Каспий теңізі жағалауы мемлекеттері басшыларының бесінші саммитінің дәл 12 тамыз – Халықаралық Каспий күні Ақтауда сәтті өтуі абыройымызды арттырып, беделімізді биіктетті десек артық болмас. Күн тәртібінде қаралған ең басты мәселе – теңіздің құқықтық мәртебесі туралы қабылданған Конвенцияға бес тараптың қол қойғаны туралы қуанышты хабар сол бойда әлемге тарап, күні кешеге дейін көптің көкейінде жүрген күмән мен күдікті сейілтті. Айтулы саяси оқиға орталығына айналған Ақтау шаһарының атағы да алыстарға жетіп жатыр. Осылай, жиырма бес жылдан бері «жыр» болып келе жатқан халықаралық мәселеге қасиетті Маңғыстау топырағында нүкте қойылды. Бұл құжат барлық тараптардың мүдделерін өзара есепке алу негізінде тұжырымдалған базалық халықаралық шартқа айналды. Саммитте Елбасы атап өткеніндей, «бұл Конвенция – өз тұрғысынан қарағанда Каспий теңізінің конституциясы іспетті өте маңызды құжат».
АҚТАУДЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН
Сағындырған, сабылдырған Ақтау саммиті де көзді ашып жұмғанша өте шықты! «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Ақтауға әлем назарын аударған сол күнге дейін қалада қарбаласпен көп шаруа тындырылды: жолдар жаңарды, көшелер көріктендірілді, гүлзарлар егілді, теңіз жағалауынан жаңа мәдени демалыс нысандары салынып, пайдалануға берілді. Саммиттен екі күн бұрын Маңғыстауға келген Елбасының өзі амфитеатр аумағын аралау кезінде құрылысшыларға ризашылығын білдіріп, «қатырыпсыңыз» деп баға бергені бар. Демек, көңілі толғаны. Мемлекет басшысының жаңарған жағалауда теңізге қарап тұрған фотосуреті әлдеқашан әлеуметтік желілер арқылы елді шарлап кетті. Кейін «Tree of life» жағажай демалыс орнына барып көрген Елбасы Каспий теңізі жағалауындағы туризмді дамытуға қатысты ой-ұсыныстарын жеткізді. Ақтауды келешекте түріктің атақты Анталиясындай тартымды демалыс орнына айналдыру туралы әңгіме де сол жерде айтылды. Әрине, ол әңгімені іске асыру үшін қомақты инвестициялар тартып, кәсіпкерлер қызығытандай жағдайлар жасалуы керек. Ондай мүмкіндіктер, жоқ емес, шүкір, бар. Осы жылы пайдалануға берілген «Достық үйі» бес мемлекет басшысы бас қосқан салтанатты саммитке төрін беріп, құтханаға айналды!
БЕСЕУ БІРІКПЕЙ – БЕРЕКЕ БОЛМАС
Саммитке Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Осы саммит аясында Қазақстан Президенті төрт елдің басшыларымен жеке кездесіп, екіжақты және көпжақты достық, өзара тиімді қызметтестік байланыстарды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты. Бейтараптығын алға тартып талай басқосудан тартынып қалған түрікмен басшысы да теңіз тағдыры шешіліп, судағы шекара сызығы бекітілген бұл жиыннан тыс қала алмады. Бір сөзбен, президенттер бесеу бірікпесе береке болмайтынын көрсетті.
Мемлекет басшылары теңіз бен оның жағалау маңы аймағының елеулі мәдени және рекреациялық әлеуетін ескере отырып, Каспий өңірінде экономиканың туристік сегментін дамыту маңыздылығын атап өтті. Тиісті органдарға Каспийдегі туризм тақырыбы бойынша бесжақты консультациялар өткізу тапсырылды. Президенттер өңірлік деңгейдегі байланыстарды, мәдени алмасуларды, медиа-форумдарды, жастар слеттерін, спорттық жарыстарды және басқаларын қоса алғанда, Каспий маңы мемлекеттерінің әртүрлі форматтардағы ынтымақтастығын жандандыруға қолдау білдірді. Каспий теңізінің бейбітшілік, келісім, тату көршілік және тиімді халықаралық ынтымақтастық теңізі болып табылатындығын ерекше атап өтіп, барлық Каспий маңы мемлекеттерінің арасындағы дәстүрлі достық байланыстардың одан әрі нығаятынына және дамитынына сенім білдірді.
