©
Биыл 1 қаңтардан бастап пластмасса, макулатура, картон және қағаз қалдықтары мен шыны қалдықтарын полигонға көмуге тыйым салынды. Енді қалдықтар қайда жиналады, жинау, қайта өңдеу қалай жүргізіледі? Осы және өзге де сұрақтарды Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбековке қойдық.Полигон дегеніміз не?
Полигон – тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) изоляциялау, сақтау, зарарсыздандыру мен көмуге бағытталған арнайы табиғат қорғау құрылысы. «Ол тұрғындардың санитарлық-гигиеналық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бір немесе бірнеше елдімекен үшін 20-25 жылдай мерзімге бір салынады. Елдімекендерден, су қорғау зоналарынан, өзен алқаптарынан, рекреацияларық зоналардан 500 метрден, санитарлық қорғау аймағынан шамамен 3 шақырымнан, ауылшаруашылық егістік жерден және транзитті жолдардан 200 метрден, орман алқабынан 50 шақырымнан кем емес орналасуы қажет», - дейді Д.Құсбеков. ТҚҚ полигонына қабылданатын көмілетін өндірістік қалдықтардың ылғалдылығы 85 %-дан аспауы керек. Қалдықтар жарылғыш, өздігінен жанғыш болмауы шарт. Сұйық және қоймалжың қалдықтар ТҚҚ полигонына қабылданбайды. Полигонға орналастырылған қалдықтардың түрі мен мөлшері және Қалдықтарды тасмалдаушы мекемелер міндетті тіркеліп отырады.Біздің облыста қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Қазір тұрғындар арасында ТҚҚ түрлеріне қарай бөлек жинауды кеңінен енгізу, қайта өңдеумен қайта кәдеге жарату, ТҚҚ полигонының заманауи инженерлік әдістерін енгізу көзделуде. «Сонымен қатар ТҚҚ тиімді, заманауи игеру, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартуға, бюджет қаражатын үнемді пайдалануға жұмыстандық. Инвестор тарту – бұл аймақты дамытудағы нақты қадам. «2018 жылы сәуірден бастап «GLOBAL EСOSORT» ЖШС «Көктем» МКК-ның ТҚҚ полигоны учаскесіне қуаттылығы жылына 50 мың тонна ТҚҚ сұрыптау желілерін өз қаражаты есебінен орнатып, іске қосты. Қысқа мерзім ішінде 14 659 тонна қалдықты іріктеп Өзбекстанға жіберіп отыр», - деген басқарма басшысы мұның қоқысты сұрыптап жинағаннан өзге тиімді тұсы – экспорттың нәтижесінде түскен таза пайдасының 20 пайызы салық ретінде бюджетке түсетінін айтты. Сондай-ақ 2018 жылы желтоқсан айында Мұнайлы ауданы Басқұдық елді мекенінің іргесінде орналасқан «АктауТазаҚала» ЖШС қуаттылығы жылына 50 мың тонна қалдықты сұрыптау станциясын іске қосқан. Тестілеу режимінде 3 683 тонна қалдықты сұрыптаған. «Олар қағаз қалдықтарын Алматы қаласына, пластиктерді Ресейге шығарып жатыр. Бұл фирманы да инвестор ретінде бағдарламаға енгіздік, - дейді Дүйсен Темірұлы. - Аталған екі станция қала және жақын маңда орналасқан барлық елді мекендердің қоқыс тасмалдайтын компанияларына қызмет көрсетуге мол мүмкіндігі бар, яғни «Көктем» МКК полигонына жылына 54 мың тонна ТҚҚ тапсырылса, екі сұрыптау станциясы жылына 100 мың тоннаға дейін қалдықтарды сұрыптай алады. Жаңаөзен қаласында да 2014 жылы комбинат пайдалануға берілген. Ол жылына 50 мыңнан 80 мың тоннаға дейін қалдық өңдей алады. «Полигонның жанына салынған комбинаттың арнайы 5 желісі бар. Желілерде бір мезгілде 25 адам жұмыс істейалады. Қалдықтарды сұрыптайды. Сол жерде тығыздау машиналары тұр. Одан бөлек шыққан полиэтилендерді кесіп, жоңқалап, пайдалануға дайындап қояды. Айта кетейін, бұл жердегі желіні беларусьтік мекеме қойған. Екі желісі істемей тұрды. Оны осы ақпан айында іске қосамыз. Ол пластиктерді гранула қылып шығарады. Яғни зауыттарға дайын шикізат болып барады», - деген Д.