Мұхитпен байланыспайтынына қарай әлемдегі ең үлкен көл деп саналып жүрген құрлық ішіндегі алып су айдыны көл ме әлде теңіз бе? Ақтау саммиті осы басты сұрақтың нақты жауабын беруі тиіс. Мәртебесін анықтау деп жүргеніміз де сол. Бектілген сол статусына қарай шекара бөлісудің тәртібі жөнінде мәмілелер жасалмақшы. Мейлі, теңіз болсын, мейлі көл болсын, Каспийді көздің қарашығындай қорғап, оның мол биоқорын аман сақтап қалу – бүкіл ғаламдық ауқымдағы адамзаттық мақсатқа айналуы тиіс дейді әлемдік экологтар.
12 тамызда Ақтауда өтетін V Каспий жағалауы елдері басшыларының саммитіне дайындық мәселелері жөнінде күні кеше Ақордада Елбасы арнайы кеңес өткізгені белгілі. Осы Каспий саммиті аясында Каспий теңізінің құқықтық режимін анықтау бойынша жүргізілген көп жылғы келіссөздерді аяқтау ең басты нәтиже болады деп күтілуде. Өткен жылдың желтоқсанында Мәскеуде өткен СІМ басшыларының саммитінде тараптар осы жолы қабылданбақшы конвенцияның мәтінін келіскені мәлім. Демек, «әрі тарт та, бері тартпен» 20 жылдан бері жыр болған теңіздің мәртебесін халықаралық құжатпен рәсімдеу мәселесіне біржола нүкте қоюдың сәті қасиетті Маңғыстау топырағында жасалады деген үлкен үміт бар.
Бұйырса, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен бұл басқосуға Әзірбайжан Республикасы Президенті Илхам Алиев, Иран Ислам Республикасы Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедов келіп қатысады.
Сонымен қатар саммит барысында Каспийдегі экономикалық, көлік, экология, қауіпсіздік бойынша қызметтестікті дамыту, т.б. көптеген мәселелер қаралмақшы. Саммит қарсаңында екі күн қатарынан теңіз жағалауы елдерінің Арнайы жұмыс тобының кеңесі мен сыртқы істер министрлерінің мәжілісін өткізу жоспарланған.
Халықаралық маңызы зор оқиғаның Қазақстанның бірден-бір теңіз қақпасы саналатын Ақтауда өтуі – тек маңғыстаулықтар үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін мақтаныш етерлік үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бес ел басшыларының бесінші рет бас қосуына байланысты шетелдік мәртебелі қонақтарды сән-салтанатымен күтіп алу, орналастыру, көп құрамды делегацияның бәріне бірдей жан-жақты жайлы жағдай жасау, қаланың көрікті жерлерін көрсету, саммитті ойдағыдай өткізу, меймандарды шығарып салу сияқты жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру елдігіміз бен бірлігімізге сын болады. Саммит өтетін шаһар ретінде қала көшелерін абаттандыру, әсіресе теңіз жағалауын жаңа құрылыстармен жасандыру жұмыстары күні-түні бірдей қызу жүргізілуде. «Бұлт келеді, кетеді, аспан мен жер орнында қалады» демекші, саммитті абыроймен өткізсек, жасалған құрылыстар, жасанған жағалаулар, жаңарған жолдар, гүлге оранған көшелер көз қуантып, көңіл сүйсінтер қала көркін құлпыртып өз орнында қала бермек. Бес ел басшыларының саммиті өтетін басты орталық – «Достық үйі» ғимараты мен оның төңірегі патша сарайына лайық жасандырылуда. Аймақ басшысының өзі бастап күн-түн демей сол дайындық жұмыстарының басы-қасында жүріп, әр жұмыстың ұсақ-түйегіне дейін тыңғылықты тындырылуын қатаң бақылауға алғанын көріп жүрміз.
Екі құрлықта жайғасқан бес елдің жағалауын шайып, қарайған халық ежелден несібе тауып отырған Каспий теңізін адамзатқа ортақ игілік ретінде пайдалану, шынтуайтына келгенде, бүгінгі таңда әлемдік саясат не экономикадан бұрын Табиғат пен Адамзаттың тікелей тіршілік тағдырына қатысты болып отыр. Күш біріктіріп шешетін проблема аз емес. Теңіз шельфіндегі мұнайды игеру үшін экологиялық қауіпсіздікке кепіл бола алатын заманауи инновациялық технологияларды пайдалану баршаға ортақ басты талап болуы тиіс. Ғалымдардың болжамынша Каспий теңізі табанындағы мұнай-газ қоры әлем бойынша екінші орында тұр. Бірақ «байлығың – сорың» демекші, оның экологиялық зардабынан гөрі адамдарды теңіздің түбін тескілеп мұнай-газды мейлінше өндіріп алу көбірек қызықтыратыны өкінішті. Теңіздегі еншімізді тезірек теңдей бөліп алуымыз керек деген ұстанымдағы елдердің тілегі айналып келгенде сол байлыққа тірелетіні ешкімге құпия емес.
