Каспий теңізі – оның жағалауы арқылы жалғасып жатқан бес мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік тіршілігінде орасан зор рөл атқарады. Ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке 1200 шақырым, ені 400 шақырымды қамтитын алып су айдыны жағалауында 15 миллионнан астам халық мекендейді.
Теңіз жағалауы ежелгі өркениеттің тарихи ескерткіштері мен осы аймақты мекендеген әралуан халықтың ұлттық құндылықтары сақталған ежелгі мекен.
Осы тұста, 1979 жылы облыстық жастар одағында қызмет жасап жүрген кезеңде алғаш рет “Каспий – достық теңізі” халықаралық жастар фестивалін Ақтауда өткізгеніміз еске оралады. Осыдан кейін осы үрдіс теңіз жағалауының басқа аймақтарында да өткізіле бастады.
Теңіз жағалауын мекендейтін елдердің ортақ теңіз мүмкіндігін, оның биоресурстарын пайдалануды реттейтін қағидалары бұрыннан қалыптасқан. Каспий теңізінің қазіргі мәртебесін анықтау Кеңес Одағы тарағаннан кейін туындаған болатын. Оған дейін Каспий мәселелері КСРО мен Иран мемлекеттері арасында 1940 жылы қабылданған келісімшартқа негізделген еді.
1992 жылдың сәуір айының 25-29 аралығында Иранның солтүстігіндегі Ноушехр қаласында Каспий бассейні мемлекеттерінің “ХХІ теңізде бірлескен іс-қимыл жүргізу халықаралық конференциясына” Қазақстан делегациясын басқарып қатынасуға жол түскен еді (Ол кезде мен Маңғыстау облысы басшысының орынбасары едім). Әуелі Бакуге ұшақпен, одан әрі Иранға дизель апара жатқан тасымал кеменің 8 орындық каютасында Әзірбайжан делегациясымен бірге Ноушехрге жеткенбіз.
Бұл Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тәуелсіз мемлекеттер өкілдері мен Иранның қатысуымен өткен бірінші жиын екені атап өтілгені есімде.
Тағы бір есте қалғаны, Ресей конференцияға Тегерандағы консулы В.И. Борисовты қадағалаушы етіп жібергені, яғни ол конфереция қабылдаған қорытынды хаттамаға қол қойған жоқ. Бес күнге созылған жиында Иранның теңіз жағалауы порттарының қызметімен, экспорттық әлеуетімен таныстық. Каспий жағалауы порттарына кеме қатынасын, сол арқылы пассажир, тауар тасымалдау ісін жолға қою, теңіздің ластануын зерттеу, оны таза сақтау, кеме апаттары кезінде теңізшілерді құтқару және апатқа ұшыраған кемелерге көмек беру, теңіз порттарының инфрақұрылымын кеңейту, тәжірибе алмасу және теңізшілер мен порт қызметкерлеріне техникалық оқу ұйымдастыру және т.б. мәселелер талқыланды.
Сонымен бірге теңіз хал-ахуалын (экологиясын) сақтау ортақ іс-қимылымызға айналуына баса көңіл бөлінді. Балық аулау квотасын ендіру қажеттілігі, жаңа мүмкіндіктерге сәйкес теңіз туризмін дамыту, шекарадан жеңіл өтуді ұйымдастыру, сауда қатынасын кеңейтуге жол ашу және кеден жұмысын жеңілдету мәселелері де конференцияға қатынасушылардың назарынан тыс қалған жоқ.
Бірақ осы кезде Каспий теңізінің табанында жатқан мол қазба байлықтарын игеру, теңіз айлағында кеме жүзу тәртібін реттеу және теңіз түбін экономикалық бөлу т.б. маңызды мәселелер конференция күн тәртібінде болған жоқ.
КСРО-ның ыдырап, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы теңіз жағалауы мемлекеттері арасында жаңа келісімшарттың қабылдануы қажеттілігін туғызды.
Сондықтан теңіз айдынының жаңа заманауи құқықтық режимін қалыптастыру, табиғи-биологиялық ресурстарының сақталуын қамтамасыз ету, Каспий теңізін бірлесіп пайдалану, игеру мәселелері теңіз жағалауы мемлекеттерінің назарынан түскен емес.
“Каспий бестігі” атанған, Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Иран мемлекеттері басшыларының кездесуі бүгінде дағдыға айналды. Елбасы Н.Назарбаев әрбір кездесуде Каспий теңізінің әділ құқықтық режимін орнатудың қажеттілігін айтып келеді. Ол өз кезеңінде Каспий өңіріндегі халықаралық ынтымақтастықтың берік құқықтық іргетасын қалайтыны сөзсіз.
Өткелі отырған Ақтау саммитінен Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін біржолата айқындайтын конвенция қабылданады деген үміттеміз.
Бұл құжатта Каспий теңізінің түбін бөлу принципі, әскери кемелердің өту тәртібі, Каспий иеңізінің түбі арқылы құбыр желісін салу, келешекте осы конвенция талаптарының орындалуын қадағалайтын тұрақты мониторинг жасау және т.б. маңызды құрамдары туралы жақында өткен баспасөз конференциясында айтылғанын білеміз.
Әрине, теңіз төңірегіндегі мемлекеттер үшін өте маңызды бұл келісімшарт жобасының қаралуы ұзақ жылдарға созылып келеді.
Осыған қарамастан, Каспий табиғи ресурстарын тезірек игеру мақсатында 1998 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан мен Ресей теңіздің өздеріне тиесілі деп есептейтін солтүстік бөлігінің ара-жігін бөлуге келісім жасап, 2002 жылы мемлекетаралық келісімді хаттамамен бекіткен болатын.