Бесінші Каспий саммитінде жағалау маңындағы мемлекеттердің өнеркәсіптік, сауда, энергетикалық, көліктік-логистикалық, инновациялық, туристік, ақпараттық және мүдделілік танытатын басқа да салалардағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға және дамытуға ықпал ететін Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге және Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою терең қанағаттанушылық сезіммен қабылданды. Осы келісімдерді іске асыру үшін Каспий маңы мемлекеттерінің құзыретті ведомстволарының кездесулері тұрақты негізде өткізілетін болады. Бес елдің кәсіпкерлері мен бизнес-құрылымдары арасындағы байланыстарды дамыту мақсатында 2019 жылы Түрікменстанда бірінші Каспий экономикалық форумын өткізу ұсынылды. Каспий теңізінде теңіз көлігі саласында тиімді және өзара пайдалы ынтымақтық жасау мақсатында жағалау маңы мемлекеттері теңіз әкімшіліктерінің бесжақты тұрақты өзара іс-қимылын ұйымдастыру маңыздылығы баса көрсетілді. Каспийдегі теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы бесжақты келісімді дайындау қажеттілігі атап өтілді. Саммит барысында Каспий теңізіндегі оқыс оқиғалардың алдын алу туралы үкіметаралық келісімге қол қою мемлекеттердің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын - егемендікті, аумақтық тұтастықты құрметтеуді, бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуді, әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын сақтауды өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі ортақ күш-жігерге сәйкес болжамдылық және транспаренттілік рухында іске асыруға бағытталған. Жағалау маңы мемлекеттерінің қауіпсіздік саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында президенттер Каспийде теңіздегі әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын әзірлеу және қабылдау қажеттігін растады. Президенттер 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзекті сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ құқыққа қарсы қызметтің жолын кесуге бағытталған терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы, шекара ведомстволарының өзара іс-қимылы туралы хаттамаларға қол қойылды. Көшбасшылар Каспийдегі қоршаған ортаның жай-күйі мәселелеріне ерекше назар аударды. 2018 жылғы 20 шілдеде Мәскеуде 2003 жылғы 4 қарашадағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қою Каспий маңы мемлекеттерінің осы бағыттағы күш-жігерінің аса маңызды қорытындысы болғаны атап өтілді. Оған қабылданған хаттамалардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді, сондай-ақ Конвенция Хатшылығын Каспий маңы мемлекеттерінің аумағына ротациялық негізде орналастыру процесін аяқтау тапсырылды. Мемлекет басшылары 2014 жылғы 29 қыркүйектегі Астрахань саммитінде қол қойылған судағы биологиялық ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану туралы, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы, сондай-ақ гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдердің күшіне енуін құптады. Осы құжаттарды практикалық іске асыру Каспий теңізінің табиғи және техногендік сипаттағы қауіп-қатерлерден қорғалуын арттыруға, оның бірегей теңіз ортасы мен биологиялық әртүрлілігі үшін тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді. Президенттер осы бағыттағы үкіметаралық комиссия жұмысының басталғанын қанағаттанғанушылық сезіммен атап өтті. Президенттер 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мақсатында Каспийдің балық қорларының сақталуына жәрдемдесуге және браконьерлікке қарсы іс-қимыл жасауға арналған биологиялық ресурстардың заңсыз кәсіпшілігіне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы, сондай-ақ теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы келісуді аяқтау қажеттігін атап өтті. Есірткі құралдарының психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес туралы хаттаманы пысықтау тапсырылды.
Каспий теңізі аймағындағы бесжақты ынтымақтастықтың неғұрлым маңызды мәселелерін талқылау, халықаралық өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасу дәстүрлі достық, сенім және тату көршілік жағдайында өтті. Өз кезегінде мәртебелі меймандар саммитті ойдағыдай сәтті ұйымдастырған Қазақстан басшысы мен халқына қонақжайлылығы мен ізгі ниеттері үшін алғыстарын айтып жатты. Тараптар саммиттің нәтижелі болғандығын бірауыздан мақұлдап, тұтас Каспий теңізі аймағына қызмет ететін құжатты іс жүзінде табысты қолданудың жолдарына қатысты өз көзқарастарын білдірді. Мәртебелі меймандар Бесінші Каспий саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және көрсеткен қонақжайлылығы үшін Қазақстан Республикасына ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтып жатты. Келесі Каспий саммиті келісілген мерзімде Түрікменстанда өтетін болып келісілді.
