Маңғыстаудың мұнайын игерген алғашқы мұнайбарлаушылар туралы ойласам, өзінен бұрынғы Исатай-Махамбеттің ерлігін жырға қосқан Ығылман ақынның «Ел қамын жеген ерлердің сөз білген жанда қақы бар» деген қағидалы сөзі есіме орала береді.
«Елу жылда ел жаңа!» Кеп-кешегі Өзеннің шаңдағына бота-тайлақпен бірге аунап өскен қарасирақ балғындардың өзі бүгінде алпысты алқымдап қалды. Бүгінгі Жаңаөзеннің жалтыраған асфальтында өскен жастар бұдан елу жыл бұрын бұл аралардың нағыз еңбек майданының шаршы алаңы болғанын ұға да бермес. Соңғы жылдары атамекенге оралған ағайындар қаптап көшіп келіп қоныстанған үш Өзеннің айналасы басқа түгіл сол жерде туып-өскен біздің өзіміз танымастай болып түлеп, түрленіп өзгерді.
Өзен Өзен болып, қала атанғалы 50 жыл толып жатыр, ал одан бұрын, Өзен алаңының қара алтынын алғаш атқызып, атам заманнан бері құйын жортып, киік жайылған құба дөңнің атын дүниеге танытқан батырлар – мұнайбарлаушылар еді. Өзен тарихында тұңғыш мұнай фонтанын өз қолдарымен аттырып, қара алтынына беттерін жуған алғашқылар есімі сол №1 скважина басындағы ескерткіш тақтада жазулы тұр.
Ол бір Маңғыстаудағы ғана емес, Қазақстандағы, бүкіл Одақтағы алып 3 мұнай кенорнының біріне саналып, ұзақ жылдар қара алтынының игілігін сан мыңдаған жан көріп, алтын жылғасынан ауыз тиді. Алғашқы мұнай эшелонын 1965 жылдың 10 шілдесінде Өзен–Маңғышлақ–Мақат бағыты бойымен тартылған теміржолмен тұңғыш рет Гурьев мұнай өңдеу зауытына аттандырған Өзен кенорнының мұнайшылары сол жылдың ішінде 334 мың тонна мұнай өндірген болатын. Өзен мұнайының қара тасқыны бір теміржолмен тасымалдауға күш бермей, қосымшатеңізарқылыда Ресейасып, 1966 жылдың 30 желтоқсанында «Джебрайль» танкерімен Ақтау портынан Волгоградқа жөнелтіліп еді.
[caption id="attachment_63876" align="aligncenter" width="1024"] Мұнайлы қала Жаңаөзен осылай салынды[/caption]Өзен алаңындағы қарқынды еңбектің толас таппағанын: 16 маусым 1966 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестігі мен Гурьев облысы мұнай-химия өнеркәсібі жұмысшыларының кәсіподақ комитеті республикалық социалистік жарыс қорытындысы бойынша бірінші тоқсанда 1-орынды және Қазақ ССР-і министрлігінің және Қазақ Респу- бликасы кәсіподақтар кеңесінің ауыспалы Қызыл Туын «Өзен» мұнай кәсіпшілігі басқармасының ұжымына берілсін деген шешім шығарғанынан байқау қиын емес. Бір сөзбенайтқанда, мұнайбарлаушылар мен мұнайөндірушілер сол тұста соғыстағы жауынгерлердей қан жұтпаса да, еңбек майданында шаң жұтты, атамекеннің қарамайлы пұшпағына қара терін төкті. Сөйтіп, шын мәнінде, социалистік екпінді еңбектің алдыңғы шебіндегі бейбіт жауынгерлері атанды.
Әр майданның өз ерлері болатыны белгілі. Алып кенорны атанған Өзеннің де өз ерлері болды, бірақ оның Қадыров, Әбдіразақов, Еремин секілді 2-3-еуінен өзгесін көпшілік біле де бермейді. Осы күнде менің көкейімнен «жапанға жасыл қала орнатқан» сол ерлердің есімін бұл күнде өз дәрежесіне лайық құрметтей алдық па? деген сұрақ кетпейді.