Осындай келісім Қазақстан мен Әзірбайжан арасында да 2003 жылы хаттамамен бекітілген. Сол жылы Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан арасында теңіз түбін бөлу мәселесін айқындайтын келісім жасалғанын білеміз.
Бұл құжаттар теңіз түбіндегі мұнай-газ кенорындарын игеруге құқықтық тұрғыдан мүмкіндік береді.
Каспий табиғи ресурстары әлі де толық зерттеліп болған жоқ. Соның өзінде теңіздегі мұнай қоры 5,1 млрд. тонна, газ қоры 8 триллион текшемелерді құрайтыны айтылады. Мамандардың болжамына сәйкес теңіздің Қазақстан бөлігінде және оған жалғас структураларда мұнай ресурсы 4,5 млрд. тонна құрайды деген де деректер бар.
Осындай жағдайда әрбір ел өзінің ұлттық мүддесін, өз несібесіне ие болуын ойлайтыны сөзсіз.
Каспий теңізінің ортақ құқықтық мәртебесін біржолата реттеу теңіз жағалауы елдерінің іскер топтары үшін, олардың өзара тиімді экономикалық байланыстар орнатуына мүмкіндік береді.
Президентіміз Н. Назарбаевтың басты құжат қабылданғанға дейін де “Каспий еркін сауда аймағын” құру туралы ұсынысы осыны көздеген болатын. Еліміздің транзиттік даму стратегиясына сәйкес “Солтүстік – Оңтүстік, ТРАСЕКА, Қытайдың Ляньюган порты – Қорғас – Ақтау порты’’ желілері қазірдің өзінде іске қосылып отыр. Батыс Қытай – Батыс Еуропа автокөлік жолы мен Қазақстан, Түрікменстан және Иран арасындағы теміржолдың іске қосылуы мол мүмкіндіктер ашады.
Бұл жерде біздің ұстанымымыз, Н. Назарбаев айтқандай, “Қазақстанның аумағын ірі еуразиялық іскерлік және транзиттік хабқа айналдыру”.
Жаңа инфрақұрылым Каспий маңы мемлекеттерінің тауарларын бірінші кезекте Қытайға, одан әрі Шығыс Азия елдеріне жеткізуге транзиттік көпір бола алады.
Жоғары деңгейде өтетін Саммитте Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігіне де маңыз беріледі деп ойлаймыз. Өткен жылдарда осы бағытта бірқатар хаттамалар да қабылданған болатын.
Эколог мамандардың дерегі бойынша, Солтүстік Каспий жағалауының ластанған аумағы 194 мың га, өткен жылдар ішінде төгілген мұнайдың мөлшері 1 млн. тоннадан асады деп көрсетілген. Теңіз суындағы улы қалдықтар мөлшері рұқсат етілген шектен жоғары екені анықталған. Бұл тікелей теңіз суында тіршілік ететін жануарлар мен өсімдіктердің жойылуына әкеледі. Бұрынырақта бекіре балықтары өнімінің 90 пайызы Каспийде ауланатын, қазір оның өнімі өте төменгі деңгейде. 2006 жылы Каспий теңізінің Бозашы түбегі аймағында итбалықтар мен балықтардың қырылу фактісі болғанын және оның бірнеше рет қайталанғанын да білеміз.
Теңізде мұнай өндіру Әзірбайжанда ертерек басталса, теңіздің бізге қарасты солтүстік бөлігіндегі “Қашаған” кен орнында мұнай өндіру қарқынды жүруде. Жылдан-жылға оның көлемі ұлғая бермек.
Осындай жобалар Каспий теңізінің басқа бөліктерінде де іске асырылатынын, болашақта теңіз түбі арқылы құбырлар желісі тартыла бастайтынын ескерсек, теңіз экологиясына басты назар аударылуы тиіс.
Мұхитпен астасып жатқан АҚШ-тың Мексика шығанағында “Бритиш Перолеум” компаниясының қондырғысында орын алған апаттың сол аймаққа қандай экологиялық қиындықтар әкелгені туралы білеміз. Апат салдарын жоюға 20 миллиард АҚШ доллары жұмсалды. Табиғатқа әкелген зияны аз болған жоқ. Егер осындай көлемдегі апат Каспий теңізінде орын алатын болса, теңіз айдыны өз табиғи күшімен залалсыздандыра алмайтыны, бұндай жағдай теңіз экожүйесіне қасіретін тигізетін орасан апат болуы ықтимал.Осындай апаттардың алдын алу үшін де бес мемлекет тарапынан бірлескен іс-қимыл керек.
Ғылыми тұжырымға негізделген халықаралық эукологиялық мониторинг жүргізіп анықтайтын, қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақтанған, апаттардың неден болғанын шұғыл анықтай алатын ортақ мемлекетаралық ғылыми – зерттеу орталығын жасақтау да Саммит күн тәртібінде қаралады деп ойлаймыз.
Каспий теңізінің қойнауындағы мол ресурстар – бұл аймаққа бүкіл әлемнің назарын аударып отыр. Мұнда шоғырланған мұнай мен газдың мол қорын игеру үшін орасан зор қаржы жұмсалуда, халықаралық ережелерге сәйкес игеру жұмыстары басталып та кетті.
Сондықтан өткелі отырған “Каспий бестігі” Саммитінің, оның күн тәртібіне кіретін мәселелердің қаралуы мен қабылданатын шешімдерінің маңызы өте зор.
Зейнулла АЛШЫМБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
Маңғыстау облысының құрмет азаматы
СУРЕТТЕ: Каспий жағалауы мемлекеттерінің 1-ші конференциясында. Сол жақтан бірінші Қазақстан делегациясының басшысы З.Алшымбаев. Иран. Ноушехр, 1992 ж.