Естеріңізде болса, былтыр 25 қарашада Теңгедегі темір жол өткелінде тепловоз бен «Газель» автокөлігі соқтығысқан еді. Нәтижеде автокөлік ішіндегі 36 жолаушының 9-ының өмірі қиылып, 27 адам зардап шегіп, ауруханаға түсті. Бұған кінәлі деп осы темір жол өткелінің сол күнгі кезекшісі Есентемір Танауов қамауға алынған болатын. Содан бері тергеу амалдары жүргізілді. Істің ақ пен қарасы анықталды. Өткен жұма күні Жаңаөзен қалалық сотында осы оқиғаға қатысты сот үкімі шықты. Сот процесіне сотталушының жақын-жуықтары мен адвокаты, сондай-ақ жәбірленуші-лердің, яғни апат кезінде қайтыс болғандар мен мүгедек болып қалған жандардың ата-ана, тума-туысқандары немесе заңды тұлғалары қатысты. Қалалық соттың судьясы Махамбет Толтанов қағазға жазылған үкімді біраз оқып, көптеген құпияның бетін ашты.
Жалпы қазақта «Берушіге – бесеу көп, алушыға – алтау аз» деген сөз бар. Сол айтылғандай кісінің көңілін табу оңай емес. Біреулер жасалып жатқан көмектерді азсына ма, әлде ұмытып кете ме білмедім, әйтеуір өзгелерді кінәлағанда алдына жан салмайды. Реті келсін-келмесін, кез келген кісіге орынсыз талап қойып, жабыса беруді әдетке айналдырып алғандар кездеседі. Әрине, бұл – жараспайды. Себебі әртүрлі сала мамандарының өзіне тиісті құзіреті, атқаруы тиіс міндеттері бар екенін естен шығармаған абзал. Олардың бәрі заңмен бекітілген. Бірақ дегенмен қайғылы оқиғаға біздің де қабырғамыз қайыспай қалмады. Сондықтан өткен жылдан бері осы оқиғаның басы-қасында болып, жалпақ жұртқа анық-қанығын жариялап келеміз. Өйткені ойламаған жерден болған апаттан біраз адам көз жұмды. Олардың бірқатары - әр үйдің үкілі үміт артып отырған он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей ұл мен қыздары. Ал арманның асқарына құлаш ұрып келе жатқан жігіттер мен жасөспірімдердің өмірлік мүгедек болып қалуы кімді болса да қиналдырып, көкірегін қарс айырады. Мұңлы, шерлі ата-аналардың зарына құлақ салсаң, жұбатарға сөз таппайсың.
Оқиға болған мезеттегі жаңаөзендік жігіттердің адамгершілігіне, ауызбіршілігіне, азаматтық істеріне тәнті екендігімізді былтыр да айтқан болатынбыз. Олар қаумалап келіп «Жедел жәрдем» мәшинелері жетемін дегенше зардап шеккен жандарды өлі-тірісіне қарамай, қолдарына түскен ескі-құсқы шалша, ленолеум, брезентке салып, жол жиегіне шығара берді. Жығылып жатқандардан ең бірінші шығарғаны – тепловоз бен «Газель» соқтығысқанда бір аяғын пойыз жұлып кеткен қызбала болды. Ол сол кезде бізге ересек жандай болып көрінген. Ауруханаға барғасын оташылар жарамсыз болған екінші аяғын да кескен. Сөйтсек, ол – Динара Тынымбай деген 10 жасар мектеп оқушысы екен. Осы жылы қаңтар айында Теңге ауылы әкімінің тұрғындармен кездесіп есеп беруі кезінде осы Динараның әжесі көзіне жас алып тұрып, немересінің жағдайын айтып, биліктен көмек сұраған болатын. Енді, міне, сот басталып, үкім шығар алдында оның бізге анасы Галия Еңсегенова жолығып, қызының қазіргі кездегі жағдайын айтып берді.
