Таушыққа жақын Қошақ жеріне бұрғы салынды. Мұнда жұмыс келер 1959 жылдың көктеміне дейін жүргізілді де, содан кейін 15 тамыз күні салдыр-гүлдір бұрғылау қондырғылары Өзен Үстірті үстімен Қызылсайдың батыс ернеуіне келіп тоқтады. Барлаушылар отбасы - 15 үйдің шаңырағы тиелген машиналар көші Өзен үстірті үстімен Қызылсайдың батыс ернеуіне (қазіргі Қызылсай ауылы) келіп тоқтады. Отбасылардың бір бөлегі шатыр тігіп, қайсыбіреулері шаңырақ көтеріп баспана қамына кірскенде барлаушы жігіттер жаңа нүктенің орнын әзірлеп жатты. Коршин бастаған геологтар қолдан сызған дала картасын қолдарына алып қыр кезіп жүріп, Төңірекшың ойпатының табанына келіп тоқтады. Сол күні осы араға бұрғылау қондырғысын құрастыру басталып кетті.
Әрине, жалпы Маңғыстау жерінің жерасты құрылымдарын ғылыми тұрғыдан негіздеу, түрлі ғылыми конференциялар өткізу 1951 жылдары қолға алынғанымен, бірен-саран геологтардың келіп жер бедерін көріп, бір-жар күн шатырда түнеп, карта бетіне нүкте қойып кеткен екен деп Қызылсайдың құрылған күнін әріге апаруға негіз жоқ сияқты. Ендеше, Қызылсайдың алғаш құрылуы осы 15 үйдің көшіп келіп алғаш шаңырақ көтерген 1959 жылдың 15 тамызы күнінен бастаған жөн.
Маңғыстау мұнайының басы Жаңаөзен қаласының негізі де осы Қызылсайдан басталды ғой. Бір-біріне иық тіресіп бұл қатар тұрған екі елді мекеннің екеуінің де негізін бір мақсатпен қалаған сол бір адамдар. Жаңаөзен - оның отырған үйі болса, Қызылсай - сая жайы. Ендеше, бүгін әрқайсысының елді мекен ретіндегі заңды статусы екі басқа болғанымен, (бірі қала, екіншісі ауыл) екі бөліп қарау дұрыс бола ма.
Жоламан АЙДАРБАЕВ, қаланың құрметтің азаматы, ҚР-сы Журналистер Одағының мүшесі, ҚР-ның құрметті журналисі