Ең алғаш Өзенге структуралық партияны бастап келген жылойлық мұнай барлаушы Зейнолла Ысқақовтың қызы Жонас әкесінің атына көше сұрап барғанда, жергілікті билік иелерінің құжат сұрап, майталман мұнайшының атын жаңғыртуға аса құлық таныта қоймағанын айтып: «Жұрт ол кезде құжат жинауды білді ме? Жұмыс-жұмыс деп жүріп, өздері де о дүниеге аттанып кете барды. Әйтеуір осы жерге еңбегі сіңгенін ел біледі, көзін көргендер де бар ғой, бірақ қазір адамның сөзіне ешкім сенбейді, тек құжат сұрайды» деп мұңайып еді. Осындай атаулы жыл тұсында маңдай терін төгіп, еңбек еткен мұнайбарлаушылар есімі ұлықталып, қала сыртындағы жаңа шағынаудандардың көшелеріне сондай еңбек ерлерінің есімдері берілсе құба-құп болар еді.
Өзеннің мұнай фонтаны Одақ көлеміндегі үлкен жаңалық болуымен қатар, жаңа бір ірі істің бастауы да болды. Бұл туралы Өзеннің қадасын алғаш қағысқандардың бірі, Өзен мұнайын барлау жұмыстарына айрықша үлес қосқан ардагер геолог Сайлау Жылқайдаров былай дейді:
– Өзен секілді алып кенорын ашылған соң, Қазақстан бойынша өндірілетін мұнайдың 70 пайызынан астамын осы жерден алу міндеті күн тәртібіне қойылды. Ал ол дегеніңіз– мыңдаған бұрғылау қондырғысын орнатып, жаппай терең бұрғылауға көшу, оған қызмет ететін маман кадрлар жасақтауды жолға қою болатын.
Алыпты игеру үшін кенеттен пайда болған маман жұмыс қолының сұранысы сол кездегі көршілес республикалардан өзге ұлт өкілдерінің шамадан тыс ағылып-төгіліп келуіне себепші болғаны рас. Олар, әрине, Өзеннің мұнайы игерілмей қалады деп емес, қаражаттың молдығына қызығып келді. Жай қара жұмыстың өзіне аудандық – 30, шөл және сусыз аймақтық – 40, далалық – 40, барлығы 110 пайыз үстеме ақы – коэффициент төленетін алтын аймаққа бөтен жұрттың ағылуының басты себебі содан болатын. «Атамекенге барып, мұнайды игеруге өз үлесімді қосам» деп Жылойдан экспедициямен келген шын патриоттар өз әкелеріміз, алғашқы мұнайбарлаушылар еді.
Өзен кенорнының ашылып, игерілуіне үлес қосқан алғашқы батыр барлаушылар қатарында болған Дүйсен Үсенов, Зейнолла Ысқақов, Қамысбай Мырзағалиев, Мұрат Қайырлиев, Ханзиба Есмурзина, Ғазиз Әбдіразақов, Михайл Кулебякин, Төреғали Қадыров, Тынышбай Опиев, Меруасия Қашаубаев, Мұқаш Нұрлыбеков, Бақыт Спанов, Болатбай Қарамұрзаев, Нәсіпқали Марабаев, Бағытжан Бисенғалиев, Сұлтанғали Айдарбаев, Қойшыбай Үсенов т.б. және кейінірек келіп, өндіріс жұмысына араласқан жас мамандар Әнес Бүркітбаев, Мұрат Саламатов, Жанайдар Құлшанов, Жұмабек Алдамбергенов, Мансұр Омаров, Орынбасар Ажиков, Миша Мұхтаров, Көшербай Әлібаев, Амангелді Демесінов, Демесін Арғымбаев, Қылыш Наушабаев, Амангерей Орынбаев, Тұрар Борамбаев, Кемелхан Қатарбаев, Аманжан Өтесінов, Қолғанат Құлсариев, Жақсылық Жанғазиев тағы да көптеген мұнайшылардың есімдері ойға оралады.
1963 жылдан бері мұнай барлаушылар кентінде ұзақ жылдар тұрып, мұнайшылардың балаларына тарих пәнінен сабақ берген қызылсайлық ұстаз Жәңгір Смағұлов Өзен топырағына алғаш келіп жұмыс жасаған жылдары туралы былай деп еске алды.
– Мен мектепке мұғалім болып келдім. Қызметшілер үшін салынған Жаңақұрылыстағы 6 отбасылық барақ үйлердің екеуі мұғалімдердің жанұясына берілді. Әуелі 7 кластық болып ашылған мектеп, келер жылы 8 жылдық болды. Оқу жылын 25 баламен бастап, 50-ден асырып аяқтаймыз. Халықтың өсімі керемет. Күннен-күнге көшіп келушілер есебінен көбейіп, тұрғындар саны өсіп жатты. Кейін медпункт, аурухана төсегі бар емдеу орыны ашылды. Сөйтіп, мұнайшылар мекені іргелі елге айналып шыға келді.