Құсбеков түрлі диаметрдегі пластик құбырлар шығару туралы жоспарын да жеткізді. Сондай-ақ құрылыс материалдарын дайындайтын цехты да жандандыру үшін инвестор тарту көзделген. Былтыр «Caspiy Opereiting» қалада өз қаржысымен заман талабына сай, эстетикалық бағыты бар контейнер орнатқанын жазғанбыз. Олар қоқыс толғанда диспетчерге хабар беретін, от тұтанғанда сөндіретін тетіктерімен ерекшеленеді. Басқарма басшысы тұрғындардың жаңа контейнерлерге қоқысты жүйелеп салу мәдениеті қалыптасқанын, мәселе жоқтығын айтады. Қазір контейнерлер қатарын көбейту жұмыстары жүріп жатыр.«Өндiрушiлердiң (импорттаушылардың) кеңейтiлген мiндеттемелерi операторы» ЖШС
Бүгінде республикада «Өндiрушiлердiң (импорттаушылардың) кеңейтiлген мiндеттемелерi операторы» ЖШС жұмыс істейді. 2016 жылы 1 қаңтарда Үкіметтің Қаулысымен құрылған. «Серіктестікпен біз былтырдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Айта кетерлігі, бұл ұйым әкімдікке тікелей көмек бере алмайды. Ол ТҚҚ-мен айналысатын (жинау, шығару, өңдеу, кәдегеасырумен) жекелеген фирмаларға көмектеседі. 1 ақпан күні «ӨКМ орераторы» ЖШС-нің өкілі Ақтау қаласына келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оған облыстағы өнім өндірушілер мен импорттаушыларды, ТҚҚ-ды жинау,тасымалдау қызметімен айналысатын 50-ге жуық мекемені шақырдық», - дейді Д.Құсбеков.«ӨКМ операторы» ЖШС-нің бағыты қандай?
«ӨКМ операторы» ЖШС ТҚҚ кәдеге асыруды, тасымалдауды, өңдеуді, пайдалануды және кәдеге асыруды ұйымдастыру, екінші шикізатты алу қызметтерін жүзеге асырады. Негізгі мақсаты – қалдықтарды пайдалану тиімділігін арттыру және жаңартылмайтын табиғи ресурстардың тұтынылуын азайту арқылы тұрақты өндірістік-тұтыну жүйелерін дамыту. Яғни елімізде өндірілген және шет елден әкелінген тауарлардың ыдыстары, қораптары босаған соң, олар қайта өңдеуге жатады. Әкелінген тауардың көлеміне байланысты әр мекеме серіктестікке мөлшерлеме төлейді. Жиналған қаржы қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату (контейнерлер, қалдықтарды жинайтын көлік, тығыздайтын құрылғы алуға, қабылдау пункттерін ашуға) бағытына жұмсалады.Бұл қаражатты мекемелер қалай алады?
«ӨКМ операторы» ЖШС мемлекеттік сатып алу конкурс арқылы тендер жариялайды. Конкурс ақпан айының соңында немесе наурыз айында өтеді, оған өңірдегі ТҚҚ-мен айналысатын жекеменшік мекемелер қатыса алады. Жеңімпаз атанған жағдайда серіктестік оған қаржы бөледі. Ол қаражат қалдықтарды игеруге жұмсалады», - дегенді айтты Д.Темірұлы. Қалада қалдықты бөлектеп жинап, қайта өңдеумен айналысатын 6 фирма бар: «ItProfServis» ЖШС, ЖК «EcoWeste Aktau», «Қала жолдары» ЖШС, «Жер-Ана Group» ЖШС, «Caspiy Opereiting» ЖШС, ЖК «Есимов».Тариф бағасы
Елбасы былтырғы жолдауында тарифке қатысты мәселе қойған еді. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 20-1-бабының 3-тармағына сәйкес, аталған тарифтер өндiрушiлердiң (импорттаушылардың) кеңейтiлген мiндеттемелерi операторымен бiрлесiп әзірленуі қажет. «Бұл тарифке не кіреді? Қалдықтарды жинау, полигонға тасымалдау, қайта өңдеу, кәдеге жарату және көму. Тариф арнайы әдістемеге сәйкес, қалдықтарды жинау, тасымалдау және көму қызметтерімен айналысатын мекеменің өткен жылғы шығынымен есептеледі. Қазір осы уақытқа дейінгі тарифті төмендету жағын қарастырып жатырмыз. Ол ақпан айындағы сессияда бекітіледі. 5-10 пайызға арзандайды. Нақты айтсақ, Жаңаөзен қаласында 195 теңге болса, қазір 185 теңгеге, Мұнайлы ауданы 140 теңгеден 60,36 теңгеге түсіріліп жатыр», - деді басқарма басшысы.Өңірге қандай техника қажет?