МӘНІСІ БӨЛЕК МӘРТЕБЕ
Иә, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің өзіндік режиммен реттелетін ерекшелігі бар. Олай болатын себебі, Каспий суының табаны теңіз мәртебесіне сай әр мемлекеттің құрғақтағы шекара нүктесі мен теңіздің белорта сызығы түйіскен аумақта белгіленеді. Ол жағынан Қазақстан өзіне тиесілі теңіздің табанындағы ең көп үлесін (29%) сақтап қалады. Ал, теңіздің су қабаты көлдерге қолданылатын тәртіппен, яғни жағалаудан бастап ені 15 мильдік су жолағы сол елдің территориялық сулары болып саналып, келесі 10 мильдік жолақ балық аулайтын аумағы болып бекітіледі. Одан тыс су айдыны ортақ мақсатта қолданылып, бес мемлекеттің кемелері еркін жүзетін, балық аулайтын, басқа да конвенцияда рұқсат етілген іс-қимылдар жасайтын бейтарап аймаққа жатқызылады. Каспий теңізіне 1982 жылы қабылданған БҰҰ-ның теңіздегі құққықтар бойынша Конвенциясының, сондай-ақ трансшекаралық көлдерге қатысты қолданылатын тәртіптердің күші жүрмейді: тек теңіздің түбі секторларға бөлінеді, ал су қабатына қатысты суверенитет басқа принциптер бойынша бекітіледі. Бөтен елдің кемелері тек жағалаудағы бес елдің туының астына жүзе алады. Жағалаудағы елдерден басқа мемлекеттердің әскери кемелерінің кіруіне, нысандар салуына жол берілмейді.
Ақтау саммитінде қол қойылған осы негіз қалаушы құжат заманауи талаптарға сай келетін және жағалау маңындағы елдердің жан-жақты өзара іс-қимылын одан әрі өрістетуге бағытталған Каспий теңізінің жаңа құқықтық режимін құрады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны тиімді орындау және Каспийдегі ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілеріне шолу жасау мақсатында президенттер сыртқы істер министрліктерінің қамқорлығымен Каспий маңы мемлекеттерінің өкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бесжақты консультациялар тетігін құру және Конвенцияға қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірмей алғашқы консультациялар өткізу туралы шешім қабылдады. Бірінші кезектегі тәртіппен тікелей бастапқы желілерді белгілеу әдістемесіне қатысты келісім жобасын әзірлеуге және келісуге кірісу тапсырылды.
362 ЖУРНАЛИСТ ЖИНАЛҒАН ОРТАЛЫҚТА
Сағат таңертеңгі 10 болмай БАҚ өкілдері үшін бөлінген баспасөз орталығына келдік. Ол саммит өткен «Достық үйіне» қарама-қарсы орналасқан Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің спорт кешенінде ұйымдастырылыпты. Иә, облыс әкімі баспасөз қызметіндегілердің мәліметі бойынша осы саммит туралы ақпарат таратуға әлемнің әр қиырынынан барлығы 362 журналист келген екен. Олардың арасында қатысушы бес елдікінен бөлек Euronews (Франция), The Guardian (Ұлыбритания), AFP (Ажанс Франс пресс, Франция), EFE (Испания), The Global Times (ҚХР), Euraktiv (Бельгия), Die Zeit (Германия Федералдық Республикасы), CNBC Arabia (БАӘ), Al-Ahram (Египет) сияқты шетелдік белгілі БАҚ-тар бар. Жалпы тіркелген шетелдік қонақтардың саны 563 адам деген мәлімет айтылды. Ғаламторға қосылған компьютер, ноутбуктермен төрт жүз елудей адам отырып емін-еркін жұмыс жасайтын орын сайланып, барлық жағдай жасалыпты. Журналистердің шай-суы мен ішіп-жемі де кем болған жоқ. Кездесу түскі екіде басталды. Саммит жұмысы толық аяқталғаннан кейін де баспасөз орталығындағы жұмыс жалғасып жатты...
НҰР ЖАУҒАН ТҮН
Ақтау саммитін абыроймен өткізіп, қуанған қала халқы түн ауғанша жаңа амфитеатр аумағында әлемге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен керемет концертті тамашалады. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов қала тұрғындарын саммиттің табысты аяқталуымен құттықтап, алғыс айтып тұрған кезінде жаңбыр құйып берді. Нөсерлетіп өте шыққан бұл жауынды Алланың нұрына балаған сөйлеуші әкім де, көтеріңкі көңіл құшағындағы тыңдаушы халық та жақсылыққа жорыды. Түнгі аспан көгіне дүркін-дүркін өз өрнегін салған отшашумен аяқталды тарихи күн!..
Бес елдің басшысын төрінде сыйлап, табысты саммит өткізу арқылы атағы алыстарға жеткен Ақтауыма, оның ақпейіл адамдарына іштей сүйсініп үйге келе жатырғанымда құрдасым телефон соқты. Дауысы жарқын: «Мен немерелі болдым!» дейді аңқылдап. Қуанышына ортақтасып құтты болсын айтып жатырмын... Баяғы заманның ырымшыл қазағы болса, бес патшаның басын қосқан жиынды жақсылыққа жорып немересінің есімін Саммитбай деп қояр ма еді?..
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ, Талант ҚҰСАЙЫН