Каспийдің құқықтық мәртебесінің шешімін табуы – қарақшылық жолмен балық аулайтын браконьерлік заң бұзушылыққа тыйым салудың бірден-бір жолы болмақ. Осы мәселенің шешімін табу үшін, жалпы теңіз қорын қорғау үшін Каспийдің су және биологиялық ресурстарын сақтау мен ұсынақты пайдалану туралы келісімнің маңызы зор.
Осы бағытта бірқатар оң шешімдерге қол жеткізген Баку саммитінде бес мемлекет басшылары келісімге келген бірінші – ұйымдасқан қарақшылық пен терроризммен күрес, есірткі тасымалы және қару – жараққа бақылау жасаудың, кемелерді басып алу мақсатындағы ядролық технология, заңсыз миграция, табиғи қорды заңсыз өндіру секілді өзекті мәселелерге қол қойылды.
Бұл басқосуда бес президент қол қойған тағы бір маңызды құжат – гидрометеорология саласы бойынша ынтымақтастық келісім. Каспий суы тартылып, толысып тұратын тұйық бассейн екені белгілі. Оның тартылып толысуы туралы нақты байлам болмаса да, академик Құрбан Аманиязов бұл құбылысты геосейсмикалық өзгерістермен байланыстырып өз тұжырымын білдірген болатын.
Жаһандық жылыну үдерісінің артуымен бірге жер шарының әр тұсында жердің жылжу, су тасқыны, таудың басындағы біз осы уақытқа дейін «мәңгілік жататын қар» деп түсініп келген сүр қардың еруі, тіпті мұзды мұхиттың бөлшектене бастауы – әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып отырған табиғаттың «төтенше жағдайы».
Жылынудың басты белгісі – Күннің қызуы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің құрғап, тартылып кету қаупін жоққа шығармайды. Ресей, Франция, АҚШ ғалымдары осындай байламға келіп, «Каспийдің солтүстік бөлігі 75 жылдан соң тартылып, жойылып кетеді» деген үкімдерін шығарып та қойды.
Каспий суының деңгейі соңғы 20 жылда жыл сайын 7см-ге төмендеп келе жатқанын ескерсек, ғалымдар болжамына қарсы шыға алмайсыз. Жылдан-жылға қызуы күшейіп келе жатқан жаһандық жылыну жағдайында бұл процесс жылдамдап, теңіз шегіне беретін сыңайы бар.
Теңіздің тезірек құрғауына оның тереңіндегі табиғи ресурстарға қызығып, мұнайын тонналап сорып алып жатқан қондырғылардың да зардабы тимей қоймасы анық. Қазіргі уақыттың өзінде теңіздің экологиялық жағдайы сын көтермейді, бұдан 40-50 жыл өткен соң, оған шомылу мүмкін болмай, жағалау елдерінің оны тек алыстан қарап тамашалуы мүмкін.
Каспийдің территориялық белдеу сызығы бойынша бөлінуін кешеуілдетуге әкелген басты кедергінің бірі де осы теңіз табанындағы мұнай қоры екені жасырын емес.
Осы уақытқа дейінгі жобаланып отырған жаңа сызық бойымен Каспий түбін бөлу кезінде Қазақстанға теңіздің 29,6%, Әзірбайжанға – 19,5%, Ресей Федерациясына – 18,7%, Түрікменстанға – 18,4%, Иранға – 13,8% тиесілі болса, бұлардың барлығы да теңіз асты байлығын өз халқының игілігіне пайдалануға құқылы және мұнайды көбірек игеруге мүдделі екені белгілі.
Каспий теңізінің ежелден сауда қатынасына айтарлықтай маңызы бар су жолы болып келгені көпке аян. Ал бүгінгідей алысың жақын болып отырған, сауда экономикасының қарыштаған заманында ортақ теңіздің Еуропа мен Азия арасына алтын көпір қызметін атқарып, сауда даңғылына айналып кеткені барлығына да тиімді жағдай туғызатын болады.
«Каспийлік бестіктің» экономикалық ықпалдастығын арттыру мәселесінде Қазақстан тарапы белсенділік танытумен келеді. Бұл ретте Н.Назарбаев Каспий маңы мемлекеттерінің тауарларын басқа елдердің нарығына жеткізу үшін транзиттік көпір ретінде «Каспий еркін сауда аймағын» құру туралы ұсыныс айтқан болатын.
АҚШ, Қытай сияқты ірі мемлекеттердің де Каспийді тиімді пайдалануды көздейтіні көпке белгілі. 2018 жылы мамырда Қазақстан Республикасы АҚШ-тың Ауғанстанға арнайы жүкті тасымалдау бағытын өзгерту туралы сұранысын қабылдап, «Қазақстан Республикасы аумағы арқылы арнайы жүкті транзитпен өткізуді коммерциялық жолмен қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойылды. Бұл заңға сәйкес арнайы жүк Әзірбайжаннан Ақтау, Құрық порттары арқылы Қазақстанға жеткізіліп, теміржолмен Сарыағаш, Келес және Бейнеу – Қарақалпақстан, Өзбекстан арқылы Ауғанстанға жеткізілетін болады.
Қазақстанның сауда қатынасы турасындағы бастамалары аймақтағы бірқатар жобалар арқылы жалғасын табуда. 2017 жылы 31 қазанда Қазақстан, Өзбекстан, Грузия, Түркия, Әзірбайжан басшылары «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол желісінің ашылуына қатысты.
Бұл – Азия мен Еуропаны байланыстыратын 21 ғасырдағы «Жібек жолының» маңызды дәлізі саналатын ұзындығы 846 шақырымға созылған темір жолмен 2034 жылға қарай 17 млн. тонна жүк тасымалданатын болады. «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол желісі арқылы Қытайдан шыққан тауар екі апта ішінде Еуропаға жеткізілетін болады.
Бүгінде заңды негізде бекіген тағы бір құжат – теңіздегі төтенше жағдайлардың алдын алу туралы келісім. Осы ретте теңіз жағасындағы елдердің басшылары маңызды мәселеге бірдей көзқарас қалыптастырып, ортақ шешімге келгені айтылған қауіптің алдын алудағы сәтті қадам деуге толық негіз бар.
2014 жылдың 29 қыркүйегінде Астрахань қаласында өткен саммитте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Осынша күрделі тақырыпты талқылау достық, өзара түсіністік жағдайында өтіп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын біз қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға осылай шыққан едік.
Бұл біздің елдеріміздің Каспий теңізіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге берік негіз қалады. Ендеше, негізгі принциптері келісілген құжат алдағы бірер жылда қабылдануы мүмкін»,– деген болатын.
Одан бері төрт жыл өте шығыпты. Көптен көкейтесті мәселеге айналып, 5 елдің жұртшылығын аударып отырған осы маңызы жоғары шешімнің түйінін түйер сәт киелі Маңғыстау топырағында тууы бек мүмкін.
Каспийдің құқықтық статусын бекітетін конвенцияның маңызы теңіз жағалауындағы елдердің қай-қайсысына да бірдей болғандықтан, осы құжатты заңды түрде бес мемлекет президенттерінің қолдарын қою арқылы бекіту – Ақтау саммитінің ең басты жеңісі болатыны сөзсіз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