«Былтыр «KazWaste» Қазақстандық қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне және Энергетика министрлігіне екінші адресатты «ӨКМ оператор» ЖШС-н қойып, облыс әкімі орынбасарының және өз атымыздан хат жібердік. Хатта ТҚҚ-мен айналысатын қазір облысымызға қажетті техникалардың бағыттарын көрсеттік. Облысымызға тұрмыстық қатты қалдықтарға байланысты 20234 контейнер қажет. Екінші мәселе – қабылдау пункттерін көбейту. Қазір облыста 5 пункт бар. Полигонға қалдықты тастамайтындықтан, қабылдау бекеттерін көбейту қажет. Сондай-ақ тасымалдау жұмыстарына 63 техника, 15 қайта тиеу, 18 қалдықтарды сұрыптау бекеті, 2 қалдықтарды гидравликалық тығыздау құрылғысы қажет. Бұл айтылғанның бәріне өткенжылы тапсырыс бердік», - деді Дүйсен Темірұлы. Бірақ «ӨКМ операторы» ЖШС өкілі аталған қажеттіліктерді алу тек мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы ғана жүзеге асырылатынын айтты. «Сондықтан ақпандағы конкурсқа біздің фирмаларымыздың барлығының қатысуын қамтамасыз етеміз. Әрқайсысына жекелеген ұсыныстарымызды айтамыз. Кім көлік алады, кім контейнер алады, кім желі қояды деген секілді бағыттарға бөлеміз», - дедібасшы. Қазір облыстың солтүстік аудандары Бейнеу, Түпқарағанда шағын желілер қою жоспарланған. «Ол үшін бюджеттен біраз қаржы қажет болады. Полигон дайындай беру біздің мақсатымыз емес. Бір полигон шамамен 300-400 млн теңгенің айналасында. Қазір облыста 8 заң талабына сәйкес полигон бар. Олар ТҚҚ-дан бөлек қалған биомассаны төгуге толық жеткілікті», - дейді Д.Құспеков. Бұған дейін сайтымызда қалдықтар кәдеге жаратылса, полигон салу қажеттілігі азаятыны жөнінде басқарма басшысының сұқбаты жарияланған болатын. Жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес қоқыстарды өңдеу көрсеткіші 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жетуі тиіс. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Төкенов алдағы уақытта зиянды қалдықтардың онлайн бақыланатынын айтқан еді. Өткен жылы ЖК «EcoWeste Aktau» жоғары сынып оқушылары арасында конкурс жариялап, 1000 тонна қағаз қалдығы мен пластик бөтелке жинаған балаға планшет берді. Қалада өздерінің бірнеше қабылдау пункттері бар. «Сонымен қатар жасөспірімдер арасында қалдықтардың пайда болуы мен қайта кәдеге жаратылуына дейінгі сатыларына экскурсия жасау арқылы бейнеролик түсіріліп, басқарма сайтына және барлық әлеуметтік желілерге таратылды. 2019 жылдың 30 қаңтарында Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен Мұнайлы ауданы Батыр ауылындағы №10 мектепте "Балалар мен жасөспірімдер арасында туристік , өлкетану және экологиялық жұмыстарды дамыту мәселелері" тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Бұл бағытта балалардан бастап осылай тәрбиелесек, көшеде артық бөтелке, қағаз жатпайды деп ойлаймын», - дейді Д.Құспеков. Осы жылдан бастап «Эко аула» жобасы іске аспақшы. Тұрғын-үй қорына бөлек жинақталған қалдықтарға кәсіпкерлер ақы төлейтін болады. Төленген қаражат тұрғын үйдің қажеттіліктеріне жұмсалады. Сондай-ақ аудан орталықтарында тұрғындарға бөлек жинақталған қалдықтар үшін ақы алынбайтын болады. Халық арасында экологиялық білім мен тәрбие беруді жетілдіру мақсатында Басқарма басшылары пресс-конференциялар өткізіп, басшылар мен қызметкерлердің қатысуымен телехабарларлар жүргізілген. Айта кетейік, 2018 жылы полигондарға облыс бойынша 182 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналған. Оның 22874 тоннасы қайта өңделіп, сұрыпталып, тапсырылған.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА