Былтыр 25 қарашада Теңгедегі темір жол өткелінде тепловоз бен «Газель» автокөлігі соқтығысқаны баршаға белгілі. Нәтижеде автокөлік ішіндегі 36 жолаушының 9-ы қайтыс болып, 27 адам зардап шегіп ауруханаға түсті. Содан кейін темір жол мен жолаушыларды тасымалдаушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің көптеген былықтарының беті ашылған. Мысалы, кәсіпкерлердің жолаушы тасымалдауына пайдаланып жүрген автокөліктерінің дерлік барлығының қауіпсіздік қағидаларына толық сай еместігі анықталған. 80-90 %-ы әбден тозған. Жүргізушілер мен кондукторлардың көпшілігі шетелдік азаматтар мен азаматшалар болғандығы анықталды. Әлгі «Газель»-ді де Қарақалапақстанда тұратын ерлі-зайыптылар басқарып жүрген көрінеді. Олардың жағдайы, біліктілігі, кәсіби шеберлігі, қарым-қабылеті есепке алынбаған. Көлікке қанша адам мінгізетіні, жол ережелерін сақтаған-сақтамағаны бақылаудан тыс қалған. Анығырағы ешкімді қызықтырмаған. Жеке кәсіпкерлер қалтасына түсетін ақшадан басқаға көңіл бөліп, бастарын қатырмаған. Бұлар да, бұлардан басқа да бақылауы, қадағалауы тиіс органдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері мұндай келеңсіздіктерді білсе де білмеген, көрсе де көрмеген болып жүре берген. Яғни, жауапкершілік өте төмен деген сөз. Соның кесірінен қатаң талап етудің орнына жайбаратқаттық жайлаған. Егер осындай қайғылы оқиға болмағанда, біраз адам зардап шекпегенде, жауапкерсіздік, бейғамдық, салғырттық сияқты «өлі тыныштықтың» әлі қаншаға созыларын кім білсін?
«Болары болып, бояу сіңгесін» алашапқын қайтадан басталды. Жолаушылар мен жолаушы тасымалдаушы көліктердің қауқарсыз жағдайы енді естеріне түскендей. «Жер қатты болса, өгіз-өгізден көредінің» кері көрінісі пайда болды. Әлгі апаттық жағдайдың болуына себепкер болғандар мен қате-кемшілік жібергендер жалғыз Жаңаөзеннен емес, Ақтау мен Астанадан да шығып жатты.
[caption id="attachment_59042" align="alignleft" width="179"] Компания жетекшісі Жомарт Шаймерденов[/caption]Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың шұғыл арнайы комиссия құрып, жедел жұмыс істеуінің арқасында қайғыдан қан жұтқан отбасылар мен зардап шеккен жандардың ата-ана, туған-туысқандары арқаларын асқар тауға тірегендей, қайғы-мұңдары аздап сейілгендей болды. Аймақ басшысы Жаңаөзенде жиі-жиі болып, жолаушылар мен жолаушы тасымалдаушы көліктердің жағдайын жақсартуға аса көңіл бөлді. Алматы облысындағы «Higer Quazar» («Хайгер Квазар») ЖШС басшыларымен ел алдында көзбе-көз кездесіп, жүзбе-жүз тілдесті. Нәтижеде өткен мамыр айына дейін Жаңаөзен қаласына жолаушыларды тасымалдау үшін 50 дана электробус алынатыны айтылды. Жаңаөзендіктер қуанғаннан ду қол шапалақтап, өңір басшысына құрмет көрсетті.
Айтылған электробустардың екеуі мамыр айын күтпестен, көп ұзамай жетіп келді. Олар қаладағы Бөкен базары мен Теңге ауылының аралығында жүретін №3 маршрутқа қосылды. Жаңадан келген затқа таңсық дүние ретінде қызығып та, қуанып та, таңданып та, тамсанып та қарайтын тұрғындарымыздың әуелден әдеті емес пе? Жүргенде дыбысы шықпайтын, жайлы көлікке ең болмаса бір отырып көруге ұмтылғандардың қатары қалыңдай түсті. Демек, электробус халыққа, әсіресе, Теңге ауылының тұрғындарына ұнады деген сөз.