- Біздің есепшотымызға былтырғы құйылған 500 мың теңге ақшадан басқа көмек берілмей жатыр. Айтпақшы, «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалы қызыма коляска алып берді, - дейді Динараның анасы. – Ал «ҚТЖ ҰК» АҚ-қа өкпеміз қара қазандай. Олар көмек бермек түгілі, қызымның жағдайын сұрап бір рет те келмеді. Тек оқиға болған кезде биліктің кейбір өкілдері қайғылы оқиғаны науқанға айналдырып, жәй ғана алашапқын қылған секілді. Олай дейтін себебім, осы қызымның денсаулығы үшін бір емес, талай 500 мың теңгеміз кетті. Ақтауда ауруханада жатқан кездері дәрі-дәрмектердің бәрін қалтамыздан қаржы шығарып, екі-үш есе қымбатына сатып алып отырдық. Қажетті маздардың да бағасы аспандап тұр. 10 мың теңгеге сатып алған жаялықтың өзі екі-үш күннен әріге аспайды. Қызымның аяғына протез жасатып береміз деген. Ол да әлі жоқ. Негізінде протезді 3 жылда бір рет жаңартып, ауыстырып отыру қажет дейді. Себебі жас бала жылдан-жылға өседі, бой жетеді. Оған біздің отбасылық жағдайымыз қайдан жетсін? Биылғы протезді «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылары алып береміз деген. Жыл ақыры жақындасып қалды, әлі алып берер деген үміттеміз. Өйткені қызым далаға шыққысы келеді, қатар-құрбыларын, көршілерді көргісі келеді, табиғатты тамашалағысы келеді. Қанша айтқанмен былтырдан бері үйден шықпай отырған жасөспірім бала ғой. Дегенмен Құдайға шүкірлік етуден танбаймыз. Кем-кемнен қызымның аяғының жарасы жазылып, зардабы басылып келе жатыр. Бірақ өмірлік мүгедек болып қалғанын ойласам қабырғам қайысып, ішкен асым бойыма тарамай, өзімді қоярға жер таппаймын. «Тепловоз бен «Газель» соқтығыспаса қызым мұншалықты ауыр азапқа тап болып, өмірлік мүгедек болып қалмас еді» деген сияқты шым-шытырық ойлардың ұшы-қиырына жете алмаймын. Сол үшін «Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қызыма өмір бойы қамқорлық жасауы тиіс деп есептеймін.
- Шынында да, «ҚТЖ ҰК» АҚ түк те көмек беріп жатқан жоқ. Соның кесірінен, қызметкерлерінің өз істеріне салғырт қарайтын жауапсыздығынан туған інімнің 18 жастағы Бекарыс Досжанов деген тепсе темір үзетін баласы 1-топтағы мүгедек болып қалды, - дейді Базар Достанова. – Қазір көзі көрмейді. Жиі-жиі қалтырап-дірілдеп қалады. Тамақты қасықпен өзіміз ішкіземіз. Сондықтан «ҚТЖ ҰК» портал аштырып, Астанадағы, Ақтөбедегі оңалту орталықтарына жолдама беріп, емдетіп берсін. Жалпы біз інімізбен бірге тұрамыз. Сондықтан Бекарыс жастайынан «әжелеп» маған бауыр басып кеткен. Үйіміз Теңге ауылындағы АТП-да темір жолдың іргесінде. Баламыз сол апаттан кейін пойыздың дүрсілдісін естісе тез-тез қалтырап-дірілдеп қала беретін болды. Сол үшін Жаңаөзен қаласының әкіміне арызданып, бір бөлмелі пәтер алғанмын. Сол пәтердің кілті қолымызда, әлі күнге дейін құжаты жоқ. Яғни, дайын емес. Біз кіруге асыққанмен, қалалық әкімдіктегілердің асығатын түрі жоқ. Уақыт өткен сайын берген уәде сиырқұйымшақтанып, ізі жоқ болып кете ме, деп қобалжып жүргеніміз де рас.
