©
Еліміз үшін де, өлкеміз үшін де биылғы жылдың теңдессіз жаңалығы, тарихи оқиға – V Ақтау (Каспий) саммитінің өтуі, әлем назарын Маңғыстау өңіріне бұрған шақта шекаралық аудан болып саналатын Бейнеуде де ұлы жоба бастау алды.
БЕЙНЕУДІҢ ТАС ЖОЛДАРЫ
Ел мен елді жалғаған күретамыр іспетті «Бейнеу–Ақжігіт–Өзбекстан республикасының шекарасы» халықаралық маңызы бар автокөлік жолының жобасы іске қосылды. Сөйтіп, бұл трансконтиненталдық көлік дәлізіне кіретін Құрық теңіз порты арқылы қос құрылықты қосатын жол арқылы Өзбекстаннан келе жатқан жүк көліктері алғашқы жаңа сапарына шеру тартты. Елбасы атап өткеніндей, елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобалар «Ұлы Жібек жолын» жаңғыртып, Парсы шығанағы мен Европаға жол ашатын халықаралық маңызға ие.
«Су аққан жерден ағады, жеміс өскен жерден өседі» дейді халқымыз. Өлкенің бағзы тарихына зер салып үңілсек, біздің ата-бабаларымыз батысында Римнің, шығысында Қытайдың хабарын біліп, өркениеттің дәл ортасында өмір сүрген. Төрткүл дүниені жалғастырған Шығыс пен Батыстың алтын көпіріндей болған «Ұлы Жібек жолының» ескі сүрлеуінің бір тіні осы өлкені басып өткен. Бұған деректер мен дәйектер жетіп артылады. Басқаны айтпағанда тек Бейнеу өңірінде жақын жылдар ішінде еліміздің атын өзге елдерге танытқан қаншама үлкен жобалар жүзеге асты. Мәселен осыдан он жыл бұрын «Бейнеу – Атырау» автожолы пайдалануға берілсе, өткен жылы «Бейнеу– Ақтау» магистралінің құрылысы аяқталып, «Бейнеу – Ақжігіт – Тәжен» автожолының құрылысы басталып, оған 353 техника мен 659 адам жұмылдырылды. Ескі «Жібек жолының» керуендері сапарлаған бір сүрлеуі қаншама елді мекендердің іргесімен өтететін даңғыл жолдармен жаңғырып, айшылық алыс қалалардың арасын жалғап, самғаған заманауи автокөліктер сынаптай сырғыған уақытты бағындырды. Күре жолдың бойы тек барыс-келіс, жүк тасымалының жағдайын жақсартып қана қойған жоқ, сонымен қатар күнелтіс көзіне айналып, кәсіпкерлік дамыды. Жол бойында қоғамдық тамақтандыру орындары, қонақ үйлер, көліктерге сервистік қызмет көрсетететін ғимараттар салынды. Бұлардан басқа қаншама адам қала мен қала арасына, ауыл мен ауыл арасына жолаушылар тасып, такси қызметін көрсетіп, отбасын асырап, бала-шағасына нәпақа тауып жүр.
Ал енді Бейнеу ауданы бойынша биылғы жыл ішінде жолға қатысты жасалып жатқан жұмыстарға тоқтала кетейік. Инвесторлар қаржысына Боранқұлдағы ауылішілік автомобиль жолының үш жарым шақырымы асфальттанып, «Сарықамыс-Боранқұл» автомобиль жолының он шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бейнеудегі бір көшенің қиыршықтасты автомобиль жолының құрылысы аяқталып, екі көшенің қиыршықтасты автомобиль жолының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Көне Бейнеудегі автомобиль жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Бейнеудегі бес көшенің жаяу жүргіншілер жолы асфальттанды.
Сондай-ақ жылдар бойы «жыр» болып келе жатқан Бейнеудегі Тобанияз көшесінің автомобиль жолын асфальттау жұмыстарының, 2 көшенің қиыршықтасты автомобиль жолының құрылысының жобалық сметалық құжаттарын дайындауға мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде.
Қай уақытта да аса маңызға ие игілік – жол жағдайын жақсарту жұмыстары осылайша қарқын алуда.
БЕЙНЕУДІҢ ТЕМІР ЖОЛДАРЫ
Бейнеу ауданының тарихында темір жолдың салынып пайдалануға берілуіне байланысты үш рет ұлы оқиға болған екен. Оның ең біріншісі осыдан елу бес жыл бұрын наурыз айында Бейнеу поселкесінің алғашқы қазығы қағылып, «Мақат-Ақтау» темір жол құрылысының басталуы және бір жыл ішінде ұзындығы 706 км. болатын «Мақат-Ақтау» темір жол құрылысы аяқталып пайдалануға берілуі. Тұңғыш темір жол станциясының ашылуы, көп қабатты тұрғын үйлердің бой көтеруі бүгінге жалғасқан жақсылықтар мен игіліктердің бастауы болғаны белгілі. Одан соң аудан құрылардан бір жыл бұрын Бүкілодақтық екпінді құрылыс болған «Бейнеу-Қоңырат» темір жолы пайдалануға берілген. Міне, осы қос теміржолдың салынуы арқылы қаншама ауылдардың іргесі қаланып, жаңадан Бейнеу ауданының құралуына негіз болды. Бұл темір жолдар қай кезеңде де тек ауданның емес, берісі облыстың, әрісі республиканың әлеуметтік экономиқалық дамуына серпін берді. Ал теміржолға қатысты үшінші ұлы Жоба тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан еді.
Ол – Елбасы «Ғасыр құрылысы» атаған жаңа «Бейнеу – Жезқазған» темір жолы еді. Нақтылап айта кетсек, 2014 жылдың тамызында Батыс пен Шығыстың арасын жалғайтын ұлы жолдың осы бөлігі іске қосылды. Бейнеу ауданының құм ішіндегі Сам, Ноғайты, Тұрыш ауылдарымен өтетін жаңа болат жолмен алғашында жүк пойыздары, кейін жолаушылар пойыздары жүре бастады. Маңғыстау өлкесінен Алматы бағытындағы бірнеше облыс, аудан орталықтарына, қаншама ауылдарға барыс-келіс оңайлап, жол уақыты қысқарды. Бұл жол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді. Жаңа жол жаңа жұмыс орындары, жақсы игіліктер арнасына айналып жүре берді.
ТүйінБұрын да «Тоғыз жолдың торабы», «Орта Азия қақпасы» атанған Бейнеу қазіргі күні төрт тараптан келетін темір жолы түйіскен, төрт тараптан келген газ құбыры тоғысқан, төрт бағытқа даңғыл автожолы тартылған ұлы даланың белортасында орналасқан төрт құбыласы түгел құтты мекенге айналды.
Айнахан ЕСЕТ