Каспий теңізінің акваториясын, су айдынының бетін, табанын нақты сызып бөлу бойынша бір келісімге келу көп мәселенің түйінін шешеді. Онсыз теңіз астымен мұнай-газ құбырын тарту жоспары да жүзеге аспайды. Әр мемлекет өзіне тиесілі аумақтағы мұнай-газ қорын барынша тезірек игеруден үмітті екенін айттық. Осы уақытқа дейін мемлекеттер өзара екіжақты, үшжақты келісімдер жасау арқылы әрекет жасап келді. Сонымен бірге оның биоресурстарын да барынша сақтап, қорғау, тиімді пайдалану ортақ мүддеге сай келеді. Қазіргі есеппен ең үлкен үлесі бар, мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ Қазақстан Каспий теңізімен оңтүстік бағытта Иран арқылы Парсы шығанағына, солтүстік бағытта Ресей арқылы әлемдік су жолдарына шығуды, «Солтүстік – Оңтүстік», «Батыс Қытай – Еуропа» халықаралық дәлізінің игілігін көруді, аймақтағы өзіндік геосаяси орнын тиімді пайдалануды көздейді. Ақтаудағы теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту, Құрықтан жаңа паром кешенін салу, Баутин айлағын тиімді пайдалану Қазақстанның халықаралық жүк тасымалындағы әлеуетін арттырады. Осы теңіздің төңірегіндегі тірлікке алыстағы АҚШ та, қиырдағы Қытай да бекерден-бекер көз тігіп отырған жоқ. Демек, әлемдік саясатта өзіндік салмағы бар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтап алу осы аймақтағы бейбітшілік пен ынтымастықты, өзара сенім мен тиімді ықпалдастықты, халықаралық жүк тасымалы мен сауда-саттық байланыстарды одан әрі дамытуға қызмет ететін болады.
ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ
ВИЗАСЫЗ БАРЫС-КЕЛІСКЕ НЕ КЕДЕРГІ?
Кешегі аласат заманда аштық пен саяси қуғын-сүргіннен босқан Маңғыстау халқы Каспий теңізін жағалай жаяу-жалпылап бассауғалап кетті. Бір бөлегі су арқылы Мақашқала, Аштархан асса, көпшілігі берісі Түрікменстан, әрісі Иранға ауып барды. Әрине, жарығы таусылмағандар босқын елмен бірге сол елдерге әупірімдеп жетті, дәмі таусылғандар жол бойы аштықтан қырылып, сүйегі ит-құсқа жем болып кетті. Бұл - қасіретті тарих шындығы. Аман қалғандары барған жерлерінде күнелтістің қамын жасады: өндіріске кірді, теміржолшы, теңіз портында жүкші болды, атакәсібі - мал шаруашылығымен айналысты. Ал, білімді, сауаттыларының алды аудан, облысты басқарды, бала оқытты, кеңес жұмысына араласты, әйтеуір сол елдің өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты.
Түрікменстанның бүгінде Балқан уәлаяты деп аталатын бұрынғы Красноводск облысында және Ташауыз маңында шоғырланған қазақтар біртұтас Одақ құрамында болған кезде тарихи Отанымен байланыстарын үзген жоқ: жастары Қазақстанда білім алды, қазақша газет-журналдар жаздырып алып келді. Қазақтар сонау отызыншы жылдары Қарабұғаздан қазақ тілінде газет шығарды, ұлттық театр ұйымдастырды, Красноводск қаласында қазақ педтехникумы жұмыс жасады. Соғысқа дейін Түрікменстанның батысындағы мұнай-газ өндірісі саласында жұмыс жасап бастаған қазақтар Маңғыстау мұнайы игеріле бастаған өткен ғасырдың 60-жылдары атамекеніне оралып, сол кезде өте тапшы болған ұлттық жұмысшы мамандарының қатарын толықтырды. Өткен сексенінші жылдардың ортасы мен тоқсаныншы жылдары Түрікменстандағы қазақтар жаппай атамекені Маңғыстауға көшіп бастады. Ол көш күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.
Маңғыстау мен көршілес Түрікменстанның арасындағы көне замандардан қалыптасқан байланыс қазірге дейін үзілмей, сауда-саттық қатынасы, халықтың барыс-келісі жалғасып келе жатқанына тарих куә. Тоқсан жылдық тарихы бар Түрікменстандағы қазақ диаспорасы тұрғылықты жердің экономикасы мен мәдениетін көтеруге үлес қосумен қатар екі ел арасындағы достық пен тату көршілік байланысты нығайтуға қызмет етті. Атажұрт Маңғыстауына оралған сан мыңдаған қандастарымыздың сол елде ата-аналарының сүйегі, ағайын-туыстары қалды. Күні кешеге дейін Қазақстан мен Түрікменстан басшыларының келісімі бойынша шекаралас Атырау, Маңғыстау облыстары мен Балқан уәлаяты тұрғындарының екі араға визасыз бес күнге кедергісіз келіп-кетуіне жағдай жасалып келді. Алайда белгісіз себептермен соңғы бірнеше айдан бері екі арадағы қатынас тоқтап, шекараның жабылып қалуы халық арасында алаңдаушылық туғызып отырғанын айтуға тиіспіз. Қашаннан достық, ынтымақтастық байланысына сызат түспеген екі туысқан ел үшін де, қарапайым халық үшін де барыс-келістің кеңейіп, мәдени, сауда-саттық қатынастардың дамуы тек пайдасын тигізетіні сөзсіз. Сондықтан халықтың қалауын ескеріп, екі ел арасында визасыз келіп-кетуді жолға қоятын уақыт жетті. Осы Ақтауда өтетін Каспий жағалауы елдері басшыларының саммитінде негізгі теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесімен қатар екі ел басшысы жоғарыда айтылған шекара маңы аймақтары тұрғындарының визасыз қатынасын жолға қоюды арнайы келісімшарт арқылы бекітсе, халықтың алғысына бөленері сөзсіз.
Бұл бір топ ардагер ағалар арқылы жеткен Ақтау, Жаңаөзен қаласында тұратын мыңдаған тұрғындардың тілегі.
Кенже БӘЙІМБЕТ.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ НЕ ДЕП ЖАТЫР?
АБЫРОЙ ОРТАҚ!
Каспийдің тағдырын талқылау үшін 5 мемлекеттің президенттері бас қосқалы жатыр. Әлемге ықпалы бар алпауыт елдердің бірінші тұлғалары анау – мынау емес Ақтауға келеді. Қай қала 5 президентті бірдей қабылдап еді? Бес басшымен бірге 500 адам сырттан келуі мүмкін. Бұл қала үшін ғана емес ел үшін мәртебе болайын деп тұр.
Үйге қонақ келетін болса не істейміз?
- Үй ішінен бастап сыртын да тазалап, жылтыратуға тырысасың; - Келген қонақ жақсы пікір айтып кетуі үшін жаманыңды жасырып, жақсысын асырып қоясың; - Сынық кесеңді лақтырып, бүтінін шығарасың; - Әктейтін жеріңді әктеп, әрлейтін жеріңді әдемілейсің; - Бірдеңе бүлдіріп қояр деген күдікпен үйдің еркесін бақылап отырасың немесе түпкі үйге кіргізіп ойыншықтарымен алдарқата тұрасың. - Қонақ кеткенше құрметіңді байқатып, жақсы дүниеңді көрсеткің келеді. - Қонақ кеткеннен кейін үйің тап-таза, дастарханың жайнап қала береді.
Ақтау да біздің үйіміз секілді. Ендеше, қонақты құдайдай сыйлап, қол ұшымызды берейік. Абырой ортақ!
Әсет Нұров, Ақтау қаласы
НЕСІБЕЛІ БАСҚОСУ БОЛСЫН!
Несібелі басқосу болсын деп тілеймін. Ақтаудың табалдырығын аттайтын әрбір қонақ - өз елінің ұлы, дүниеге танымал тұлғалар. Қадамдары құтты болсын. Ойлары, іс әрекеттері бір жерден шығып, Каспий шын мәнінде достықтың, бақыттың теңізіне айналсын. Сапар бейбітшілік қазығын нықтайтын болады деп сенемін. Маңғыстаулық ұйымдастыру тобы саммитке ойдағыдай қызмет көрсетіп, Елбасының сенімін ақтауға, өлкеміздің жақсылығын асыруға қызмет ете беріңдер. Үлкен міндет. Қонақ аз отырады, көп сынайды. Шараның өтетін орны кездейсоқ таңдалды демеймін. Алдымен ел тәуелсіздігінде ата-бабамыздан бастап күні бүгінгі xалқы ерен еңбек сіңірген өлке. Әулиелі жер. Теңіздің тағдыры - біздің тағдырымыз. Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен, Ұлы Жібек жолының бойы. Ол жұрттың ішінде жоғарыдағы елдердің де ата-бабалары болған. Шаруаның оңтайлы бітуін ата-бабалар руxы қолдасын. Түйін табылсын. Облыс басшысына - Ералы Ұлықпанұлына сәттілік жолдас болсын! Аман болайық. Бәрі жақсы өтсін. Бала-бажырлықты қойып, бір тілекте болайық. Ақ жол!
Айкүміс Досанова, Түпқараған ауданы
ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТСІН ДЕГЕН ТІЛЕК БАР
Ақтауда 12 .08.2018 жылы Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммиті өтеді.
Басты мәселе: Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеу және Каспий жағалауындағы елдердің экономикалық қарым-қатынасын жақсарту туралы болмақ.
Біздердің Ақтауға келген қонақтарымызды салтанатты түрде қарсы алып, саммитті жоғары деңгейде өткізіп, елімізге пайдалы шарттарға қол жеткізіп, қонақтарымызды абыроймен шығарып салсақ деген ақ тілегіміз бар.
Бәрімізге Алла жар болсын!
Ел тәуелсіздігі баянды болсын!
Жәнібек Қожық,Онды ауылы, Маңғыстау ауданы
(ФБ парақшаларынан алынды)
Материалдарды дайындаған Мұрат ЖЕТЕКБАЙ