©
12 тамызда Ақтау қаласында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан мен Иран президенттері бастаған бес ел делегациясы қатысатын саммит өтеді. Осымен бесінші рет өткізілетін Каспий самитінде Каспийдің құқықтық мәртебесі анықталады деп күтілуде. Айта кетерлігі, Каспийдің құқықтық мәртебесі осы кезге дейін екі елдің – Кеңес Одағы мен Иранның арасында жасалған келісіммен реттеліп келді. Кеңес үкіметі тараған кезде Каспий жағалауында оның орында бірден 4 мемлекет пайда болды – Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан және Ресей. Осылайша, енді Каспий теңізін екі елдің емес, 5 елдің арасында бөлу мәселесі күн тәртібіне шықты. Каспий өзінің биоресурсымен және экожүйесімен ерекшеленеді. Каспийде қызыл балықтың әлемдік қорының 90%, қызыл кітапқа енген өсімдіктердің 20-дан астам түрі шоғырланған. РКФСР мен Иран арасындағы 1921 жылғы 26 ақпандағы және КСРО мен Иран арасындағы 1940 жылғы 25 наурыздағы келісімдермен бес мемлекет арасындағы кеме қатынасы мен балық аулау режимі анықталған. Бірақ бұл құжаттарда кен игеру және табиғат қорғау мәселелері реттелмеген. Ал есептеулер бойынша Каспийде мұнай мен газконденсатының ресурсы 18-20 миллиард тоннаға жуықтайды. Сондықтан Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау оның энергетикалық ресурсын игерумен де тікелей байланысты. Жылдар бойы Каспийдің жағалауындағы бес мемлекет оны теңіз деп санау керек пе, әлде көл деген дұрыс па деген мәселеге бас қатырып келеді. Өйткені Каспийдің табиғи байлығы мен су айдынының қалай бөлінетіні оның көл немесе теңіз деп танылуына байланысты. Егер Каспий теңіз деп танылса, оның шекарасы құрлықтағы шекарасының ұзындығын есепке ала отырып анықталуы тиіс. Осылайша, Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау үшін бес елдің басшылары алғаш рет 2002 жылы Ашхабадта өткен саммитке жиналды. Ол кезде ортақ келісімге келе алмай, арада 5 жыл өткен соң Тегеранда Екінші саммит ұйымдастырылды. 2010 жылдың қарашасында бес елдің басшылары Бакуде бас қосты. Осыдан 4 жыл бұрын Астраханьда төртінші саммит өткен болатын. Алайда алғашқы төрт саммитте де Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойылмады. Әзербайжан Каспийді делимитациялау БҰҰ теңіз құқығы жөніндегі халықаралық конвенциясына (1982 жылғы) сәйкес жүргізілуі, яғни теңіздегі шекараны әрбір мемлекеттің құрлықтағы шекарасын орта сызыққа дейін созу арқылы анықтау қажет деген ұстанымда болды. Қазақстан да 1982 жылғы БҰҰ теңіз құқығы жөніндегі халықаралық конвенциясын басшылыққа алып, теңізді орта сызық бойынша бөлуді ұсынады. Өйткені Каспийдің қазақстандық бөлігінде көмірсутегі қорының мол көлемі орналасқан. Ал Ресей Федерациясы теңіз түбін ғана құрлықтағы шекараға сай жетілдірілген орта сызық бойынша белгілеп, ал айдынды ортақ пайдалану керек дегенді алға тартады. Түрікменстан көп жағдайда айқын ұстанымда болмады. Ал Иран Кеңес үкіметі тараған уақыттан бері теңізді теңдей 20%-ға бөлу керек деген ұстанымда келеді. Өйткені Каспийді әр мемлекеттің құрлықтағы шекарасына сай межелеп бөлсе, Әзербайжанның Каспийдегі үлесі 19,5%, Ресейде – 18,7%, Қазақстанда –29,6%, Түрікменстанда – 18,4%, Иранның үлесі 13% болып қалуы мүмкін. Соған қарамастан, күні бүгінге дейін қалған төрт мемлекет өзара мемлекеттік шекарасын белгілеп, өз аумағында кенорындарды игеруге кірісіп кетті. Мәселен, 2003 жылғы Қазақстан, Ресей мен Әзербайжан арасындағы Каспий теңізі түбінің шектес учаскелерін межелеп бөлу сызықтарының түйісу нүктесі туралы келісім жасалды. 2014 жылғы Қазақстан мен Түрікменстан арасында Каспий теңізінің түбін Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында бөлу туралы келісімге қол қойылды. Дегенмен, ортақ келісімге келу үшін соңғы бірнеше жылда Каспиймаңы елдері Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеумен айналысты. Былтыр жыл соңында, яғни 2017 жылғы 5 желтоқсанда Мәскеуде бес елдің Сыртқы істер министрлері конвенция жобасының мәтінін келісті. Бес елдің СІМ басшылары басқосуда Каспий теңізінің түбі мен жер қойнауын бөлу, аумақтық және iшкi суларда жүзу режимi, Каспий теңiзiнің түбiмен суасты құбырларды жүргізу, теңіздер мен әлем мұхитына еркін қол жеткізуге қатысты мәселелерді қарастырды. Сол кезде ҚР СІМ басшысы Қ. Әбдірахманов «Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып, Каспий жағалауы мемлекеттерінің ынтымақтастығына жаңа серпін береді», – деп атап өткен еді. «Әзербайжан СІМ баспасөз хатшысы Хикмет Гаджиев қорытынды құжат бойынша барлық мәселелер келісілгенін айтты. Ол Каспий мемлекеттерді бөлмеуі, керісінше аумақты дамытудағы ортақ мүдде төңірегінде біріктіруі тиістігін атап өтті», - деп хабарлады күні кеше Интерфакс-Азербайжан. Бұған дейін РФ СІМ басшысы Сергей Лавров та бес елдің Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның негізгі ережелері бойынша келісімге келгенін айтқан болатын. Оның айтуынша, құжаттың мәтіні қол қоюға дайын. Ал бұл тарихи құжатқа Ақтауда өтетін Бесінші Каспий саммиті шеңберінде қол қою көзделіп отыр. Айтып өтейік, саммит өтеді деп белгіленген 12 тамыз - 2008 жылдан бері Халықаралық Каспий теңізі күні ретінде атап өтіліп кетеді.Камшат ОҢҒАЛТАЙ