©
Мұнайлыда аудан әкімінің орынбасары Б.Біләловтің төрағалығымен өткен жиында аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасының мониторингі және бақылау бөлімінің 2017 жылы атқарған жұмыстарының, сондай-ақ «Мұнайлы аудандық азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік қызметтер сапасына жасаған мониторингінің есебі тыңдалды.
Басқосуға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Ж.Маршакұлы, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы "ХҚКО" департаментінің аудандық бөлімінің басшысы А.Жұпбанова, ауыл әкімдері, бөлім басшылары мен қызметкерлері, білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасының мониторингі және бақылау бөлімінің басшысы Р.Мұғалова 93 мемлекеттік қызмет түрі бойынша барлығы 584 586, оның ішінде қағаз түрінде – 58% (2016 жылмен салыстырғанда 14,9% төмендеген), мемлекеттік корпорация арқылы – 31,2% (2016 жылғыдан 8,4% өскен), E-gov порталы – 10,8% (2016 жылғы көрсеткіштен 6,5% артық) қызмет көрсетілгенін айтты. Нәтижесінде ең көп қызмет көрсеткен аудандық білім бөлімі (21674), жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (13 462), Батыр ауылдық округі әкімінің аппараты (2 252) болған.
Кеңестің екінші кезеңінде "Мұнайлы аудандық азаматтық бастамасы" қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі А.Қошжанова мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерге "жасырын тұтынушы" әдісімен жүргізілген қоғамдық бақылаудың нәтижесімен таныстырып, түсірілген бейнетаспаларды көрсетті. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Ж.Маршакұлы халықтың жаңа жүйемен жұмыс жасау мүмкіндігін арттыру жөнінде атап, қызметтегі сыбайлас жемқорлыққа жол беру қаупін жойып, тұрғындарға қызмет көрсету реттілігін және оның сапасын арттыру, әкімшілік кедергілерді қысқарту, ашықтықты қамтамасыз ету қажеттігін айтты. "Мемлекеттік қызметшілер "E-gov" порталы арқылы электронды қызмет алуды ең бірінші өздерінен бастау керек", - деді ол.
Жиын соңында ішкі бақылау нәтижесінде өрескел қателіктерді жіберген мекеме басшыларына, мемлекеттік қызмет көрсететін жауапты мамандарға және қоғамдық мониторинг бойынша анықталған кемшіліктерге қатысты сөз алған аудан әкімінің орынбасары, осындай олқылықтар қайталанбауы үшін "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" ҚР Заңы мен оның орындалысын жүзеге асыру мақсатында қабылданған нормативтік құқықтық актілері талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алу туралы тапсырма берді.
Шахида ЖҰМАН