Міне, сол апаттан зардап шеккендердің қай-қайсысының ата-ана, ет жақындарымен әңгімелессеңде осындай проблемларды алдыңа көлденең тартады. Тіпті кейбірі бұрыннан жөндеусіз тұрған үйлерін жөндетіп беруді, бұрыннан жұмыссыз жүрген жанұя мүшелерін тұрақты жұмысқа орналастырып беруді талап етеді. Мүмкін, онысы да дұрыс шығар. Дегенмен бәрі заң шеңберінен шықпауы тиіс.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Классика қалай жазылады?Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Махамбет Толтанов Үкімді оқығалы келгенде онша үлкен емес залдың ішіндегі иін тірескен жұрт орындарынан тұрып, сілтідей тынды. Абыржыған жұрттың риза болмағаны бет әлпеттерінен байқалады. Сонда да үкім оқылып біткенше сабыр сақтады. Судьяның сөзіне қарағанда 1960 жылы қаңтарда Түрікменстанның Мары облысында туылған, Қазақстан азаматы Есентемір Танауовтың қанында этиль спиртінің болғандығы анықталған. «ҚТЖ ҰК» АҚ Маңғыстау магистральды желісі бөлімшесінің бастығы Мархабаев 2017 жылдың 23 қарашасы күні Е.Танауовтың ұялы телефонына қоңырау шалып, жұмысқа шығу керектігін айтқан. Яғни, біреудің орнына жұмысқа шыққан сияқты. Әрине, өмір болғасын, тіршілік, тұрмыс болғасын біреудің біреу орнына жұмысқа шығу, орнын алмастыру сияқты оқиғалар бола береді. Бірақ өкінішке орай, Мархабаев жұмысқа шығу жөніндегі Танауовтың жазбаша келісімін алмаған. Сол сияқты өкім немесе бұйрықпен қабылдамаған. Дәрігерлік сараптамадан да өткізілмеген. Тіпті Танауовтың спирттік ішімдік ішіп шыққандығына ешкім мән бермеген. Нәтижесінде шлагбаум жабылмай, ішін жолаушыларға сықита толтырған «Газель» ескертуші жол белгілеріне бағынбай, жан-жағына мұқият қарамай, темір жолдағы тепловозбен соқтығысып, орыны толмас қайғылы жағдайға ұшырап, 9 отбасының басына қара жамылдырып, көптеген жанның мүгедек болып қалуына себепші болды.
Жаңаөзен қалалық сотының судьясы ҚР Қылмыстық Кодексінің 344-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, Есентемір Танауовқа осы баппен темір жол саласында қызмет атқару құқығынан 3 жыл мерзімге айыру және 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмендетілген мекемесінде өтеу белгіленді. Осы кезде «Заң әлсіреді ме, әлде адамның құны кеміді ме?» деген күңкілділер де естіліп қалды.
Сондай-ақ азаматтық талап арыздарды ішінара қанағаттандыру мақсатында «ҚТЖ ҰК» АҚ жәбірленушілер Балдыр Кенжебекованың пайдасына 500 мың теңге, Сәуле Есболованың пайдасына 3 млн теңге, Расул Жолжігітке 3 млн теңге, Сәндібек Жаңабаевқа 3 млн, Сисенбай Сейітовке 3 млн, Бекболат Тоғызбаевқа 3 млн, Түгелбай Қартбаевқа 3 млн 500 мың, Артықбай Әбішовке 4 млн, Галия Еңсегеноваға 7 млн және Базар Достанованың пайдасына 7 млн теңге моральдық шығын өндіруге міндеттелді. Үкім күшіне енгеннен кейін азаматтық талап арыздарды өз еркімен орындау үшін «ҚТЖ ҰК» АҚ-қа екі ай мерзім белгіленді. Егер осы талап арыздарда көрсетілгендер орындалмаған жағдайда мәжбүрлеп орындатуға жіберілсін деген үкім шығарылды.
Үкім шыққаннан кейін судья М.Толтанов БАҚ өкілдеріне бүгінгі жағдай туралы түсінік берді. «Есентемір Танауовқа 5 жыл мерзім аз емес пе?» деген журналистердің сұрағына судья «Е.Танауовтың бұрын сотты болмағандығы және жасының ұлғайғаны есепке алынды» деп жақауратты.
- «ҚТЖ ҰК» АҚ бойынша былтырғы қайғылы оқиғаға жалғыз Есентемір Танауов кінәлі болып тұр ма? Сонда темір жолда басқа айыптылар болмаған ба? – деген сұрағымызға судья. – ҚР Қылмыстық Кодексінің 371-бабы бойынша басқа бөлектенген іс бар. Кодекстің 344-бабы бойынша Е.Танауовты кінәлі деп танып отырмыз. «Газель» автокөлігінің жүргізушісін ақталмайтын негіздермен қайтыс болуына байланысты қылмыстық ісін қысқартқан. Бұл іс сотқа дейін тоқтатылған. Сондықтан ҚРҚК-нің 371-бабы бойынша басқа кінәлілерге жұмыс беруші, яғни «ҚТЖ ҰК» АҚ тиісті шараларын қолданатын болады, - деген жауап алдық.
Әйтсе де жәбірленушілер соттың бұл үкімімен келіспейтіндіктерін ашық айтып жатты. Өздерінің 15 күн ішіндегі заңды құқықтарынан пайдаланып апелляциялық шағым жазамыз деп уағдаласумен тарқады. Соған қарағанда бұдан он ай бұрын болған қайғылы оқиғаға бүгінгі сот үкімі соңғы нүктені қойды деуге ертелеу сияқты.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, ҚР Журналистер Одағының мүшесі