Екі айдан соң әлгі электробустар Жаңаөзен қаласынан кенет көрінбей кетті. Жұрт оның себебін сан-саққа жүгіртті. Біреулер «Электробустар Жаңаөзеннің бейтегіс жолдарына жарамапты» деп уәж айтса, тағы біреулері билікке сенімсіздік білдіріп жатты. Шынында да қайсыбір адамның аузына қақпақ қоярсың. Әркім әртүрлі әңгімелерді айта береді.
[caption id="attachment_59041" align="alignright" width="319"] «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі” ММ басшысы Жүсіп Көккөзов[/caption]Сондықтан біз болған жағдайдың анық-қанығына көз жеткізіп, халыққа нақты ақпарат беру үшін «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі” ММ басшысы Жүсіп Көккөзовті әңгімеге тарттық.
- Облыс әкімдігі мен «Higer Quazar» ЖШС келісімі бойынша Жаңаөзен қаласына тесттік режиммен жүруге, екі ай мерзімге электробус алып келінді. Жалпы бұлар Қытайдан әкелініп, Қазақстанда құрастырылған. 55 адамдық. Соның 12 орыны отыруға арналған, 43 адам түрегеліп тұрады. Бұл облыс әкімдігі мен әлгі компания арасында жасалған келісім бойынша электробустар кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиеге беріліп, соған алынуы керек болатын. Осы екі ай жүрген кезде жолаушыларды тасымалдаушы кәсіпкерлеріміз жан-жақты қарап, таразылап, салмақтап көріп, пайдасыз екендігін сезіп, электробустардан бас тартты.
Электробустардың кәсіпкерлерге ыңғайсыз болған бірінші себебі - бұл электробустар белгіленген маршрутта екі рейс жасайды-дағы, үшінші айналымға қарағанда аккумуляторларын қуаттауға кетеді. Қуаттандыруға 50-60 минут қажет екен. Сонда күнделікті белгіленген уақытының үштен бірі аккумляторларын қуаттандыруға жұмсалады. Бұл аралықта жолаушылар да аялдамаларда көлікті елеңдей күтіп біраз уақыттарын жоғалтуға мәжбүр болады. Көздеген жеріне жылдам жете алмайды. «Уақыт – ақша» деп орыстар айтпақшы, әрбір минуты үнемдеулі кәсіпкерлердің қоры азаймаса, қалтасы қампаймады. Оның үстіне аккумуляторларды қуаттандыруға жұмсалған электр энергиясының құны да - ақша. Яғни, қалтасына салмақ түсіреді. Бұл біле-білген адамға қып-қызыл шығын екені айқын аңғарылып тұрған жоқ па? Екінші себебі - электробустардың бағасы қарапайым автобустардың бағасына қарағанда әлдеқайда қымбат. Бір электробустың құны шамамен 180 мың АҚШ долларындай тұрады екен. Оның үстіне өтемақысы тағы бар. Сол үшін қаламызға келген екі электробус екі айдан кейін бұрынғы «жылы ұясына», яғни дүниеге келген компаниясына қайтарылды.
- «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дегендей екен ғой. Енді не болады? «Көн қатып қалыбына барады» дегендей баяғы таз кебімізге қайта түсеміз бе?
- Жоқ, қайта түспейміз. Оның да жолдары қарастырылып жатыр. Кәсіпкерлер енді бұрыннан көзіміз үйреніп, сырмінез болған, қаламызға да, жолаушыларымызға да ыңғайлы «Хундай Комти» автокөлігіне тоқталып, облысқа соған сұраныс жасап отыр. Оның жалпы сыйымдылығы 23 адамға мөлшерленген. Бұл әлі толық шешілген жоқ. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің басшылығында республика бойынша қаралып жатыр. Осы комиссияның оқтын-оқтын отырыстары болып, бізге қаралған мәселелер бойынша жасақталған хаттамаларының көшірмелерін жіберіп отыр. «РБК» банк каspi банкке несие береді, ал ол кәсіпкерлерге береді. Кәсіпкерлер тиісті пайыздық мөлшерлемелерін kaspi банкке төлеп отырады. Сондықтан бұл автокөліктердің дәл қашан келетінін дөп басып айта алмағанмен, жылдың аяғына дейін толық болмағанымен, алғашқы легі Маңғыстауға келетін шағыр деп болжам жасап отырмыз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
Басты сурет inpavposad.ru сайтынан