©
Облыс әкімі Е. Тоғжанов жүргізген жаңа жылдағы алғашқы аппарат мәжілісінде негізгі екі мәселе бойынша басқарма басшыларының есебі тыңдалып, содан өрбитін біраз жағдаяттар сөз болды.
Кадрлық ауыс-түйіс
Алдымен әкім кадрлық ауыс-түйіс туралы айтып, көпшілікке жаңа басшылар мен өзінің кеңесшісін таныстырды. Сонымен, осы күнге дейін басшының міндетін атқарушы болып келген Серік Қалдығұл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып бекітілсе, Әсел Балманова – облыс әкімінің кеңесшісі, Бауыржан Қайратұлы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының басшысы, Ербол Бақтиярұлы Омаров «Қазавтожол» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директоры болып тағайындалды.
Облыс бюджеті 99,3 %-ға орындалған
Облыстық қаржы басқармасының бастығы М. Әлбекова өткен жылдың қорытындылары туралы есеп берді. Облыс бюджетінің кіріс бойынша жоспарланған 337,9 млрд. теңгенің орнына нақты 335,6 млрд. теңге жиналған, яғни орындалысы 99,3 %-ды құраған. Еліміздің аймақтары арасындағы жоспарды орындау бойынша шығарылған рейтингіде облысымыз соңғы орында тұр.
Мемлекеттік кіріс департаменті нақты ахуалды бақылай алмай отыр деп сынға алған облыс әкімі, базарларда бағалар жазылып қойылмайтындығын, сауда нүктелері мен букмекерлік кеңселер санының дәлме-дәл анықталмағандығын, базар сөресіне түсетін еттің қайдан келетіндігі белгісіз екендігін айтып, кірісті молайтуға қатысты бақылауды күшейту жөнінде жауапты тұлғаларға ескертулер берді. Бюджет қаржысын игеруде жіберілген кемшіліктері үшін бірқатар басшыларға сын қамшысы тиді. Ал, қаржы басқармасы басшысы аудан, қала әкімдеріне қаржыландыру бойынша биылғы жоспарды тапсыратын соңғы күні осы күн екендігін ескертті.
Жекешелендіру жыры бітпейді...
Мемлекет иелігінде болып келген кәсіпорындарды бәсекелі ортаға беру, оларды басқарудың тиімді жолын табу мақсатында 20 (оның 16-сы коммуналдық, 4-і ӘКК) нысан жекешелендіру үшін аукционға шығарылған. Былтыр алты нысан жекешелендіріліп, «Каспий» футбол клубы сенімгерлік басқаруға берілген. Қаланың тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын атқаратын, құрамында 1000-нан астам адам еңбек ететін Ақтаудағы «Қала жолдары» және Жаңаөзендегі «Тазалық» мемлекеттік коммуналдық мекемелерін, «Каспий-Берекет» ЖШС-ін сатып алушы табылмауына байланысты жекешелендіру өтпеген. Бұл мекемелердің тағдыры алдағы уақытта белгілі болмақшы...
Денсаулық сақтау саласының келешегіне қатысты
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т. Бапиев осы саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары жөнінде баяндады. Биылғы жыл басындағы есеп бойынша өңірімізде 240 дәрігер маман жетіспейді. Туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты халық саны жыл сайын артып келеді. Осындай жағдайларды ескере отырып сапалы медициналық қызмет көрсету, жұмысты дұрыс жоспарлау, кездесетін проблемаларды шешудің алдын ала жолдарын қарастыру, орталық ауруханалар мен ауылдық амбулаториялар желісі мен құрылымын жаңғырту, қызмет сапасы бәсекеге қабілетті жекеменшік медмекемелерді қолдау мәселелері бойынша біраз сауалдарды алға тартты аймақ басшысы.
Жалақы көбейді – жауапкершілік те артады
Жиын соңында аймақ басшысы жаңа жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өскендігін және сонымен бірге оларға жүктелетін жауапкершілік те, қойылатын талап та күшейетіндігін еске салып, жалпы жергілікті билікті басқару жүйесінде түбегейлі өзгерістер жасау көзделіп отырғандығын мәлім етті. Облыс әкімдігінің өзінде іс қағаздарын жүргізуде көп кемшіліктерге жол берілгендігін айтқан аймақ басшысы, жаңа тағайындалған кеңесшінің негізгі міндеті халықтың арыз-шағымдарын уақытылы қарап, нақтылы шешімімен жауап беру, құжат айналымын реттеуді тәртіпке келтіру екендігін ескертті.
М. ҚУАНЫШҰЛЫ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46005,46004,46006"]