Іргетасы 1964 жылы 13 вагон үйден басталған бүгінгі Жаңаөзен қаласының сол жылдарда қауырт өсіп, аздаған уақытта қала мәртебесіне ие болуына мыңдаған адамдар үлес қосқанмен, мұнайын өндіруге басшылық жасап, қаланың қабырғасын тікейтуге үлкен қайрат көрсеткен батыр Рахмет Өтесінов екені даусыз. Тағдырлы талант мұнайшы мамандығын Мәскеуден оқып, білім алып, заман талабынан тыс қала алмай партия жұмысына белсенді араласқанмен, өз ғұмырының екінші жартысын жаратушының қалауымен көзі жұмылғанша Өзенді жырлаумен өткен адам.
Ол туралы өзінің «Соңғы аялдама» кітабында «Әркімнің өмірінде өшпестей із қалдыратын елеулі оқиғалар болады. Мен үшін сондай оқиғаның бірі – Маңғыстауда алғаш ашылған мұнай алаңы Өзенді игеруге баруым... Менің көңіліме медеу тұтарым – менің өмірімде Өзен болды. Қай белестен қарасам да, артымда қол бұлғап Өзен тұрады» деп жазды көзінің тірі кезінде аты аңызға айналған мұнайшы.
Қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебаевтың кеуде мүсіндік ескерткіші Бекет Тұрғараев, Мейрам Ахметжанов, Ғани Карин секілді елжанды азаматтардың арқасында «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігі ғимаратының алдына қойылды. Ал мұнайлы қаладағы Рахаң тұрған үй оның мұражайына айналса, оның ғибратты өмір жолы бүлдіршін жастан насихатталса, жас ұрпақ санасына сәуле түсіретін игі іс болмас па еді?
Рахаңның жан жары, Өзеннің жас ұрпағына білім беру ісінде өзіндік орны бар қазақтың аяулы қызы Сақыш Қарабалина сол уақыттар туралы естелігінде былай деп еді.
– Рахмет темір вагонда тұрып, шілденің 16-сынан бастап бұйрығын шығарып, өз қызметіне кірісті. Айдың аяғында Красноводскіден 30 шақты жанұяны көшіріп келді. Лес, Таңмұқамбет, Шернияз, Миша... көбінің атын ұмыттым. Жылойдан 10 отбасы келді.
1965 жылдарда ағаштан құрастырған 5 барақ бітіп, сол барақтың бірінен №16 мектеп ашылып, әр сыныпта 4-5 баладан 9 класқа дейін болды.
Рахметтің басшылығымен тұрғызылған 1, 2-шағынаудан ел аузында «Өтесінов үйі» деп аталды. Құрылысшылар айына 2-3 үйден тапсырып, тез арада мұнайшылардың баспанасын дайын қылды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Адамзат қанша қан төкті?Сарғайған газет қиындыларының бетінде таңбаланған тарихқа көз жүгіртсек: «1966 жылы тұрғындар үшін тағы жеті барақ, 15 корпус тапсырылды. Бір мектеп, Мұнай өндіру басқармасының кеңсесі, жұмысшы асханасының құрылысы аяқталды. 1967 жылы 13 тұрғын үй, 25 барақ, 5 дүкен, «Нефтяник» клубы және жаздық театр. Екі дүкендік сауда орталығы, 250 орындық асхана және тұрмыстық комбинат, аяқ киім дүкені, екі күрделі және жайлы тұрғын үй, «Октябрь» кинотеатры, 664 орындық жеті жатақхана, бір монша және 900 орындық үш қабатты типтік мектеп іске қосылды» деген дерекке тап боламыз да, Өзеннің аз уақытта космостық жылдамдықпен қаулап өскеніне қайран қалып, еңбек майданының бір сәт саябыр таппағанына, Сақыш Қабдырахманқызының айтқан естелігінің растығына көз жеткіземіз.
Көшербай Сапаров, Нұрберген Борсанов, Мейрамғали Бисекенов, Мейрам Биманов, Дүйсенғали Қанағатов, Бақты Айтқұлов, Көшер- бай Ұзақбаев, Георгий Сапогин, Николай Гаджаев, Меңдіхан Ақмалиев, Асылбек Ешманов, Ильяс Нұрбайқосов, Оңдасын Ауелбаев, Бекарыс Ниязов, Жылқыбек Исабергенов т.б. құрылысшылардың арқасында «Бір ғана 1968 жылдың ішінде 16 тұрғын үй, «Светлана» дүкені, кулинария, радиоторап, кітап дүкен, аралас дүкен, екі ыдыс-аяқ шаруашылық дүкен, жиһаз дүкен, химтазалау, «Солнечный» дүкені, «Өзен» мейрамханасы, «Березка» кафесі, әмбебапдүкен және оқукомбинаты пайдалануға тапсырылып, оның сыртында 420 орындық балабақша, музыка мектебі, спорт зал, нан комбинаты, сүт зауыты, жүзу бассейні пайдалануға беріліп, көшелер асфальтталды, 20 000 түп бұталар мен ағаштар отырғызылғанын» ескерсек, Өзеннің сол кездің өзінде заманауи талапқа сай қала болғанын түсіну қиын емес.
Сусыз аймаққа сонша тал-ағаш отырғызылып, кішігірім тоғай өсірген бұрынғылар қандай жасампаз жандар еді. Сауысқан суына өскен сол тоғай қазір жоқ. Ол суды қалаға жеткізуге Р.Өтесіновтің бұйрығымен Сауысқан құмына көшіп барып, тікелей басшылық жасаған өз әкем болатын. Оны қазір ешкім білмейді. Ал қалаға ауыз су 1965-тің жазға салымында жеткізілген еді.
Өзенге алғаш рет 1965 жылы шілде айында келіп, Өзен мұнайының бірінші эшелонын жөнелту салтанатына қатысқан Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Скендір Нұрмағанбетов:
– Жаңаөзен қаласының негізін қалаушы мұнайшылардың, құрылысшылардың қатарында бастан-аяқ болғанымды мақтан етемін. Өзен кенорнында құрылыс жұмыстарын ұйымдастырып, қаланың өркендеп өсуіне елеулі үлес қосқан «ӨМГ» АҚ-ның күрделі құрылыс бөлімінің әр кезде жұмыс жасаған қызметкерлері А.Цепилов, С.Төреханов, В.Ким, А.Шалабаев, Г.Пастухова, Т.Белоусова, Е.Воронцова, қазір де жұмыс жасап жүрген Н.Бердіоңғаров, А.Көбесов, С.Аманиязов бар. «Мангышлак- нефть» бірлестігінде құрылыс саласын басқарған Илья Лапан, Жалғас Айтенұлы, Бақыт Бозжігітұлы, Кеңес Жоламанов, Аман Сағындықов т.б. Өзен кенорнын игеруде, қалалық құрылысына көп еңбек сіңірді, – деп еске алады.
Бір кездері өзіміз куә болып, дәмін татқан Өзен сүт зауытынан шыққан балмұздақтар тек біз емес, іргелес облыстың балалары үшін де таңсық тағам болатын. Дүкендерінде құстың сүтінен басқаның бәрі бар Өзен қалашығы – тікелей Мәскеуден жабдықталатын өндірісті мекен еді. Анда-санда іргелес жатқан колхоз-совхоздардың тұрғындары келіп аралағанда сол байлыққа аузын ашып, көзін жұматын. Байлықтың сұрауы, өтеуі болатынын кейінірек уақыт көрсетті. Бір кездері ағылып келіп, уақыт өте келе қара алтынның буына бастары айналып, жергілікті халыққа шекеден қарай бастауынан туындап, таулық достармен арада орнаған дүрдараздық 1989 жылғы маусым оқиғасына алып келгені тарихтан белгілі. Өжет қаланың өзінің өрлігін көрсеткен бұл оқиға Өзеннің атын әлемдік саяси картаға қызыл нүктемен үш күн белгілеп, дүниежүзі ақпарат хабаршыларын дабыл қақтырды.
Жаңаөзеннің жарқын болашағын жалғастыратын жастар өздері өмір сүріп жатқан қаһарман қаланың тарихын жақсы білуі керек. Күн санап көркейіп келе жатқан шаһардың іргетасы өмір жолдары еңбектің, ерліктің, елдіктің үлгісі боларлық жасампаз жандардың қолымен қаланған. Өзеннің өшпес шежіресінде талай тұлғалардың айнымас қолтаңбасы бар. Жапанға өсірген жасыл тоғай секілді нулы, сулы, сәулетті мекен – сан мыңдаған адамдардың жанкешті еңбегінің жемісі. Татулық пен табандылықтың, ерен елжандылықтың арқасы. Сол аға ұрпақтың салып кеткен сара жолын сақтай білейік!
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Фото Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63906,63905,63907,63908"]